Сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік функцияларды өз жеке басының мүддесінде пайдалану деген ұғымды білдіреді. Былайша айтқанда ол қоғамдық мүддеге, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мүддесіне қарама-қайшы келеді.
Ол мемлекеттік қызмет көрсету сапасының төмендеуіне, көлеңкелі экономиканың дамуына, криминалдық құрылымдардың, халықаралық терроризм мен экстремизмнің позициясын нығайту сияқты құбылыстарға әкеп соғады. Сыбайлас жемқорлық проблемасы қазіргі заманда әлемдік ауқымдағы үлкен проблема болып отыр. Ол мемлекеттің саяси құрылысы мен экономикалық даму деңгейіне қарамастан, нарықтық экономикасы бар дамыған демократиялық мемлекеттердің өзінде де орын алуда. Сыбайлас жемқорлық әсіресе, мемлекет модернизациялану сатысында тұрған кезде жоғары болады. Осы орайда, Қазақстан жай ғана модернизациялаудан емес, қоғамдық, мемлекеттік және экономикалық құрылыстың түбегейлі өзгеруі кезеңінде тұрғанын айта кеткеніміз жөн.
Қазіргі кезде қазақстандық қоғамда болып жатқан процестер тәуелсіз жас мемлекеттерге тән құбылыс. Бұл сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күресті жандандыруды қажет етеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық ауыспалы кезеңдегі кез келген мемлекеттің міндетті атрибуты болып табылады. Қазақстанда бұл ахуалдың болуы бірқатар экономикалық институционалдық және әлеуметтік-мәдени секілді объективті себептермен байланысты болып отырғаны анық.
Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлықты тоқтату мемлекеттік саясаттың басты ұстанымдарының бірі болып табылады. Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен ашық және аяусыз күресуді мемлекеттің он басымдығының бірі ретінде белгілеп берді. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің 2015-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуын тежеп, инвестиция тарту мен демократиялық мемлекеттің саяси қоғамдық институттарына кері әсерін тигізетіндігі, еліміздің болашақтағы дамуына айтарлықтай қауіп төндіретіндігі айтылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу мақсатында республикада заңнамалық база қалыптастырылған.
Атап айтсақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң, «Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметіндегі тәртіпті нығайту бойынша шаралар туралы» Президент Жарлығы, сонымен қатар, бірнеше бағдарлама көлеңкелі экономиканы, экономика саласындағы құқық бұзушылықтарды қысқартуға бағытталған. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға, сыбайлас жемқорлықтан келер қауіп-қатерлерден мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін, құқық бұзушылықты ашу жолын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық салдарын түзету, кінәлі деп танылғандарды жауапқа тарту арқылы мемлекеттік функцияларды орындайтын лауазымдық тұлғалар мен басқа тұлғалардың, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуге негізделген. Аталған заңнама сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі қағидаттарын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылық түрлерін, сонымен бірге, жауапкершіліктің басталу шарттарын анықтайды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресуде азаматтық қорғау органдарының беделін көтеру, сонымен бірге басқа да құқық қорғау органдарымен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесе әрекет ету, ынтымақтастықты жандандыру маңызды болып табылады.
Алексей СОВЕТОВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы,
азаматтық қорғау подполковнигі.