Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік тіл үшін әркім жауапты - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік тіл үшін әркім жауапты

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, туристік саланы дамытудың жол картасын таныстыру және спорттық федерациялар құру мәселелері қаралды.

Ақмола облысында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші кезеңі, яғни, 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіліп келе жатқандығы жайлы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы М.Қ. Жақыпова хабарлама жасады.
Мемлекеттік тілді меңгеру осы бағдарламаның бірінші бағыты. Бұл бағдарлама бойынша қазақ тілін балабақшада, мектепте, орта және жоғары оқу орындарында, сонымен қатар, тілдерді оқыту орталықтарында ересек адамдарға мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту арқылы іске асырылуда.
Қазір мектепке дейінгі 600 мекемедегі бүлдіршіндердің 60 пайызы қазақ топтарында тәрбиеленеді. 2011 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 пайызға артты. Былтырғы жылы ашылған 23 балабақша мен шағын орталықтың ішіндегі мемлекеттік тілде тәрбие беретін 15-ін қосқанда қазақ тілді мектепке дейінгі мекеме саны 249-ға жеткен көрінеді.
Қазіргі уақытта облыста 159 таза қазақ мектептері, 219 аралас мектептер бар. 2017-2018 оқу жылында облыс бойынша жалпы орта білім беретін 565 мектептердің , соның ішіндегі 159 қазақ мектебі мен аралас мектептердегі қазақ сыныптарындағы оқушылар 48 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бұдан бес жыл бұрын 41,8 пайыз болатын. Қазақша сыныптарда оқитын оқушылар саны 7 пайызға өсті. Бұл күндері мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбиеленіп жатқан 22 мыңнан астам бала бар. Күні ертең олар да қазақ мектептерінің оқушылары болары да сөзсіз.
Көкшетау қаласындағы 4 жоғары оқу орнының үшеуінде білім қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде беріледі. Нақтап айтар болсақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік университет студенттерінің 59, Абай Мырзахметов атындағы университет студенттерінің 35,5, Көкшетау техникалық институты курсанттарының 52,4 пайызы мемлекеттік тілде оқып, білім алып отыр. Ал, студенттерінің 70 пайызын қазақ жастары құрайтын Гуманитарлық-техникалық академия-
да мемлекеттік тілде білім беретін бір де бір факультет жоқ. Облыстағы 38 колледждерде оқитын студенттердің 29,3 пайызы ғана қазақ тілінде білім алып жатыр. 2011 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 8,3 пайызға артқан да көрінеді.
Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейтудің екінші, қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтерудің үшінші және Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамытудың төртінші бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттердің барлығы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтылған негізгі ойлармен орайлас жүргізілетін болады.
Ақмола-Көкшетау өңіріндегі туризмді дамытуға соңғы жылдары айрықша мән беріліп келеді. Осы мәселе жайлы облыс әкімінің кеңесшісі М.Иғалиев хабарлама жасады. Ол туристік саланы дамытудың жол картасын таныстырды. Бұл істің өңірді дамытудағы маңызы айрықша болары сөзсіз. Өйткені, қазір әлем бойынша туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғандығын ескерсек, соңғы жылдары Бурабай курортты аймағын дамыту ісі де жедел қолға алынып отыр. Бұл бағытта курортты аймақтың барлық нысандарының қысы-жазы пайдаланылуын қамтамасыз ету басты міндет етіп белгіленді.
Аппарат кеңесінде қысқы Олимпиада ойындарына қатысушылар жайлы және Спорт федерациялары кеңесін құру жөнінде облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н.Патюткина хабарлама жасап, мұның спорттың жекелеген түрлерін дамытуға септігін тигізерін айтты. Осы орайда, алда құрылатын федерациялар жайлы ақпарат берілді.
Аппарат кеңесін қорытындылаған облыс әкімі М.Мырзалин өңірде мемлекеттік тілдің қолданылуына көңілі толмайтындығын айтты. Бұл бағытта әлі де ойланарлық мәселелер бар. – Түрлі жиындар мен жиналыстар әлі де болса тек ресми тілде өткізіліп жүр. Қазақ тілінде сөйлейтін мемлекеттік қызметшілер қатары да аз. Мінбелерде қазақша сөйлеуге кім тыйым салып отыр? Неге қазақша сөйлемейміз? Кейбір жағдайда іс қағаздары да тек ресми тілде ғана жүргізілетіндігін кездестіріп жүрмін. Тіпті, республикалық органдарға тек орыс тілінде ғана құжат толтыру орын алады. Сондайлардың біразын кері қайтарып жіберуге де мәжбүрмін. Облыста әлі де болса таза қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін мектептер де, балабақшалары да аз деп санаймын. Біз алдағы уақытта таза қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін мекемелердің қатарын көбейтуге айрықша көңіл бөліп, осы бағытта жұмыстар жүргізуге тиістіміз. Сонымен бірге, облыс аумағындағы кәсіптік-техникалық білім беру, жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілде білім беру жүйесін барынша кеңейтуге тиістіміз.
– Мемлекеттік тілдің дамуы және оны қолданудың аясын кеңейту мәселесі менің ұдайы назарымда болады. Мемлекеттік тіл үшін бәріміз жауаптымыз, – деді облыс әкімі М.Мырзалин.
Сонымен бірге, өңір басшысы туризм мен спортты дамытудың алдағы міндеттеріне тоқталып, нақтылы тапсырмалар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар