Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі - АРҚА АЖАРЫ

Бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі

Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде мемлекет басшысы Н.Назарбаев сот тәртібінде қаралатын даулар санын азайтудың, оларды шешудің баламалы әдістерін енгізу маңыздылығы туралы айтқан болатын. 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жаңа редакциясында тараптарды татуластыру мәселелеріне аса назар аударылған, «Татуластыру рәсімдері» атты бөлек тарауында татуласу келісімін және дауды медиация тәртібімен, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін жасау сияқты тараптардың татуласу әдістері нақты реттелген.

Медиация сөзі «mediare», латын тілінен аударғанда делдалдық ету, яғни, тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деген мағынаны білдіреді. Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни, медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады.
Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды. Сондай-ақ, медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рәсімін және медиатордың мәртебесін айқындайды.
Медиаторлар екіге бөлінеді. Олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар. Ал, екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес негізде де жүзеге асырады.
Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады.
Ал, кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес. Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мемлекеттік қызметкерлерге, сотты болып, ақталмағандардың бұл қызмет түрімен айналысуларына рұқсат етілмейді.
Дала билігінің дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билер ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға аса назар аударған. Яғни, қолданыстағы Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңы аты бөлек болғанымен қазақ үшін жат дүние емес. Бұл «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деуге болады.
Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша жәбірленушіге айыпталушы жақ келтірген залалдың орнын толтыру туралы екі жақты келісімге келетін болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабы негізінде қылмыстық іс қысқартылады.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Ринат ШАҚУАНОВ,
Көкшетау қалалық
сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар