Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесі Қорғалжын селолық округінің әкімі Жанат Омаровқа қатысты іс қарады.
Білдей-бір округтің әкімі жас жеткіншек баланы ұрып, соққыға жығады деп кім ойлаған? Алайда, ұйып тұрған елді шулатқан сондай бір дөрекі іс болды. Өткен аптаның соңында Қорғалжын ауданының тұрғыны Айгүл Бекжанова «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы А.Төлеубаев атындағы орта мектепте оқитын ұлы, 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров соққыға жыққандығы туралы хабар таратқан еді.
Ауыл әкімінің соққысынан кейін «миы шайқалған» деген диагнозбен Диас әуелі Қорғалжын аудандық ауруханасына, кейін Астана қаласындағы №2 ауруханаға жеткізілгені жайлы анасы шырылдап жазды. Әп-сәтте әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге тараған бұл оқиға көпшіліктің наразылығын тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары оқушы балаға қол көтерген әкімнің ісін қатаң сынға алды. Жергілікті биліктегілер бұл істі жылы жауып қоюға тырысып жатқандығын да айтып, соққы жеген баланың туыстары мен ата-анасының таныстары әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек те сұрап жатты.
Істің насырға шаба бастағанын біліп отырған құқық қорғау органдары араға екі-үш күн өткеннен кейін ғана ресми мәлімет жасады. Журналистер де қарап жатпай, прокуратура органдарына сауал жолдаған еді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі осы сауалға орай «Мұқан Диастың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеуде. Тергеу барысында Жанат Омаровтың əрекеттеріне құқықтық баға беріліп, жақын арада процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық істің тергелуі Ақмола облысы прокуратурасының бақылауына алынды», – деп жауап берді.
Бас прокуратураның осы жауабынан кейін Ақмола облыстық ішкі істер департаменті де үнсіз қалуды жөнсіз деп ойлаған болар, олар да өздерінің баспасөз қызметі арқылы хабар салып, істің ақ-қарасы тергеу амалдары аяқталған соң анықталатынын айтып сендірді.
– Қазіргі уақытта ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға куәгерлерінің барлығынан түсініктеме алынды, –деп осы департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук өздерінің не істеп жатқандықтарын осылайша бір пысықтап тастады.
Сөйтіп, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап жатқанда Диастың ата-анасы ұлын Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханаға жеткізеді. Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Астанадағы ауруханаға барып, әкім соққыға жыққан баланың жағдайын дәрігерлерден сұрап біледі. Дәрігерлер баланың денесінде бірнеше соққының ізі барын растады.
– Диас біздің ауруханаға ақпанның 22-нен 23-не қараған түні түсті. Баланы барлық дәрігерлер, соның ішінде травмотологтар, хирургтер, нейрохирургтер тексеріп, ересек адамның соққыға жыққандығын бірден анықтадық. Түгел тексеріп шықтық. Диастың құлақ қуысы органдарына «узи» аппараты арқылы зерттеулер жүргізілді. Миына компьютерлік томография жасалды, – деп Астана қаласының №2 балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу-алдын алу жұмысы бойынша орынбасары Ұлықбек Асылбеков мән-жайды түсіндіріп берген-ді.
Дәрігерлер баланың «миының шайқалып, иық буындары мен белдің жұмсақ тініне зақым келіп, денесінің бес жерден жаралануына» қарамастан Диастың өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтады. Бұған да шүкіршілік!
Құқық қорғау органдары жүргізген тергеу шараларының қорытындысы бо-йынша енді бұл істің соңғы нүктесін сот қоятыны белгілі. Әйтсе де, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бо-йынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесі бұл іске бейжай қарап отыра алмады. Балаға жұдырығын ала жүгірген әкімнің ісін кеңес мүшелері талқыға салды. Бұл істі қарап, талқылауға кеңес мүшелері ғана емес, облыс әкімдігі аппаратының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ішкі істер органдарының, денсаулық сақтау, білім басқармасының басшылары да қатысты. Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары мен аудандық әкімдіктің аппарат жетекшісі де шақыртылған-ды. Олар да отырды.
Әуелі елді шулатып жүрген Жанат Омаров кеңес мүшелері алдында не болғандығын, өзін не түлен түрткендігін өзі айтып берді. Айтуынша, баласының мектептен көзі көгеріп келгенін көрген ол, әке ретінде шыдамай кеткен екен. Баласын ұрған Диас Мұқанды тауып алып, оны директордың алдына апармақшы болғанын айтып, осы уәжге сендірмекші болды.
– Диасқа жақындап келдім де, жағасынан алып, мектеп директорына апарғым келген. Сол арада ол орындығымен бірге өзі құлап түсті. Ұрған да жоқпын, шкафқа да соғылған жоқ. Баламның мұрнынан қаны ағып мейірбикеде отырғанын көріп, осылай өзімді ұстай алмай қалдым. Бірақ, тепкіледі деген бекер сөз, – деп ақталмақшы болды ауыл әкімі.
Ақталмақ болды дейтініміз, кеңеске қатысқан аудандық аурухананың бас дәрігері Марал Архабаеваның сөзі мен қызметтік тексеріс материалдарындағы дәлелді дәйектер оқиғаның шынайы бейнесін ғана емес, әкімнің жалған сөйлейтінін де ашып бергендей еді. Дәрігер әкімнің айтқан сөздерінің барлығын жоққа шығарып, баланың науқастарға арналған арбамен ес-түзсіз жеткізілгенін айтты.
– Баланы көтеріп әкелді. Ес-түзсіз, тілі күрмеліп жатты. Жағдайы ауыр болды. Денесі тартылып қала берді. Орындықтан құлап түсіп, осындай жағдайға жетуі мүмкін емес қой, – деді Марал Архабаева.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жүргізген тексеріс қорытындысында көрсетілгендей ауыл әкімі оқушыны іздеп барғанда, оның артынан ере барған 4 мұғалім мен осы оқиғаға куә болған оқушылардың да әкімнің баланы тепкенін растап, түсініктеме бергендігі де бар.
Кеңесте аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Сембаев, аудан әкімі аппаратының жетекшісі Гүлнәр Сыздықова және аудандық білім бөлімінің басшысы Сартай Рысбаев та тыңдалды. Олар оқиғаның орын алғанын білгенімен, тіс жаруға асықпаған көрінеді. Ақпанның 22-і болған оқиғаның екі-үш күн өткен соң ғана барып жария болуының себебі де осы шығар. Осы оқиға жайлы аудан әкімінің орынбасары аудандық аурухананың дәрігерлерінен «ауыз ашпауды да» талап еткені өрескелдік болғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтып қалды.
Әр жақты тыңдап, оқиғаны әбден зерделеген және облыстық ІІД тергеу органдарының қылмыстық іс қозғағандығын назарға ала отырып, кеңес мүшелері Қазақстан Рес-публикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесі «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының тиісті баптарына сәйкес мемлекеттік қызметші Жанат Омаровты Қорғалжын ауылдық округінің әкімі қызметінен босату туралы бірауыздан ұйғарымға келді. Осы ұйғарым негізінде Қорғалжын ауданы әкімінің бұйрығымен Жанат Омаров сол күні ауылдық округтің әкімі қызметінен босатылды. Енді ол заң органдары алдында жауап береді. Әрине, жазасыз қалмасы да анық.
Аслан Оспанов.