Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы көп салалы мектеп-гимназияның директоры Айнагүл Балташеваға ашық сабақтардың біріне қатысу ниетімізді білдіргенімізде, алдымен Ботакөз Балтабаеваның есімі аталды. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітірген бойда осы мектептің мұғалімі болды. Арада бірнеше жыл қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеп, алтын ұясына қайта оралған. Бүгінгі күні тәжірибесі толысқандар қатарында.
Мен осы кісінің бүгінгі сабағына қатысып көруді жөн көрдім. Алайда, белгіленген кестедегі «Дисперсия – түстер туралы түсінік» деген сабақ ешкімді қызықтыра қоймас деп ойлағанмын. Қателесіппін. Жүйелі жоспар құрылды. Мақсат – жарық дисперсиясына толық түсінік беру арқылы оқушыларға оның қасиеттері туралы тәжірибелік мағлұмат ұсыну. Осы арқылы балалардың ынтасы мен қабілетін дамыту, өз беттерінше еңбектенуге машықтап, ізденімпаздыққа бастау мақсаты жүзеге аспақ. Жарқыраған сынып бөлмесінде сызба нұсқалар, призмалық шыны түтікшелердің түрлері, көрнекіліктің басқа да құралдары орналастырылған.
Үй жұмысын тексеріп алған ұстаз, біз отырған 11-ші сыныпты төрт топқа бөліп, арнайы сынақ түбіртектерін таратты. Мұндағы ерекшелік, сұрақтар негізінде ой қорытылып, топ жетекшілері ғана жауап бермек. Оларды толықтыру қажет болғанда, оқушылар сайлаған екі-үш адамға сөз беріледі. Мен де жинақылана, баяғы «дәуірлерден» бір нәрселерді есіме түсіруге тырысып отырмын.
Мұғалім сөйлеп кетті. Физиканы да шабыттана түсіндіруге болады екен. Сыну көрсеткіші жарық шоғының түсу бұрышына тәуелді емес, алайда, шоқтың түсіне тәуелді, дейді ол. Мұны ғұлама Исаак Ньютон ойлап тапқан екен. Жарқ-жұрқ сәулелерден туындаған жұмбақ көріністің ішіндеміз. Жарық мөлдір призмадан өткенде, жеті түрлі түске жіктелетінін білдік. Оны да «Ньютон спектрі» деп атайды екенбіз.
Ботакөз Қабыкенқызы ақынға айналды. Әлгі сәулелерді мынадай өлең шумақтарымен суреттеді:
«Қызыл түс» әлемге айқын танымал бұл,
«Қызғылт» сәуле нұр берер жан-жағыңа.
«Сары» сәуле ойнайды сан сағымда,
«Жасыл» түстер жайнатар көктемімді.
«Көк» түс те нұрын бүгін төкпеді ме?
Әсем күмбез «көгілдір» сәуле дер ем,
«Күлгін» түс те өң берер келбетіңе.
Міне, әлгі жеті түстің сипаттамасы осы. Ньютон әйгілі «Оптика» трактатында төмендегідей қорытынды жасаған екен. «Түстерінде айырмашылық бар сәулелер шоғының сыну дәрежесінде айырмашылық болады. Ең көп сынатын – күлгін сәулелер, барлығынан аз сынатын – қызыл сәулелер». Енді, мұғалім бұларды тіршілік құбылыстарымен байланыстыра әңгімеледі.
Бірінші. Шөп және ағаштардың жапырақтары жасыл болып көрінетіні, өздеріне түскен сәулелердің ішінен олар тек жасылдарын ғана шағылдырады, қалғандарын жұтып алады.
Екінші. Жаздыгүні үйдің әйнегін қызыл матамен жауып қойсақ, үйдің іші қызыл түске боялғандай болады. (Қызылша ауруын емдегенде осылай етіп қоятыны есіме түсті).
Үшінші. Адамдардың жаздыгүні ақшыл түсті киім киетіні де осы дисперсия құбылысына негізделген.
«Дисперсияның» не екендігіне нақты түсінік енді шықты. Жарықтың сыну көрсеткішінің жарық түсіне тәуелділігі дисперсия деп аталады. Ол латынның «dіspersіo» (шамамен) деген сөзінен шыққан. Сондай-ақ, оның жарық толқындарының физикалық сипаттамаларына, сыну көрсеткіштерінің тербеліс жиілігіне немесе толқын ұзындығына тәуелділігін дәлелдейтін формуланы балалар жазып алды.
Ендігі кезекте мұғалім сабақты бекіту амалдарына көшті. Негізгі мақсат төмендегідей: жарықтың дисперсиясы дегеніміз не? Спектр қалай алынды? Неше сәуле бар? Ең аз және көп сынатын сәулелер? Күннің көзіне қызыл шынымен қарасақ, неге тек қызыл түс көрінеді? Электр шамының қыл сымы вольфрамнан жасалатыны неліктен?
Сабақтың соңында бәріміз ойын ойнадық. Найзағай жарқылы көрінгеннен кейін, біраздан соң ғана күннің күркірегені естілетіні неліктен екендігіне әжептәуір бас қатырдық. «Сары» түске қатысты секунд, жарық, ремер ұғымдарының маңыздылығына қанықтық. Үйге тапсырма да үйіп-төгіп берілді.
Балалардың бет-әлпетіне қарасам, ертең «бес» алатындар аз болмайтын сияқты…
Сөйтіп, сабаққа қатысқаннан кейінгі әсерімді осылай қағазға түсірдім. Ұстазы мықты болса, сабағын түсінікті өткізсе, жақсы оқушы аз болмайтынына көз жеткіздім.
Бақберген Амалбеков.
Көкшетау қаласы.