Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы еліміз бойынша жылына үш мәрте тәуелсіз «Үздік ұстаз» байқауын өткізіп келеді. Бұл байқаудың басты мақсаты – педагогикалық жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздарды анықтап, олардың іс-тәжірибелерін әріптестері арасында кеңінен тарату.
Ұстаз – жас ұрпаққа риясыз тәлім-тәрбие беретін қасиетті жан. Сондықтан, өз ықтиярыңмен ұстаз болу – үлкен бақыт, зор мәртебе және сындарлы сын. Болашағын ойлаған қай қоғам болсын, ең алдымен, ұстаздарды ардақ тұтып, ұстаз мәртебесін көтеруді қарастырады.
Білім саласы өте-мөте дамыған жапон халқы «Ұстаз – ұлттық құндылық», «Үш қадам шегін, бірақ, ұстазыңның көлеңкесін баспа» деп ұстаздарына шаң жуытпайды. Бұл елде ұстаздар «Сэнсей»-«Ұстаз» деп жазылған шағын төсбелгі тағып жүреді. Мұндай төсбелгімен жүрген жандарды бүкіл қоғам қадірлеп, қастерлейді.
Ал, бізде ше? Соңғы кезде қоғамымызда ұстаз беделі төмендеп кеткені, оларға ақшаның буына піскен байшыкештер, рухани жан дүниесі жұтаңданған көлденең көк аттылар түгілі, олардың балалары дауыс көтеріп, қол салудан тайынбауға айналғаны жасырын емес. Ондай мысалдар барған сайын жиілеп, жағамызды ұстатып жүр.
Сондықтан, шұғыл түрде бүкіл қоғам, ел болып, мұғалім беделін көтеруді ойлауымыз керек. Ол үшін Парламентте «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң қабылдануы қажет. Сонда ғана бұрын құлақ естімеген жоғарыдағыдай келеңсіздіктерге тосқауыл қойып, олардың алдын алуға болады.
Ертеректе елімізде мұғалім мамандығы қалай құрметтелуші еді?! Ұстаздарымыздың айтқаны заң болатын, ешкім алдынан кесе-көлденең өтпейтін. Бала кезімізде қолдарына су құйған үлкендерден «мұғалім бол» деген алғыс-тілекті де талайымыз аз естімеген шығармыз. Білім қызметкерлері содан неге қол үзіп қалды? Ойласаң, мәселе көп.
Міне, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының бір жағынан, ұстаз беделінің көтерілуіне септігі тисін деп ұйымдастырып келе жатқан бұл V республикалық тәуелсіз қоғамдық байқауына осы жолы да Астана, Алматы қалаларымен бірге, еліміздің барлық аймақтарынан мектеп, лицей және колледж мұғалімдері қатысты. Соның ішінде Көкшетау қаласы мен Есіл ауданынан біздің Ақмола облысының намысын қорғаған төрт ұстаз, атап айтқанда, Сәуле Әбдірахманова, Бейнегүл Қибатова, Светлана Марусанич және Сәуле Ыбыраева осы байқаудың жеңімпазы атанды. Олар Өскемен қаласындағы Қазақстан теңге сарайында арнайы тапсырыспен жасалған «Үздік ұстаз» төсбелгісіне, байқау жеңімпазының куәлігі мен сертификатқа ие болды. Осы ұстаздардың байқауда жоғары баға алған талдамалы есептері электронды жинақ болып шықты, онымен Академияның сайтында танысуға болады.
Академия қабырғасында білім саласындағы жүзден жүйрікті анықтайтын тап осындай келесі байқау алдағы сәуір айының басында өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Қ.КӘКЕНОВ.