Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары да мәресіне жетті. Күні кеше спортшыларымызды додалы жарысқа үлкен үмітпен шығарып салған едік. Үміт мүлдем ақталмады деуге болмас, десе де күткендегідей жақсы нәтижеге қол жеткізбегеніміз анық.
Юлия Галышеваның фристайлдан әкелген жалғыз қола медалі әлемнің 92 елінен үш мыңнан астам спортшы қатысқан дүбірлі жарыста Қазақстанның 28-ші орынға табан тіреуіне жағдай жасады. Бұл оншалықты жаман көрсеткіш емес. Десе де, медальдан үмітті шаңғышы Алексей Полтаранин мен фристайлшы Дмитрий Рейхерд өз деңгейлерінен әлдеқайда төмен өнер көрсеткендігі «бағы жанбады ма, әлде бабы келіспеді ме?» деген сауалды алға тартты. Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, тағы бір үміт күткен спортшымыз Денис Теннің көрсеткіші 26-шы саты болды.
Сөйтіп, Ақ Олимпиада жалауы түсіріліп, жарыс мәресіне жетті. Олқылықтар мен кемшіліктерді спорт саласының мамандары талдай жатар. Ендігі мақсат – 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиада ойындарында биылғы кеткен кемшіліктерді қайталамау.