Ақын, публицист Сайлау Байбосын Баянауыл, Ереймен өңірінен шыққан тылсым қасиет иелері жайында зерттеп, ел аузында сақталған әңгімелерді жинап мақалалар сериясын жазып жүр. Осының алдында газетімізде «Әліпбайдың диуанасы» деген мақаласы жарияланған еді. Енді назарларыңызға өткен ғасырларда осы өңірде өмір кешкен қасиет иесі Лекер әулие мен оның ұрпақтары жайындағы мақаласын ұсынып отырмыз.
Баян жерінде өмір сүрген өнер мен ғылым қайраткерлерін айтпағанда, бұл жақтан шыққан әулие-әнбие, бақсы-балгер, ерекше қасиет иесі болған небір адамдар жайлы әфсаналар өз алдына бір бөлек әңгіме. Жан дүниелері жұмбаққа толы, бізге белгісіз тылсым әлемнің осы бір өкілдері бар ғажайып құпияларын өздерімен бірге мәңгілікке ала кеткен. Егер бұлар қазіргі заманда өмір сүрсе, сөз жоқ феноменге айналып, ақпарат құралдары мен телеэкранның бетінен түспей, дүйім елдің аузында жүрер еді.
«Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық» дегендей, бүгін біздер Ресейде күні кеше ғана жасап өткен көзбайлаушы Вольф Мессингке, көріпкел атанған болгар әйелі Вангаға, бертінгі жылдары ғана Бурят жерінен денесі қазылып алынған будда ламасы Хамбо-лама Даши-Доржиға, тағы басқаларға есіміз кете таңғалып жатамыз. Бірақ, осыдан 300 жыл бұрын өмір сүріп, алдағы үш ғасырда не боларын болжап айтып кеткен, өз ұлтымыздан шыққан Мөңке биді білмейміз. Білгіміз де келмейді. Абылай заманында Қызылтау жерінде өткен, ерекше қасиет иесі болған, аттым дегені мал болсын, жан болсын мұрттай ұшыратын Жанақ әулие Жаңабатырұлын білмейміз.
Тірісінде әулие атанған Мәшһүр-Жүсіпті өз еңбектері арқылы жаңа ғана танып жатырмыз. Баянауыл төңірегінде өмір сүрген Лекер әулиені, оның баласы Исабай қажыны, одан туған Айтмағамбет диуана мен Әліш әулиелерді, күні кеше ғана ортамыздан кеткен Әліпбайдың диуанасы, басқа да керемет қасиет иесі болған адамдар жайлы да хабарымыз шамалы. Осылар Мессинг пен Вангадан бір де кем емес.
Бірақ, біз оларды білгіміз келмейді. Бұлар туралы әңгіме қозғайтын адамдар да бүгінде таусылып біткен. Іздеушісі болмаса, бұдан былай біржола ұмытылады деген сөз.
Төмендегі әңгімелер Құлболдының Ақбура атасынан тарайтын Лекер әулие Бекболатұлы және оның ұрпақтары жайлы болмақ. Лекер әулиенің ата-тегін таратып айтар болсақ: Мейрам-Сүйіндік-Суғыншы-Шуманақ-Құлболды-Ақбура-Аққошқар-Қаралтай-Мұратай-Шәуке-Бекболат болып бөлінеді. Осы Бекболаттан Лекер, Төлеу туады. Лекерден Исабай қажы, одан Айтмұхаммет, Әлмұхаммет (Әліш). Айтмұхаммет пен Әліш те қасиет қонған адамдар болған, оны төменде баяндай жатамыз.
Баянауыл өңірінен шыққан танымал шежіреші, өлкетанушы, марқұм Өкпенің Кәрімтайы деген адам өзінің «Арғын-Мейрам шежіресі» атты кітабында Лекер әулие жайлы былай деп шамалы естелік берген екен: «Ол кісіні ел іші Шалқыман диуана деп те атаған. Шалқыман бәйбішесінің аты. Ол кісі көбіне: «Шалқыман-ау, Шалқыман, биыл Шәріге барамын, денеңді жу, Шалқыман!» – деп жүреді екен. Өзі дүние-мал дегенге қарамаған кісі деседі. Мінезі баладай аңғал болыпты дейді көргендер. Әкем айтатын: «Лекер әулие бала күнімізде ауылға келеді, балалармен тығылмақ ойнайды. Жүгіріп барып, қияқ пен шөптің арасына жата қалып, ал, мені тауып алыңдар дейтін. Біздер көзіміз көріп тұрғасын, дереу тауып алып, үстіне міне түсеміз, жарықтық сонда да елең етпей, тағы тығыламын дейді. Сонда айтып жүретін бір сөзі – Шалқыман еді».
Енді Лекер Бекболатұлы жайлы сөзімізді жалғасақ. Сол уақытта Қаржас-Ақша елінде Бақтыбай Бәкіұлы деген адам өткен екен. Ол өз заманында Мұса мырза Шорманұлына жақын жүрген, ел ішінде беделі зор, дәулетті кісі болса керек. Осы Бақтыбай жасы келген шағында Меккеге барып, қажылық міндетін атқармаққа ниет етеді. Және Лекер әулиемен замандас, сыйлас екен. Осы себептен Лекермен ой бөлісіп, қажылыққа бірге барсақ қалай болады деген ұсыныс айтыпты. Және жол қаражатын өзі көтеремін дейді.
Сонда Лекер: – Бақа, ықылас білдіргеніңе Алла риза болсын! Барар болсам, өз қаржым өзіме жетіп қалар. Бірақ, саған қояр бір шартым бар, соны орындасаң ғана сенімен сапарлас болам, – депті.
Бақтыбай: «Ол не шарт?» – дегенде, Лекер: – Сен ғұмыр бойы ел ісіне араласып, ат үстінде жүрген адамсың. Бір себептермен жолдан тайған кездерің де болған шығар. Сондықтан, мына қолдағы аз ғана мал-пұлың адалдықпен жиналып еді деудің жөні бола қоймас. Қажылыққа шын ниет еттім десең, қолдағы малыңның үштен екісін Құдай үшін деп жоқ-жітіктерге тарат. Сөйтіп, ізгі сапарға тек ата малыңның өтеуінен түскен қаржымен барсаң, сауабы болады, – дейді.
Бақаң сөзге келместен Лекер әулиенің осы шартын орындап, садақа деп, маңайдағы жоқ-жітік, кембағалдарға малының біразын таратып, жолға да-
йындала бастайды. Лекер әулиенің бәйбішесінің есімі Шалқыман екен деп жоғарыда айттық. Ақылға мол адам болса керек. Лекер жарықтықтан біреу бірдеңе сұрай қалса: «Қазір Шалқыманға барып біліп келейін»,–деп тұра шабатын көрінеді» – деп жазады Баянауылдың Күркелісіндегі өлкетанушы Нығмет Жәмінов ағамыз.
Сөйтіп, уағдалы күні үстіне киген жалаң ақ көйлек-дамбалмен Лекер Бақтыбайдың ауылына барып: «Бақа, мен жол қаражатымды алып, біржола шықтым, Алланың жұмсауымен Шалқыманнан 20 тиын қарызға сұрап алдым. Өзің дайынсың ба?», – дейді.
Әулие қашан келеді деп дайын отырған Бақтыбай құр көйлек-дамбалмен ғана келген әулиені көріп: «Осылай жүре бермексіз бе?» –деп сұрапты. «Аллаға сыйынып, осылай жүре берем, не қылар дейсің» –деген Лекердің сөзінен соң, Бақтыбай басқа жолсеріктерін ертіп, сапарға бет түзейді. Айлап жол жүріп, теңізге жетіп, кемеге мінбек болғанда, кеме басқарушысы жолға алған билетің жоқ, үстіңде көйлек-дамбалдан басқа лыпаң жоқ деп, Лекер әулиені кемеге мінгізбей тастап кетеді.
Бірақ, кеме жағадан ұзап, ашық теңізге шыққасын, алай-дүлей дауыл тұрып, суға бату қаупі туыпты. Зәрелері ұшқан жолаушылар кеме бастығына: «Бұл бағанағы сіз алмай кеткен әулиенің себебінен болар, ол тегін адам емес секілді еді. Шама келсе, аялдап тосайық. Мүмкін бірдеңе қылып жетіп қалар», – деседі.
Кеме басшысы қынжылса да, амалсыз келіседі. Кеме аялдаған кезде, дауыл да басылғандай бола қалады. Әрі-бері уақыт өткен соң, кемедегілер соңдарына көз салса, теңіз бетімен бірдеңе ағараңдап зуылдап келе жатыр дейді. Сөйтсе, ақ көйлек-дамбал киген Лекер жарықтықтың өзі екен. Кемеге мінген Лекер әулие: «Несіне бөгелдіңдер, өзім де ақырындап жетіп қалар едім ғой» деген екен. Бұның тегін адам емес екендігіне енді кемедегілердің бәрінің көздері анық жетеді.
Бір қызығы, Меккенің топырағына табаны тигесін, Лекер әулие өзінің туған жеріне келгендей масайрап, басқалардан бөлініп, кете барады. Содан күндерден күндер өтіп, жолаушылардың қайтатын уақыты жақындап, жолға жиналайын десе, Лекер әулие жоқ болып шығады. Елге қарай аттанамыз деген қажылар әрі тосады, бері тосады. Лекер жоқ. Амалы таусылған Бақтыбай бар абыройын салып, теңізге қарай жүргелі тұрған керуенді бірер күнге тоқтатады.
Сөйтіп, Бақтыбай мырза не істерге білмей, құм үстінде ойға шомып отырса, жоғалған Лекер әулие дәл жанынан кенет пайда бола қалыпты.
– Ой, Бақа, көп тосып қалдың ба? Ғафу ет! …Мен енді елге қайтпайтын болдым. Өзіңе аман-есен жетуге Алла нәсіп етсін. Бірақ, саған тапсырар бірер аманатым бар, соны айтайын деп келдім. Шалқыманнан мына 20 тиынды қарызға алып едім, соны апарып берерсің. Сосынғы бір аманат, Исабай балама сәлем де, – деп ышқырына түйген 20 тиын ақшаны алып Бақтыбайға ұсынады.
Бақтыбай ақшаны қалтасына салып, енді бір қараса, жанында тұрған Лекер тағы да жоқ болып кеткен, тек орнында құмға қадаулы асатаяғы ғана тұр. Айран-асыр болып, түкке түсінбеген Бақтыбай әулиені енді қайтып көрмесін біліп, асатаяғын аманаттап алып, елге аман-есен оралады.
Баянауылға жетіп, әй-жай болған соң, Бақтыбай Бекболат әулетінің ата қонысының басында бүкіл Құлболды балаларына сауын айтып, Лекер әулиеге арнап дұға оқытып, ас берген екен. Сол ас үстінде әулиенің асатаяғын ұрпақтарына тапсырып, Шалқыман бәйбішеге 20 тиын ақшасын да қайтарыпты.
Оқырмандарға ескерту! Бұл секілді әңгімелер қазіргі заманның адамдарына ертегі-аңыз секілді болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ, олай емес. Осы әңгімелердің барлығы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінгі күнге жеткен дүниелер. Нығмет Жәмінов қария өз жазбаларында: «Ертеде Сарыөлеңнің ақсақалдары осы әңгімелерді толғана отырып айтқанда, тыңдаушылар еріксіз көздеріне жас алушы еді», – дейді. Шындығында да жан тебірентерлік оқиғалар ғой түсінген адамға.
Лекер әулиеден туған Исабай да заманында әулие атанып, ел-жұртқа шапағаты мол тиген жан екен. Меккеге барып, қажылық парызын атқарып келген. Өкінішке орай, Исабай қажы туралы ел ішінде көп дерек сақталмаған. Оған себеп болған сол кездегі аласапыран уақыт па дейсің. Сахара даланың төсінде 1916 жылы өткен дүрбелең, одан кейінгі кеңес өкіметінің келіп орнауы, жиырмасыншы жылдардағы ашаршылықтың ауыр кезеңі, одан кейінгі кәмпеске, колхоздастыру, одан соңғы қуғын-сүргін халықтың есін шығарып жібергені белгілі. Балапан – басына, тұрымтай – тұсына деген заманда кімді кім іздейтіндей болды.
Дегенмен, Исабай қажының балалары Айтмұхаммет пен Әлмұхаммет (Әліш диуана) жайлы біраз әңгімелер бүгінге жетіпті. Айтмұхаммет әулиені көзі көрген Нығмет Жәмінұлы өз кітабында тебірене жазады. «Ел іші ол кісіні Айтекең диуана деп атайтын. Жан дүниесі баладай пәк, жылы шырайлы, мінезі шуақты күндей адам еді. Жалғыз інісі Әліш диуанаға «молласың, халықты емдейсің» деген жала жабылып, Павлодардың түрмесінде қаза болды. Бір ғажабы, түрменің Әліш диуана жатқан камерасының есігі намаз уақытында өзінен-өзі ашылып, Әлекең далаға шығып, дәретін алып кіріп, шапанын жайып, намазын оқиды екен. Түрме басшылығы осыны тоқтатамыз деп, істемеген амалдары болмайды. Қандай құлып салса да, намаз уақытында сарт етіп ашылып қала берген. Сосын олар да қолды бір сілтеп, аңдуды қойыпты. Бір таңқаларлығы, Әліш әулие түрмеден қашып кетуге мүмкіндігі бола тұра, оны істемеген. Жазмыштың жазғанына көніп, ақыры сол түрмеде көз жұмады.
Әліштің әулиелігінен басқа бет-жүзіңе қарамай айтатын ақындығы да бар кісі болған. Кезінде оның Қаракесек Қақабайға:
Сенің атың Қақабай,
Пара аласың қақалмай.
Сен параңды қоймассың,
Жан мұрынға тақамай, –
деп айтқан сөзі ұмытылмай бүгінге жеткен.
Енді бірер ауыз сөз Лекер қажының Меккеден келген асатаяғы туралы. Бұл асатаяқ соғыс жылдары Лекердің баласы Айтмағамбетте болады. Асатаяқты көзімен көрген Нығмет ақсақалдың жазуынша, оның көптеген сылдырмақтары, жанатын шырағы болған екен. Егер біреу-міреу ем алуға келе жатса немесе басқадай жайсыз хабар болса, асатаяқ Айтекеңнің өзі ғана түсінетіндей шылдырлап белгі беріп, жаңағы шамы жанады екен. Қазір осы асатаяқ Екібастұз қаласында Жабағының Мүбәрәгі деген адамның ұрпақтарының қолында сақтаулы. Бірақ, бұрынғы қоңыраулары, шамдары жоқ. Құр таяқ пен басына кигізген найзаның ұшы секілді үшкір темірі ғана.
Ағашының өзі сынып, қайта сапталған секілді. Біздің пайымдауымызша, бұл асатаяқ мұражайда, не басқадай белгілі бір жерде тұруы керек секілді. Бірақ, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ қазір.
Айтмұхаммет әулиенің кереметін оқырмандарға жеткізу үшін, тағы да Нығмет Жәмінұлының «Құтты аймақ» кітабына жүгінелік. «Айтекең молланың қолына су құйып, батасын алып, сарқытын ішкен балалардың бірі мен едім,–деп жазады автор. – Себебі, колхоз сиырын баққан ол кісімен ферма басында көрші тұрдық. Айтекеңнің желеп-жебеушісі, хабаршысы – атасы Лекер әулиеден қалған асатаяғы болатын. Төңіректегі босана алмай жатқан әйел, шалықтап ауырған адамдар болса, әманда Айтекең барып, көмек жасайды. Ал, бір жерде ауырған адамның бар екенін, оның қай бағытта тұратынын жаңағы асатаяқ білдіретін. Асатаяқтың қоңырауы шылдырлап, шамы жанса болды, Айтекең жолға жинала бастайды. Тура сол кездің жедел жәрдем қызметі десе де болады.
Сөзім дәлелді болу үшін, өз басымнан кешкен мына бір оқиғаларды айтып өтейін. Ол кезде біздің колхоз «Жаңа талап» деп аталады. Соғыстың жаңа ғана аяқталған тұсы. Жазғы каникул басталысымен, жасы тоғыздан асқан балалар тегіс колхоз жұмысына шығып, пішен дайындауға атсалысамыз. Ол кездегі негізгі күш-көлік ат пен өгіз. Шабындық шөбі мол Төлтай, Шәдібек деген екі үлкен алқап болатын, сол жерде шөп шабылады. Және осы төңіректе жын-шайтан бар деген сөзді естіп жүретінбіз. Содан болар, үлкендер таңертең өгіздерді жинап, айдап әкелуге балаларды жібермей, өздері кезектесіп баратын. Алайда, қанша сақтанса да, жыл сайын бірер бала осы жақтан шалықтап ауырып қайтатын. Мысалы, бір жылы Файзолла Қабдуов, екінші жылы Бектемір Бәкіров, үшінші жылы Бекболат Масығұтов, Қаратай Шекеев, депортациямен келген шешеннің баласы Әнди, тағы сондай немістің баласы Оттоның ауырғандары есімде. Сырқаттың түрі – бала шалықтанып, ес-түсін білмей, екі көзі алақ-жұлақ етіп, даладан-далаға қашады.
Осы «жынның қағуына» өзім де ұшырадым. Бірде ұзаңқырап кеткен өгіздерді айдап келуге барғам. Шабындық шөптің арасында гүл теріп жүрген бір әйелді көрдім. Содан кейінгісі есімде жоқ. Арада екі-үш күн өтсе керек, есімді жисам, үйде екенмін, жанымда Айтекең молла, анам шай құйып отыр. Айтекең мені «атабала» деп атаушы еді, сол әдетімен: «Байғұсым, атабала, немене ауырып қалдың ба? Ештеңе етпейді, жазылып кетесің!» – деп басымнан сипап, үшкіріп, ем-домын жасады. Ол кезде он бір жаста едім. Соңынан біржола сауығып кеттім. Алайда, бірде Айтекең молланың әкеме «халықтың мазасын алып жүрген пәлекет» туралы айтып отырғанын құлағым шалып қалды. «Балаларға тиме, бұл жақтан енді кеткенің дұрыс, көрінбе деп едім, кететін емес» – деген сөздері әлі күнге есімде.
Арада біраз жылдар өтті, Елубай Сыздықұлы деген бір туысымыз мал дәрігерінің оқуын бітіріп, ауылға келіп, қызметке орналасты. Мен де ол кезде оныншы класты бітіргем. Бірде Елубай ағам екеуміз Айтекеңнің үйіне сәлем беруге бардық. Әңгіме үстінде ол кісі: «Сендер енді Төлтай, Шәдібек жағына қорықпай бара беріңдер. Бәріңнің «шайтан» деп жүргендерің ертедегі Майлытон Тайпақ молланың иесі еді. Тайпақ қайтыс болғасын ол кетіп қалмай, осы жақты мекендеп қалған. Кезінде иелік қыл деп Тайпақтың немересі Нұрғали молланы (Нұрғали Таушабайұлы– Сұлтанмахмұтты оқытқан адам. С.Б), одан кейін мені айналдырды. Бірақ заман өзгеріп кетті, біздер қорқып ұстай алмадық. Сол Тайпақ молланың иесі былтыр қайтыс болды, мен жаназасына барып қайттым», – деген еді. Содан кейін Төлтай мен Шәдібек жағына барып, біреу-міреу сырқатқа ұшырапты дегенді естіген жоқпыз.
Н.Жәмінұлы өз кітабында Айтмұхаммет әулие жайлы мынадай да бір әңгімені келтіреді. Бұл оқиғаны Нығмет ақсақал соғыс жылдары «Мұрынтал» колхозында ферма меңгерушісі болған Дәрім Смағұлұлы деген кісіден естіген екен. Дәрім ақсақал сол елдегі Сағынбек диуана деген адамның үйіне бір шаруасымен бара қалады. Сағынбек те ел ішінде «бақсы», «диуана» атанған, халыққа ем-дом жасайтын адам екен. Барса, диуананың үйінің алдына доғарылған ат-арба, арбаның үстінде киіз үйдің шаңырағына керіліп байланған бір әйел жатады. Үйге кірсе, бір бейтаныс адам мен Сағынбек диуананың өзі отыр. Диуананың бәйбішесі шай қамымен жүрсе керек. Төрдегі адам да, Сағынбек диуана да үндемейді, үйдің іші тым-тырыс. Біреуді тосып отырған тәрізді. Шамалы уақыттан соң сәлем беріп Айтмұхаммет диуана кіреді. Күннің аптап ыстығынан ерні кезеріп шөлдеген. Жоғары шығып отырғасын Айтекең Сағынбекке қарап: «Осыншама неге асығыс шақырттың, жөппелдемеде ат табылмай, бір жаман тайға міне салып едім, мына ыстықта әрең жеттім», – депті.
Бұны естіген Дәрім аң-таң қалады. Екі ауылдың арасы 80 шақырым болады. Бүгінгідей телефон байланысы жоқ. Сонда Сағынбек Айтекеңе «тез жет» деп қалай хабар берген? Тайға мінген Айтекең қалай теп-тез жете қалған? Сексен шақырымға жақсы атпен желе-жортып жүргенде, жарым күннен аса уақыт кетеді. Күн ыстықта тай-құнанның бұндай қашықтыққа болдырып қалары белгілі. Сонда астына мінген тай Айтекеңді көтеріп келді ме, болмаса Айтекең тайды көтеріп әкелді ме? Жай адам үшін осының бәрі жұмбақ.
«Далада шаңыраққа керулі жатқан сырқат әйелге шамам келмейтін болғасын, амалсыз сізді шақырттым», – депті Сағынбек Айтекеңе.
Дастархан жайылып, шай жасалады. Айтекең үйдегі бейтаныс жолаушыға қарап: «Бар, ана мүсәпірді де шайға шақыр, күн ыстық, шөлдеген шығар»,–дейді. Ана кісінің зәресі кетіп: «Ойбай моллеке, атамаңыз, ие бола алмаймыз, ол жынданған әйел!», – деп азарда-безер болады. Айтекең: «Бар, бара бер, түк те қылмайды, қолы-басын шайып, бізбен бірге шайға отырсын», – дейді. Амалы таусылған жаңағы жолаушы далаға шығып, әйелді құрсаудан босатып алып келіпті. Бір ғажабы, ол ешқандай сырқатқа ұқсамайды, әйелге тән ибамен үйге сызылып кіріп, иіліп амандасады. Айтекең оны қасына шақырып алып, жанына отырғызып, шай үстінде: «Ой, байғұсым, ауырып қалдың ба? Ештеңе етпейді, жазыласың!», – деп екі-үш мәрте басынан сипап, соңынан асатаяғымен ұшықтапты. Жаңағы әйел елмен бірге терлеп-тепшіп шай ішіп, сосын Айтекең мен Сағынбек диуанаға алғыстарын айтып, еліне аттанып кеткен екен.
Лекер әулиенің асатаяғы туралы бір әңгімені бізге Баянауыл ауданындағы Қызылшілік ауылында тұратын Жұмат Құрманов ақсақал айтып еді.
– Бұл сексенінші жылдары болған оқиға,–дейді Жұмекең қария. –Жеңіл машинамен сапарлап Қарағанды жағына кетіп бара жатқанбыз. Жолшыбай бір қойшының ауылының тұсынан өте бергенде, көліктің дөңгелегі жарылып, бөгеліп қалдық. Мен осыны пайдаланып, дөңгелекті жөндеп болғанша, дәрет алып, намаз оқи қояйын деген оймен қойшының үйіне беттедім. Жақындай бергенде, бір әйел адам шығып, менімен амандасқан соң: «Емделуге келіп пе едіңіздер?», – деп сұрады. Мен ол әйелге өтіп бара жатқан жолаушы екенімізді, мүмкіндік болса, дәрет алып, намаз оқып алайын деп келгенімді айттым. Дегенмен әйелге: «Неге емделуге келіп пе едіңіз деп сұрадыңыз?», – дедім.
– Қайдан білейін, атамның асатаяғы өзінен-өзі шылдырлап, шамы жанды, сосын ойлағам біреулер ем іздеп келді ме деп, ара-тұра осында сырқат адамдар келеді, асатаяқпен ұшықтап берем, – деді әлгі әйел.
Бұл кісінің айтып тұрғаны Лекер әулиенің асатаяғы екенін сездім де, көруге бола ма деп сұрадым. Әйел рұқсатын бергесін, үйге кіріп едім, шыбыннан қорғанып, есік-терезенің бәрін жауып, бөлмені қараңғылып тастаған екен. Іргеде ілулі тұрған асатаяқ өзінен-өзі қозғалып, шам секілді бірдеңесі өшіп-жанып тұр екен. Бісмілла деп, қолыма алып, ұстап көрдім, – деп әңгімелейді, Жұмат ақсақал.
Міне, Ақбура бабамыздан тарайтын Бекболат, Лекер әулиелердің әулеті туралы аз ғана әңгіме осындай. Сол бір қиын-қыстау замандарда ел мен жұрттан шапағатын аямай, шын мәнінде әулиелік ғұмыр кешкен осы аяулы адамдардың аттары бүгінде ұмытылып барады. Біздер қасиет иесі болған осындай бабалар кейінгі ұрпақтың есінде жүрсін деп, осы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.