Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың басшылығымен облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып, онда гендерлік саясатты ілгерілету жөнінен алға қойылған міндеттер мен отбасылық құндылықтар мазмұнды әңгіме арқауына айналды.
«Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі. Біздің еліміздің болашағы біздің бүгінгі баланы тәрбиелеуімізге тікелей байланысты» деп Елбасымыз айтқандай, аналарсыз қоғамды көз алдыңа елестету мүмкін емес. Отырыста сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары отбасы құндылығы, ер-азаматтың мықтылығы, әйелдің ақылдылығы, бесіктен бастау алатын бала тәрбиесі жайында айтып өтіп, іскер әйелдерге халықтың игілігі, болашағы үшін жасап жатқан жұмыстарына алғысын білдірді.
Күн тәртібінде қойылған маңызды мәселелердің бірі – әйелдердің діни сауаттылығын арттыру, жат ағымның жетегінде кеткен аруларға заңды және психологиялық көмек көрсететін арнайы мекемелердің жұмысы сараланды. Сонымен қатар, «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу қорының атқарып жатқан жұмысы туралы аталмыш қор директоры Берік Рақышев баяндама жасады. Берік Ұзақбайұлының айтуынша, ұлттық құндылықтарды сақтау, дамыту мақсатында түрлі бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылуда. Қазіргі таңда облыстағы білім беру мекемелерінде әкелер клубы жұмыс істейді. Алдағы уақытта да отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау, жастар арасында бел алған көптеген келеңсіз көріністердің түп-тамырына тереңірек үңілу сияқты жақсы ой-пікірлер де айтылды. Осы орайда, «Әкелер қауымдастығымен» мен «Аналар кеңесінің» жұмысына оң баға берілді.
Комиссия отырысында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зере Қиықова облыс аудандарында да қыздар клубы ашылып жатқандығын баса айтты. Мәселен, өткен жылдың өзінде Зеренді ауданындағы ауылдық округтерде 22 қыздар клубы ашылған. Комиссия жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, жүйелі жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өткен комиссия отырысының соңында жиынға қатысқан әйел азаматшаларға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.