Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәукен Ошақбаев, Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы: «Жаңа кодексте бизнес өкілдерінің мүдделері жете ескерілген» - АРҚА АЖАРЫ

Тәукен Ошақбаев, Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы: «Жаңа кодексте бизнес өкілдерінің мүдделері жете ескерілген»

Биылғы жылдың қаңтарынан бас-тап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Салық кодексінде қандай өзгерістер бар және бұл өзгерістер еліміздің салық жүйесін жетілдіруге, кәсіпкерліктің серпінді дамуына қаншалықты игі ықпалын тигізбек, деген мәселелер төңірегінде Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Тәукен Ошақбаев өз ойларын ортаға салады.
– Тәукен Темірбекұлы, таяуда Көкшетауда жаңа Салық кодексін талқылауға арналған іргелес үш облыстың салық саласының өкілдері қатысқан семинар болып өткендігінен хабардармыз. Онда қандай мәселелер талқыланды?
– Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бизнес-климатты өзгерту үшін белсенді жұмыстар жүргізу қажеттігі, ең алдымен бизнес ортада түсінік, насихат жұмыстарын жүргізуге жете көңіл бөлінуі керектігі айтылған еді. Сіз айтып отырған үш облыстың: Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының салық саласының мамандары қатысқан семинардың өтуіне де Елбасының Жолдауы себеп болғандығын атап өткен артық болмас. Шараға сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігінің, Қазақстан салық төлеушілері қауымдастығының өкілдері де қатысты.
Семинарда жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген мәселелер айтылып, мамандар тарапынан түсініктеме берілді. Жаңа кодекске қатысты көптеген сауалдар қойылып, осы саланың білікті мамандары тарапынан нақты жауаптар қайтарылды. Берілген сауалдардың ішінде халықаралық тасымал қызметімен айналысатын шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін есеп-фактураның көшірмесін электронды түрде беруді талап етуге байланысты мәселе болды. Бұл сауалға Қазақстан салық төлеушілері қауымдастығы мен Экономика, Қаржы министрліктері өкілдері жауап берді. Қазіргі күні Салық кодексінің 412-ші бабына өзгертулер енгізілген. Осыған орай, шағын кәсіпкерлік субъектілерін есеп-фактураны электрондық формада беруді міндеттейтін талап алынып тасталмақ. Мұның өзі халықаралық тасымалмен айналысатын кәсіпкерлерге біршама тиімді болып, жұмыс кедергісі жойылар еді. Жаңа салық кодексіндегі бұрын кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп келген осындай біраз жайлар ескеріліп, қажетті өзгерістер енгізілген. Мұның бәрі бизнестің дамуына, сол арқылы еліміздің экономикалық жағдайының жақсаруына игі ықпалын тигізетін болады. Жалпы, семинарда жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты көптеген жақсы ой-пікірлер айтылып, жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берілді.
– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінде бизнестің дамуына әсер ететін қандай жағымды өзгерістер бар?
– Жаңа кодекс ең алдымен, өзінің мән-мазмұны мен сипатын өзгертті. Жаңа заңда заңды сыйлайтын салық төлеушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылған. Онда салық төлеушілердің өз бетінше салық төлемдерін төлеулеріне мүдделі болуына жете назар аударылған. Сонымен бірге, Бүкіләлемдік сауда ұйымы талаптарына қайшы келетін жеңілдіктердің бәрі алынып тасталды. Жаңа кодекске шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін айтарлықтай жеңілдететін нормалар мен талаптар енгізілгендігін атап өткен жөн. Ол кәсіпкерлер үшін оңтайлы болады деп айтуға негіз бар. Заңды тұлғаларға арналған арнайы заң бөлімдерінің болуы, кәсіпкерлердің мүдделері мен қызметіне жете көңіл бөлінгендігін айғақтайды. Жаңа кодекстің талаптары арнайы заңгер қызметі жоқ шағын кәсіпкерлік субьектілерінің жұмысына көмегін тигізетіні анық. Онда кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын заң талаптары көп. Мәселен, кәсіпкер қаржылық құзырлы органға немесе сотқа апелляциялық шағым түсіргенде заң бұзушылық әрекетті қателіктен жасағандығын дәлелдесе, бұл үшін жауапкершіліктен босатылады.
Сонымен бірге, Салық кодексіндегі толықтырулар басқа заңмен биылғы жылдың 1 шілдесінде күшіне енбек. Осыған орай, бизнес өкілдерінің жаңа кодексті егжей-тегжейлі оқып, танысулары үшін жарты жылдай уақыты бар. Сөйтіп, бизнеске қатысты барлық заң талаптары бір заңда топтастырылады. Мұның өзі кәсіпкерлердің өз құқықтары мен міндеткерліктері туралы түрлі заң актілерін қарап жатпау-ларына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, салық төлеушіге бұрынғыдай жылына 30 мың айлық есептік көрсеткіш қосымша құн салығы табалдырығы сақталады. Салық бойынша тексерулерге негіз болатын жайлар 56 пайызға дейін қысқартылып, жаңа кодексте ол 12 талап бойынша жүргізілетіндігі нақтыланған. Патентпен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін салық мөлшері 2 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілген. Ал, ықшамдалған декларация талабы заңды тұлғаларға да, жеке тұлғаларға да бірдей болып қала береді.
– Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің атқарып жатқан жұмыстары туралы не айтасыз?
– Өткен 2017 жылдың қорытындылары шынын айтқанда көңілімізден шығатындай дәрежеде деп айтуға болады. Жыл ішінде алдын ала болжамданған мөлшер көрсеткіші бо-йынша мемлекеттік салық түсімі 102,3 пайыз болып, 131 миллиард 34 миллион теңге жиналды. Салыстыра айтар болсақ, бұл 2016 жылға қарағанда 21 миллиард 270 миллион теңгеге артық. Пайызға шаққандағы өсім – 119 пайыз болып отыр.
Экономикалық зерттеу қызметі бағытында өткен жылы 104 экономикалық қылмыс істері аяқталып, оның 69-ы сотқа жіберілді. Бұл жалпы заң бұзушылықтың 65 пайызы. Заң бұзушылыққа қарсы күрес барысында мемлекет қазынасына 548 миллион 498 мың теңге қаржы қайтарылды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар