Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ісмер Айман апай - АРҚА АЖАРЫ

Ісмер Айман апай

– Мен көктемді асыға күтемін. Әсіресе, қыс көрпесі сырғып, жер-ана гүлденіп, түрленгенде, со-о-нау көкбелдерден «ұйқыдан» жаңа оянған қызғалдақтарды іздеп жүріп фотоға түсіремін де, үйге келіп сол суретке қарап кесте тігемін, – деп бастады әңгімесін Балкашин ауылының тұрғыны, қолөнер шебері Айман Теміржанқызы.

– Анам қолы епсекті, шебер адам еді. Әлі есімде есік алдында, аулада алаша тоқып отыратын. Мен ол кезде мектеп жасындағы кішкентай қызбын ғой, анама қолқабыс қыламын деп, ол үй шаруасымен айналысып, текеметін тастай бергенінде, мен жүгіріп барып, тоқимын деп ілмек іліп, бәрін бүлдіретінмін. Сондайда анам қабақ шытпай, кейімей, «осы қызым шебер болады-ау» деп жылы жымиып менің шалағай жасаған ісімді жөндеп, қолөнерін әрі қарай жалғастыра беретін. Он жасымда әкемнен айрылдым. Жастайымнан анама қолқабыс болуға тырысатынмын. Еңбекке ерте араластық. Анам жанына отырғызып қойып, ою ойып, кесте тігуге үйрететін. Ал, өзі болса жүннен тоқыма тоқып, ілмекпен шілтердің түр-түрін тоқып, үйді жайнатып қоятын. Соны көзбен көріп, көңілге тоқып өстік, – деп бала кезін еске алған Айман апа өз әңгімесін былайша жалғастырды.
– Мен Ақжар ауданының Кеңащы ауылында туып өстім. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Бәлкім заман сондай болды ма біз қазіргінің балаларындай ананы жемеймін, мынаны кимеймін деп өскен жоқпыз, әке-шешемізге бізге жағдай жасамадың деп бір ауыз жаман сөз айтып, беттен алып көргенсіздік танытқан да емеспіз, шүкір. «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген бар емес пе? Бойжеткесін қалаған көйлекті өзім матадан пішіп тігіп алып жүрдім. Тіпті шалбарға дейін тігіп, анама көрсетпей киіп жүретінмін. Қазір ауылдарда текемет басып, алаша тоқып жатқан ешкімді көрмейсіз. Қамшы өріп, мүйіз тарақ жасайтын аталарымыз, алаботадан сақар қайнататын әжелеріміз жоқ. Тезек соғып, отынға үнем жасап жүрген келіндер де некен саяқ, – дейді Айман апай. Иә, апай дұрыс айтады. Шынында да, қазақтың келіншектері қазір жүн түтіп, ұршық иіруді де ұмытқан, кейбірі ұршыққа ескіліктің сарқыншағы деп қарайды. Жасырары жоқ, ауылдағы қыз-келіншектер түбіт шұлықты базардан сатып алатын жағдайға жетті. Ал, ауылдарда жүн мен тері шіріп жатыр. Қалай дегенмен де, ұлттық салт-дәстүр ұмытылып қалды деуге тағы болмайды. Керісінше, қайтадан жаңғырып, өмірімізге тереңдеп еніп, ұлттық өнерге өріс ашылғандығы байқалады.
– Егемендік алып еңсемізді тіктеген кезден бастап, салт-дәстүрге ден қоя бастадық. Соның бір белгісі, ауылда да, қалада да көптеген қазақ отбасыларының төрінен құрақ көрпелер, бірсаларлар, тағы басқа тұрмысқа қажетті ұлттық нақыштағы бұйымдар орын ала бастады. Осыны көріп көз қуанып, көңіл марқаяды. Қызым Жанарды ұзатқанда жасауын ұлттық нақышта өз қолыммен тігіп бердім. Содан бері қолым қалт еткенде, қолөнермен айналысатын болдым. Құрақ көрпе, ою көрпе, қоржын, қапта, бірсалар, түс киіз, бөстік тігуді қолға алдым, – дейді апай ағынан жарылып. Негізгі мамандығы заңгер болса да ұлттық өнерді ұмытпай оны жандандыруға ат салысып, өзіндік қолтаңбасымен елге танылған Айман Теміржанқызы 2006 жылдың жазында Сандықтау ауданының орталығына отбасымен қоныс аударып, күні бүгінге дейін аудандық пошта торабында жазылым жөнінде нұсқаушы болып қызмет етуде. Өн бойынан кісілік пен кішілік, мейірім мен ізгілік, ақыл мен парасат табылатын көркем мінездің иесі ұжым қызметкерлері арасында да зор құрметке ие. Еселі еңбек еш кетпейді деген. Айман Жүніс өнеріне қызығушылық танытатындардың арасында жастардың көп екендігіне қуанады.
– Әлеуметтік желіге өзім тіккен бұйымдарды салып жүремін. Өз оқырмандарым бар. Бірде осы әлеуметтік желі арқылы Шымкентте өткен «Ұлттық тарихымызды ұлықтайық» атты республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысуға шақырту алдым. Ол байқауда жұлдызым жанып, жүлделі III орынға ие болдым, – дейді ол.
Айман Теміржанқызы моншақ өру ісімен де айналысады екен. Әрбір киімге әдемі әшекейлерді үйлестіріп, өзі қолдан жасайды. Сұлулыққа іңкәр ісмер апа әйел өмірдің ажары, сол себепті әйел әрқашан әдемі болып жүруі керек деп есептейді. Ұлттық өнерді насихаттап, жанындағыларды ізгіліктің шуағына бөлеп жүрген он саусағынан бал тамған осындай өнегелі аналарымыз аман болсын әманда дейміз біз де!

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар