Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мен білетін Тыныштық аға - АРҚА АЖАРЫ

Мен білетін Тыныштық аға

Жаттығы жоқ жақсылар-ай! Біз көрген, бізді өмірге жетелеген, жүрегімізде ұялаған сіздер де азайып барасыздар. Осы сөзім бір өзі Көкшетаудың ірісі де, серісі де бола алған Тыныштық ағама да қатысты. Алдымен, жаны жаз, көңілі төгілген саз еді. Егер музыкадан кәсіби білімі болғанында, еліне берері бергенінен де асып түсері ақиқат еді. Соның өзінде табиғи дарыны жарқырай көрініп, көпшілік көңілінен шыққан қаншама әннің авторы атанып үлгерді.

Туған елін, туған жерін әнімен тербеп, жырымен әлдилеген Тыныштық аға нағыз халықтың өз ортасынан шыққан тума талант болатын. Неге екенін, осы кісі туралы ойлағанда менің ойыма асқан әнші Еркін Біржанов ағамыз да оралады. Екеуінің де тағдыры бір-біріне ұқсас. Ауылда қарапайым мамандық иесі бола жүріп, өнермен аты шыққан, өнермен биікке көтерілген тұлғалар. Ең сүйсінерлігі, осы қасиеттерімен екеуі де елінің құрметтісі. Ең өкініштісі, екеуі де бұл күнде арамызда жоқ.
Сол жағы жүрекке мұң ұялатады. Көзі тірісінде Тыныштық ағамен кездесе қалсаң, тұла бойынан ізгіліктің, ақжарқындықтың ақ самалы ескендей көрінетін. Анадайдан аңқылдап келе жатады. Бұл – саған деген көңілінің тазалығы, әрине.
Осы күні жадыңда жүрген жақсылар жайлы сөз қозғаймын десең, оның бір алтын арқауын сол адаммен қарым-қатынасыңнан, жүздесулерден іздейсің. Бұл бұрыннан келе жатқан қағида болса керек. Расында, мұндай байланыссыз кейіпкерің туралы не айтуға болады?! Мен де күнделікті өмірде Тыныштық ағаммен көп кездестім. Бірде асығыс, бірде сапарлас дегендей, тірінің тіршіліктегі қиыр-шиыр жолы екеуімізді әр жылдары, әр кезеңде талай табыстырған екен.
Сондайда ең бірінші болып кішіні бауырға тарту қасиеті осы Тыныштық ағамның бойынан көрініс беріпті. Сол алғашқы жүздесу сонау 1985 жылдың бедеріне алып тартады. Онда мен облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің шалғайдағы Ленинград, Ленин және Қызылту аудандарындағы меншікті тілшісі болып тағайындалып, сол жаққа жаңа ғана барған бетім. Жолым редакция тапсырмасымен «Айсары» кеңшарына түсе қалды. Бұл сапардан бір олжам, осы ауылда «Қарлығаш» балалар өнер мектебін ашып, домбырашылар мен жас айтыскер ақындарды тәрбиелеп жатқан жергілікті композитор Тыныштық Шаменов ағаммен танысып, түннің бір уағына дейін сырласып шықтым. Сондағы мені шаруашылық кеңсесінен қоярда-қоймай үйіне алып барып қонғызғаны, сол кездің өзінде жұрт көңілінен шығып жүрген бірталай әндерін тыңдатқаны әлі күнге дейін ұмытылмай көкейімде жүрсе, ол ненің күші?! Әрине, асыл ағаның адамгершілік, азаматтық қасиетінің.
Көзі тірісінде ән жазудың ұңғыл-шұңғылын, талап-деңгейін жақсы білетін кәнігі мамандар мен көпшілік қауымнан жоғары бағасын алған тума таланттың өнердегі жетістіктері туралы баспасөз бетінде талай дүниелердің жарияланғаны аян. Сол жолғы сапарымда мен ағаның әсем әндерінен шет қала алмаған мен де осы тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қалам тарттым-ау деймін. Өзіміз куә болған небір алқалы жиындарда Айсары ауылының азаматтары тік тұрып шырқайтын, бүгінде іргесі сөгілген осы елді мекеннің көңіл жұбанышы да, кешегі көзайым қуанышы да болып келе жатқан «Айсары әуендері», жаныңды жастықтың жалын күндеріне жетелейтін «Сол бір кеш» әндері, тағы да ондаған әндер әнші, ақын, композитордың өзі шоғын қыздырған шабытының, шығармашылық ізденісінің жемісі дер едік.
Осы отырғанда, жаратқан иеміз бір басына осындай сан қасиетті берген Тыныштық ағаның айтыс ақыны болғандығы да, ел, жер тарихын зерттеп, оны «Айсары-Шорман» поэмасы мен өзі өмірінің соңғы жылдарын өткізген Аймақ ауылы жайлы кәделі кітапқа айналдыра білген қара сөздегі еңбегі де «соны айт» дегендей, көкейде қылаң бере түседі. Сол «Қарлығаш» өнер мектебінің елге берген игілігі, республикалық деңгейдегі белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин мен өзінің қызы, осы күнгі танымал журналист-ақын Ұлмекен Шаменованы тәрбиелеп шығаруы еді. Соңыңнан жолыңды қуған өз ұрпағыңды ерту оңай емес. Егер солай бола берсе, әрқайсымыздың да қалам ұстаған бір-бір ізбасарымыз көңілімізді демдей түспес пе?! Әрине, алғашқы шарапат Алладан, одан соң Ұлмекенін де осы жолға өзі баптап, өзі салғаны анық. Кей-кейде редакцияға соғып, хал-жағдайын біліп кеткенде де, бойынан осы бір бауыр еті – баласының тағдыры мен болашағына әке жауапкершілігі ерекше сезіліп тұратын.
Өнерде, қоғамдық өмірде қаншама ауызға аларлықтай еңбегі бар болса да «мен сондаймын, мен мұндаймын» деген адам емес еді Тыныштық ағамыз. Одан да үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей көңіл жарастығы, аңқылдаған әзіл-қалжыңы басым болатын. Сонысына қарай өз қатары, мәдени, әдеби орта да ол кісіні жақсы көрді, сыйлады. Еліне қарай көшіп келген соң, ауылдастарына сөзін өткізе жүріп, бұрынғы Октябрь ауылының Аймақ ауылы атануына бір кісідей еңбегі сіңді. Бұл – біле-білгендерге Тыныштық ағамыз, басқа да ел азаматтарының күш-жігерімен тындырылған үлкен шаруа еді. Себебі, бұл арада әңгіме осы өңірге кезінде жер бөлісі мәселесімен келген Сәкен Сейфуллиннің өзі құрған Аймақ ауылдық Кеңесінің атауы өшіп қалмай, арада қаншама уақыт өткенде қайта жаңғыруында болып отыр.
Осынау бір ер тұлғалы, жаны жайсаң азамат ата-баба жолымен келгенде осы Аймақ ауылымен іргелес біздің Даңқой еліне де бөтен емес, жиен еді. Сондықтан, Ортақпен аралас-құраластығын бала кезімізден-ақ ара-тұра көзіміз шалып, көңіліміз түстеп қалатын. Тыныштық ағаның нағашыларына деген сол ақ адал ниеті бертін де өзгермеді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығында еліміздің үлкені Сәбит Мұқанов ағамыздың арнайы шақыруымен ауылда өткен салтанатты шараға қатысып, сөзін осы жолдардың авторы жазған «Ортағым менің» әнін орындады. Ел-жұрт жақсы қарсы алып, иығына халқымыздың ежелгі салтымен шапан жапты.
Ағамен шығармашылық байланысымызға келсем, ол кісімен бірлесіп «Ақселеу ауылым» әнін жазғанымыз да ойыма оралады. Бір жолы Көкшетаудан біраз өнерпаз бар, бұрынғы Чистополь, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының «Ковыльный» кеңшарына жолымыз түсті. Сол кезде өндірістік кооператив болып қайта құрылып жатқан шаруашылық басшысы, іскер азамат, Тыныштық ағаның жерлесі Серік Налаев ауыл атын өзгертемін деп, арнайы ән жазып беруге қолқа салған екен. Әлгі ән көпшілік көңілінен шығып, осы ізгі ниет жолындағы ағайындарды дүр сілкіндіргендей болды.
Иә, кешегі өнердегі үлкендеріміздің жалғасы Тыныштық Шаменовтың өзінің сырлы сазды әнімен, ақындығымен айналасына тигізген пайдасы, ортамызға сыйлаған рухани қазынасы аз емес. Мол деуге тұрарлық. Бұған әрине, кейбір жиын-тойда аға туындыларын өзімен бірге тамылжыта шырқап, көңіліміздің төрінен орын алған Сабира тәтеміздің де қосқан үлесі зор екені анық. «Орнында бар оңалар» дейді халқымыз. Аймақ ауылындағы өзі тұрған көшеге ағаның есімі беріледі деген ақжолтай хабар да жетіп жатыр құлағымызға. Ылайым солай болсын. Бір іреніш, бір қуаныштың өзі осы. Көз алдымызға ән биігіне самғаған Тыныштық Шаменовтың қимас бейнесі қайта-қайта келе береді…

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар