Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ер адамның киімін баспа! - АРҚА АЖАРЫ

Ер адамның киімін баспа!

ХVІІІ ғасырда Қазақстанның батыс өңірінде Есенгелді атты кісі тұрмыс кешеді. Ол жеті атасынан бері бай, мал-жаны мыңғырған адам болса керек. Нағыз шынжыр балақ, шұбар төс дәулетті адам екен. Болыс болып, ел де билейді. Оның тоқалынан Бекей есімді ұл болыпты. Бекей орысша сауаты өте жоғары, көзі ашық жігіт екен.

Байдың бәйбішеден туған ұлдары Бекейдің елі ішіндегі беделін көре алмай, әкесін ұлына айдап салады. Оған: «Балаңыз атадан қалған дәулетті бей-берекет шашып жүр. Ел-жұртқа абыройсыз қылып бітті»,–деп жамандайды. Оларға иланып қалған Есенгелді:
– Олай болса, маған қандай ақыл бересіңдер?–деп сұрайды.
– Ойбай, әке! Ондай баланың барынан жоғы. Тез құтылғаныңыз жөн,–деп азғырады мысық тілеу ұлдары. Зұлымдардың тіліне ерген бай Бекейді мерт қылады. Бұл оқиға кейін барлық жерге әшкере болады. Бекейдің әйелі өте есті жан екен. Әкесінің өз ұлының түбіне жеткендігін дәлелдеп, қазы-билердің алдына жүгінеді. Бай баласын өлтіргенін мойындап, өкінеді. Даудың соңы құнға кеп тірелгенде өжет әйел:
– Еріме құт болмаған дәулет маған бақыт бермейді. Бір ғана тілегім бар. Қайын атамның жеті атасынан бері келе жатқан құндыз жағалы тоны төрінде ілініп тұр. Соны бір аттап өтем. Басқа талабым жоқ,– депті.
Келіннің өтініші орындалады. Көп ұзамай, Есенгелді бір жұтта төрт түлік малынан тегіс айырылып, таяқ ұстап қалады. Киелі киімі аяққа тапталғандықтан, байдың бағы таяды. Ақыры Есенгелді жоқшылықта, қайыр сұрап жүріп өлген екен. Бұл оқиғаға қатысты орыс жазушысы В.Даль «Бекей мен Мәулен» атты хикаят жазған. Осы жағдай киімнің де құты болатындығын, оны басқанда киесі кетіп, шаңырақтан бақтың ұшатындығын көрсетеді.
Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтыбақаннан соң» атты әңгімесінде ер адамның киімін әйел адамның астына басып отырмайтындығы туралы сюжет келтірген. Шығарма авторы бұл жерде әйел адам ер кісінің киімін астына басса, оның басынан бағы таяды деген ойды әсерлі де нанымды жеткізген.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар