Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған бес әлеуметтік бастамасын талқылап, міндеттер белгілеуге арналған актив жиналысы облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілді.
Бұл шара «онлайн» режимінде ұйымдастырылып, оған барлық деңгейдегі депутаттар, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары және орташа арнайы оқу орындарының, бизнес, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, қаржы, медицина мен мәдениет саласының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында облыс әкімі М.К.Мырзалин баян-
дама жасап, Мемлекет басшысының бастамалары ақмолалықтардың зор қолдауына ие болғанын атап өтіп, бес бастамалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Өңір дамуының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы толық мәлімет беріп,
жауапты органдардың алдында тұрған нақты тапсырмалар туралы сөз қозғады. Қазақстанда «7 — 20 — 25» бағдарламасын іске асыру көзделіп отыр. Жұмыс істеп жүрген әрбір азамат жеңілдетілген ипотекалық қарыз алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, несие бо-
йынша сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз болса, алғашқы жарна 20 пайыздан аспауы керек. Ал, несиені төлеу мерзімі 25 жылға созылады.
– Аталған бастамаларды орындау үшін жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі күні Ақмола облысында 20 мыңнан астам адам пәтер алудың кезегінде тұр. Қазір облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 16 жалдамалы, 12 несиелік тұрғын үйлер салынуда. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге жоғары. Сонымен қатар, 2400 жер телімінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін инженерлік коммуникациялар тартылады. Демек, біз осы бағытта жұмысты жалғастыра беруіміз керек. Мемлекет басшысы ұсынған бастамалардың негізіндегі ипотекалық несиелеу бағдарламасы пәтерге қол жеткізу жолында көптеген азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, –
деп атап өтті Мәлік Мырзалин. – Сонымен бірге, Мемлекет басшысының салық жүктемесін азайтуға қатысты бастамасына орай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлығы төмендердің салық жүктемесін
1 пайызға дейін төмендетуді ұсынған болатын. Өңірде 250 мыңға жуық адам айлық есептік көрсеткіштен 25 есе төмен жалақы алады. Төмендетілген табыс салығынан босатылған 353 миллион теңге төмен айлық алатын адамдардың еңбекақысын көтеруге бағытталмақшы.
Осыны айта келіп, облыс әкімі Мәлік Мырзалин студент жастардың өмір сүруі мен білім беру сапасын жақсарту мәселелеріне тоқталды.
– Білім саласында жаңа реформалар жүргізілуде. Соңғы екі жылда 10 мың мұғалім жаңа бағдарлама бойынша арнайы курстардан өтті. 2018 жылдан бастап осы категориядағы мұғалімдердің айлық ақысы 30 пайызға өсті. Білім саласын дамыту үшін, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша 20 мың грант бөлу жоспарланып отыр. Оған қоса, облыстық білім, құрылыс, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларының басшыларына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде студенттерге жатақхана салу жолдарын зерттеп, қарастыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Шағын және орта бизнесті дамыту ісі де жергілікті биліктің тұрақты бақылауында тұр. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешетін болады.Биылғы жылға өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында 400 адамға шағын несие беру үшін 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы орайда, облыс әкімі Мәлік Мырзалин жаппай кәсіпкерлікке бет бұру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Қазақстан Президенті бастамаларының бесіншісі – елімізді газдандыруды жалғастыру болса, осыған қатысты Ақмола облысында бірқатар нақтылы жобалар қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы Щучинск қаласындағы мазутпен жағылатын бес жылу қазандығы, келер жылы Көкшетау қаласындағы «РК-1» жылу қазандығын газбен жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, тағы да жеті аудан орталығын газдандыру көзделген.
Сондай-ақ, басқосуда «Регион строй» серіктестігінің директоры Александр Дворцевой, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Тәукен Ошақбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов және «Атбасар газ» серіктестігінің директоры Ринат Мұратов сөз сөйлеп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының қазақстандықтар үшін зор маңызы бар екендігін айтып, өз ойларын ортаға салды. Алдағы іс-жоспарларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Мемлекет басшысының бес бастамасын жүзеге асыру барлық ақмолалықтардың міндеті екендігін атап көрсетіп, белсенділік танытуға шақырды.
Аслан Оспанов.