Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жыр жазамын - АРҚА АЖАРЫ

Жыр жазамын

Жастайынан жанына сыршыл поэзияны серік етіп, нәзік иірімдерге толы лирикалық өлеңдерімен қуантып келе жатқан Күләш Нысанбек қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті. Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан ақын қызымыздың бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн деп санадық. Жыр бұлағынан сусындаңыз, көзі қарақты, көкірегі ояу, ойлы оқырман!

Мен
шабыттанамын

Ең айқын ақиқат расталған кезде,
Ең мөлдір жанардан жас тамған кезде,
Бір жұлдыз жылт етіп, ағып түскенде
аспаннан лезде.

Мен шабыттанамын,
Ең мұңлы музыка ойнаған кезде,
Ең ұлы ақынды ойлаған кезде,
Бөрілер иегін көкке қаратып,
Ұлуын қоймаған кезде.

Мен шабыттанамын,
Құл мінез табанға жығылған кезде,
Гүл ғұмыр шарасыз жұлынған кезде,
Кешірім сұрауға кешігіп қалып,
Соңынан ұғынған кезде.

Мен шабыттанамын,
Ата жау ажалға жолыққан кезде,
Көлеңкем өзімнен қорыққан кезде.
Шайырдың шер, мұңын уыстап алып,
жүрегім торыққан кезде.

Мен шабыттанамын,
Басымнан бақытты күн ауған кезде,
Қазақи болмысым сыналған кезде,
Өмірдің алдында өкіріп тұрып,
Жылауға ұялған кезде.

Мен шабыттанамын,
Ақ жауын себелеп, басылған кезде.
Аспаным шайдайын ашылған кезде.
Арудың кірпігі жасқа малынып,
Мөлдір шық асынған кезде.

Мен шабыттанамын,
Нəп-нəзік сезімге сенетін кезде,
Жас сəби фəниге келетін кезде,
Ех, өмір оп-оңай өте шықтың деп,
Мүмкін, өлетін кезде…

 

 

 

 

 

Қазақ едім,
Жөргегінен тектілікті танытып,
Жеті жұрттың тілін біліп, жетілген.
Баһадүрден батырлықты дарытып,
Жеті жаста жау қаймыққан бетімнен.

Жай сұрасса жеті атадан қозғайтын,
Қазақпын мен жетесізге ермеген.
Жүрегімді ботадайын боздайтын,
Жетігеннің шерлі үнімен емдегем.

Жеті түрлі білім алып жасымнан,
Жеті жарғы заңыменен жүргенмін.
Қазақпын мен, төс қағысар досымнан,
Алшақтаған кезі жоқ-ау іргемнің.

Қазақ едім,
Жырға айналған жеті ғашық тағдырын,
Жастарының көрмегені жөндейтін.
Жеті ғасыр сақтап келген зар, мұңын,
Жеті қабат жер астына жерлейтін.

Жеті қат көк Тәңіріне табынып,
Алашымды аман ет деп өтінген.
Жұрт едік қой жаратқанға жалынып,
Жетімегін жылатпасқа бекінген.

Болса дағы қай бір істің түйіні,
Жеті рет өлшеп барып, кесетін.
Қазақпыз ғой күмбірлеген күйінің,
Бар ғазалы жеті нота десетін.

Жұрты жеті қазынасын дәріптеп,
Ұрпақтарын асыл дінді еткен де.
Тұран сенің тектілігің анық тек,
Әлемдегі жеті кереметтен де.

Ал, бүгінде,
Балаларын тастап кетіп далаға,
Қоқыстардан терген тірі жетімін.
Күнәсін кеш деп қазақтың Аллаға,
Жалбарынам аптасына жеті күн.

Ех, қазіргі көрген күнің құрысын,
Сендік халді көріп біреу аяй ма?!
Қазақ неге жиған-терген ырысын,
Жеті нандай үлестірді маңайға?

Аспандағы жеті қарақшыдайын,
Аз-ақпыз ғой, ғажап болсақ не етеді?
Ұмытуға сәл-ақ қалған құдайын,
Дәл бүгінгі қазақты
Құрытуға жеті-ақ секунд жетеді.
Өкініш…

 

Көк бөрі

Адамдар заманға қапалы,
Заман да оларға өкпелі.
Оп-оңай арын да сатады,
Ойға алмай құдайды көктегі.

Өзгеге бере алмас өнеге,
Бүгіннің шіренген бектері.
Айуандай азды екен о, неге?!
Бүлк етпей беттері.

Анамды, бабамды сағынам,
Бос сөз боп қалмаған серттері.
Тұраным түссе егер тағынан,
Қарғағын, мейлі кеп сөк мені.

Мияулап жүрміз-ау марғаудай,
Жақсақ деп көршіге шеттегі.
Бүгінде аңсадым самғауды-ааай,
Қыран боп көктегі.

Қазағым, кешегі ұлы атың,
Көкжалдай текті еді.
Олардан сезіліп тұратын
Рухтың ып-ыстық от демі.

Жанымның желегін жандырып,
Мұңайтты осы жай көп мені.
Қара орман қазақты қалдырып,
Сен қайда бет алдың көк бөрі?!
Көк бөрі!

Күләш Нысанбек

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар