1961 жылдың қоңыр күзінде Никита Хрушевтің пәрменімен сол тұста Целиноград атанған Ақмола облысының «Есіл правдасы» газетінің есігін имене аттаған мектепті жаңа бітірген жас қыз бар өмірі осы редакцияда өтерін, кейін өзі айтатындай «қыз болып келіп, кемпір болып шығатынын» білді деймісің. Иә, Бағдат Ахмедияқызы Рысмұхамедова апамыздың бар саналы өмірі, тірлігінің ең қызықты шақтары бүгінгі «Арқа ажары» газетінің редакциясында өтті. Осында жүріп тұрмыс құрып, ана, кейінірек немере, тіпті шөбере сүйіп әже атанды.
Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген өлең жолдарының терең мәнін Бағдат апамыздың өмір, еңбек жолына қарап түйсінуге болатындай. Ол кісі туралы: «міне, өмірден, еңбектен орнын тапқан, дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланып, қоғамда толыққанды тірлік кешкен жан осы» деп нық сеніммен айтуға болар еді. Иә, Бағдат тәтенің (редакцияның үлкені де, кішісі де оны осылай атайтын) еңбек кітапшасындағы облыстық газеттің корректоры қызметін атқарғандығы туралы жалғыз жазу оның өз мамандығына деген адалдығын анық дәлелдейді. Мамандығын жыл сайын ауыстырып, әр нәрсенің басын бір шалатын әлдекімдер сияқтанбай, зейнет демалысына шыққанша, тіпті одан кейін де ұзақ жылдар корректорлық қызмет атқарған оның тағы бір ерекшелігі – өз жұмысын өте жақсы білетіндігінде және ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынында болатын.
1999 жылы тағдырдың айдауымен сол кезде Астана атанған Елордаға келіп, «Арқа ажары» газетіне қызметке тұрдым. «Арқа ажары» Отырар көшесінің бойындағы үш қабатты үйде орналасқан. Редакцияның жартысы облыс орталығы Көкшетауда. Содан болар, адам аз. Мұндағы үш-төрт адам кезек-кезек газеттің кезекші редакторы болады. Міне, сол тұста мен корректор Бағдат тәтемен жақын танысып, бірге жұмыс істедім. Бұл кезде зейнеткерлікке шыққан апайымыз ерте келіп, кеш кететін газеттің алашапқын жұмысын ұршықтай үйіретін өз ісінің нағыз майталман шебері болатын. Компьютерден теріліп шыққан материалдарды корректорлар оқып, тазартып алады. Бағдат тәте оқыған мақалалар тап-таза болып шығады. Содан газетті беттегенде кезекші редакторларға оқуға әкеліп береді. Қызығы сол, қанша шұқшиып қарасақ та, Бағдат тәте алдын ала оқып тазартқан материалдардан бір қате таппай «қиналатынбыз». Көбінесе беттелген беттерді қаламсап тигізбей тап-таза күйінде компьютер цехына апарып береміз. Алғашында қате таба алмайтыныма іштей қысылып жүрдім. «Мынау бетті дұрыс оқымайды екен» деп айта ма деген күдік тұрады іште. Кейінірек бұған ет өліп, үйреніп кеттім.
Бағдат тәтенің өз жұмысының нағыз кәсіби маманы екендігінің тағы бір белгісі – ол кісі тек әріп, не тыныс белгіден кеткен қатені ғана түзеп қоймайды. Кейбір селкеу сөздерді, олақ құрылған сөйлемдерді де кезекші редакторға көрсетіп «мына сөйлем дұрыс құрылмапты» деп астын сызып әкеліп жатады. Содан амал жоқ әлгі олақ сөйлем мен селкеу сөзді өзгертуге тура келеді. Оны айтасыз, адамдардың тегі мен кейбір шаруашылық цифр-
лар да күдік туғызса, астын сызып көрсетіп, мынаны анықтау қажет деп кезекшіге көрсетеді. Кейін анықтай келе, шындығында қате екендігін көріп, білген кездер көп болды.
Астанада қызмет етіп жүрген кездерімде газет шығару кешігіп, түн ортасына дейін созылатын жайлар жиі кездесіп тұратын. Мен ол кезде орталықта редакцияға жақын жердегі жатақханадан бөлме жалдап тұрдым. Қала шетіндегі мөлтек ауданда тұратын Бағдат тәте түн ортасында үйіне қалай жететінін білмеймін. Бірақ, ол қанша кешіксе де өзгелер сияқты «автобустан қалып қоятын болдым» деп асықпайды. Өзінің жұмысын ақырына дейін жеткізіп барып кетеді.
Бағдат Рысмұхамедова газетте корректор болып 1961 жылдан редакция Көкшетауға көшкенге дейін, яғни, 2007 жылға дейін 46 жыл қызмет етіпті. Редакция көшерде айтқан «редакцияға қыз болып келіп, кемпір болып кетіп барамын» деген сөзі өз жұмысына, мамандығына деген адалдығын, сүйіспеншілігін білдірсе керек. Оның өмірі, еңбек жолы бүгінгі жалақысы жоғарылау жұмыс іздеп өмірден орындарын таба алмай алашапқын тірлік кешкен жастарға үлкен үлгі аларлықтай.
Бағдат тәте өмірден де орнын тауып, жары Аманжол екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-шөбере сүйіп, бақытты отбасы болды. Еңбектен де, өмірден де орнын тапқан Бағдат тәтемізді шын бақытты жан еді деп нық сеніммен айтуға болады. Соңында кестелі із қалдырған, өмір атты ұзын сонар жолда адаспай орнын тауып, бақыт ауылының тұрақты тұрғыны болған бүгінде ортамызда жоқ Бағдат тәтеміздің жаны жәннатта шалқысын, өзі жетпеген бақыт пен игілікті кейінгі ұрпақтарына берсін, дейміз.
Қалкөз ЖҮСІП.
Көкшетау.