Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сүңгуір қайық капитаны болған қазақ - АРҚА АЖАРЫ

Сүңгуір қайық капитаны болған қазақ

Ата-бабаларымыздан үзбей жалғасып келе жатқан жауынгерлік рух бертінде де асқақтап көрінгенін айғақтайтын мысалдар аз емес. Тарихтың тереңіне үңілмей-ақ кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында қаншама қазақ ұлтының өкілдері өздерінің жанқиярлық ерлігімен әлемді аузына қаратқанын айтсақ та жеткілікті.

Жауынгерлік рухты жалғастырып, әскери мамандық алып, Отанын қорғауға елеулі үлесін қосқан қандастарымыз жетерлік. Соның бірі өзіміздің Көкше елінен шыққан атом сүңгуір қайығының 3-інші дәрежелі капитаны Рафик Боташұлы Шақуанов. Ол жас күнінен әскери теңіз флотында қызмет етуді армандаған екен. Қарапайым теңізші емес, адмирал шеніне жеткен тұңғыш қазақ болғысы келіпті. Әттең, ол бұл арманына жете алмады. Қазақ болғаны үшін де әскери академияға түсіп тұрып, белгісіз себеппен оқуға жіберілмеді.
Өзінің әскери достары: «Сен көшпенді елдің ұлы болмағаныңда, академияға түсіп, биік лауазымдарға жетер едің. Себебі, сенің білімің мен іскерлігің көбімізден көш ілгері» деп әділ бағаларын бергенін соңынан естіп, біледі. Академияға түсе алмағанына ол қатты қамықты, өкінішке берілді. Осы оқиғадан кейін кішкентай сәби күнінде теңізші боламын деген үмітіне соңғы нүкте қойылғанын сезді. Сол заманда кеңестік сыңаржақ саясаты мен ұлы орыстық шовинизм талай ұсақ ұлттардың тамырын қиды ғой.
Рафик Шақуановтың бар-жоғы қырық жасында атом сүңгуір қайығының химиялық қызметіне басшылық етуі кездейсоқтық емес еді. Адам осындай үлкен мақсатқа жан-тәнімен ұмтылғанда жете алатынына қазақтың осы бір талантты ұлы да іштей сенгені анық. «Қазақтан шыққан тұңғыш адмирал» болуды армандаған талай қазақ жастары болған да шығар сол тұста. Дегенмен, кеңестік жалған интернационалдық үстем саясат мұндай мақсатқа жетудің жолын кесіп, талайлардың сағын сындырған еді.
Екінші Екатерина патшайым: «Егер қазақтар өздерінің түп тарихын білсе, әлемді жаулап алады» деген екен. Осындай патша заманынан қалған дала қазағын басып ұстау саясаты кейін кеңес кезеңінде де жалғасты. Адмирал болғысы келген Рафик Шақуановты әскери академиядан аластатудың себебі де осындай құйтырқы саясаттан еді.
Бар үкілеген үміті бірақ сәтте үзілгеннен кейін ол әскерден кетуге шешім қабылдады. Туған қазақ жұртына қызмет етуге бекінді. Бірақ, осынша жанын күйзелткен алалаушылық жүрегіне ақау салған еді. Оның жастай дүниеден өтуіне де осы жағдайдың әсері болғаны анық. Таяуда Рафик Шақуановтың туған қарындасы Валия Боташқызына жолығып, оның өмір жолы жайлы ой тарқатқан едік. Сонда туған бауыры жайлы қарындасы әңгімені әріден қозғады.
–Желтоқсан айында біз үшін ерекше еске алатын бір күн бар. Ол – туған бауырымыз Рафик Шақуановтың дүниеге келген күні. Өткен жылы тірі болғанда алпыстың асқарына шығар еді. Дүниеден өткеніне де бірнеше жылдың жүзі болды, – деп бастады әңгімесін. – Біздің отбасындағы ең үлкеніміз болатын. Әкеміз Боташ Шақуанов осы өңірдегі тау-кен өнеркәсібінің жоғары білімді маманы ретінде елге көп еңбегін сіңірді. Ақсу алтын кенішінде қатардағы жұмысшыдан іргелі кеніш кәсіпорнының басшысына дейін көтерілді. Ағам Рафик өте тәрбиелі, өз ісіне ұқыпты және білімді де үздік оқыған жан болатын. Әсіресе, математика, физика және химия пәндерінен қабілеті өте жоғары болды. Спортпен айналысып, жақсы жетістіктерге жетті.
Үйде үлкен кітапхана болды, сондағы шетел жазушыларының барлық еңбектерін оқып шықты десем еш қателеспеймін. 1964 жылы әкеміз жұмыс бабында Молдавияға қоныс аударды. Рафик ол жақта да үздік білімімен, спорттағы жетістіктерімен көзге түсті. Арада бірнеше жыл өткесін туған жерге қайтып оралдық. Ағам Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепте оқыды. 1970 жылы аталған білім ордасын аяқтап, жоғары оқу орнына жолдама алды.
Валия Боташқызы ағасының бала күнінде теңіз флоты жайлы кино көріп, өзінің теңізші және қазақтан шыққан тұңғыш адмирал болуды армандағанын да тілге тиек етті. Орта мектепті бітірісімен еш ойланбастан жергілікті әскери комиссариаттың жолдамасымен Баку қаласындағы Каспий жоғары әскери-теңіз училищесіне оқуға қабылданады.
Бес жыл білім алып, жас офицер атанып, Тынық мұхиты флотына қызметке жіберіледі. Сол кезде оған өзінің бала күнгі арманының орындалар сәті жақын қалғандай көрінген. Мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін салды. Көп оқыды, теңіз флотының сан қырлы сипаттарына үңілді. Осы жылдары ол Владивосток, Камчаткадағы Петропавловск, Находка, Амурдағы Комсомольск, Севастополь, Североморск, Ленинград және тағы басқа теңіз флоттары орналасқан қалаларда әскери қызмет атқарды.
Валия Боташқызы ағасының ең алғашқы әскери марапаты училищеде оқып жүргенде КСРО Қорғаныс министрінің алғыс хаты екендігін айтты. Әрине, теңіз флотындағы қызметі жайлы дерек өте аз. Бұл әскери құпиялықтың да салдары болса керек. Мұндай жоғары шенді офицерлер өзінің әскери қызметі жайлы ешкімге сыр ашпауға ант қабылдайтыны белгілі.
Елге демалысқа келгенде де, күлдіретін қызықты оқиғалармен ғана шектеледі екен. Тек, кейінірек Тынық мұхиттағы әскери кемелердің ірі құрамалары шоғырланған және сол әскери құрамалар командирі мінген теңіз флотының туы бар кемеде қызмет еткенін айтыпты. 1979 жылы ол атом сүңгуір қайығымен әскери бұйрықты орындауға қатысады. Сол жылы Қытай мен Вьетнам арасында әскери шиеленіс белең алып, бұған Кеңес одағы да тартылады. Сөйтіп, әскери шиеленіс болған аймаққа біздің атом сүңгуір қайықтарымыз бен кемелеріміз бірнеше айлық жолмен сапарға шыққан екен.
–Ағам осы әскери сапардан үйге оралғанда әбден жүдеген, екі жағы суалып, көзі үңірейіп, адам танымастай болып келді. Сонда ол: «Мына жағдайды көз алдыңа елестетіп көрші: бірнеше ай терезесі жоқ жабық вагонда сапар шегу саған қалай әсер етер еді? Ең ауыры, досым, сүңгуір қайықтың командирі А.И.Колодин осы қиындыққа шыдай алмай, денсаулығы сыр беріп, қаза тапқаны маған қатты батты», – дегені есімде қалыпты.
Сексенінші жылдардың басында Рафик Шақуанов туған жеріне көтеріңкі көңіл-күймен кезекті демалысына келеді. Осы демалыстан кейін бірден Ленинградтағы жоғары әскери-теңіз академиясына білім алуға баратынын қуана жеткізеді. Бала күнгі: «Қазақтан шыққан тұңғыш адмирал боламын!» деген арманының орындалатын сәті алыс еместігін де тілге тиек етеді.
Амал не, ол бұл арманына жете алмады. Академиядағылар әртүрлі сылтаумен қазақ офицерін оқуға қабылдаудан бас тартты. Бір жақын досы оның ұлттық саясаттың құрбаны болғанын жасырын жеткізеді. Осыдан кейін Рафик Шақуанов терең ойға берілді. Академияны бітірмесе, осы алған шенінен ары қарай өсу жолы тұйыққа тіреледі деген сөз. Бірақ, оның өмірбаянында әр деңгейдегі командирлері жақсы мінездеме беріп қана қоймай, әскери адамға тән кәсіби шеберлік, өз қол астындағыларға талап қоюшылық, ержүректік пен бірбеткейлік қырларын жан-жақты жазған екен.
Осылай ол туған еліне оралуға шешім қабылдайды. Тоқсаныншы жылдардың басында Қостанай облысының аумағындағы әскери-теңіз күштері құрамында қызмет етуге ауысты. Қайта құру және елдегі өзгерістер оны отставкаға шығуға итермеледі. Бұл Көкшетау қаласына Экология министрлігі қоныс теуіп жатқан кез еді. Осында ол радиациялық қауіпсіздік және атмосфералық ауаның тазалығы бөлімінің бастығы міндетін атқарды. Әлсін-әлсін құлаған «Протон» ракетасының зардаптарын тергеуге белсене атсалысты.
Министрлік Елордаға қайта көшкенде ол зейнеткерлікке шығады. Ердің жасы елуге келгенінде ол осылайша бала күнінен армандаған адмирал болудан қол үзеді. Осы жай әсер етсе керек, көп ұзамай жүрек талмасынан дүниеден өтеді.
Егер де, кеңестік сұрқия саясат болмағанда, жерлесіміз Рафик Шақуановтың қазақтан шыққан тұңғыш адмирал болуы әбден мүмкін еді. Бірақ, тағдырға қарсы ештеңе істей алмайсың. Алланың жазуы осылай болған шығар. Біз де қазақтың осы бір асыл азаматына жатқан жерің жұмақта болсын деп дұға тілейміз.
Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар