Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев жұмыс сапарымен «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігінде болып, кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесті.
Серіктестік Ақмола облысы индустриясының көшбасшысы әрі республика бойынша ең жоғары сапалы алтын өндіруші кәсіпорын болып табылады. Мұнда бағалы металдарды өндірудің жаңа технологиялары, алтын кенін байытудың тәсілдері өндіріске ойдағыдай енгізіліп, соған сай қазіргі заманғы техникалар тартылған. Осының нәтижесінде серіктестік жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Кәсіпорын «Инновациялық жетістік» аталымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына қол жеткізген.
Тимур Тоқтабаевтың алтын өндіруші кеншілермен болған кездесуінде Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Вице-министр өз сөзінде өнеркәсіп кәсіпорындарын цифрлық басқару және «smart-жүйесін» енгізу жөнінде атап өтті. Сондай-ақ, ол ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдаланудағы басымдықтар туралы айтты. Бұл қалалық қызметтердің сапасы мен жеделдігін арттыруға, қорлар шығынын төмендетуге, мемлекет пен тұрғындар арасындағы байланысты жақсартуға, жеке тұлғалардың 5-G Интернет қызметін пайдалануларына мүмкіндік береді.
Кездесу соңында вице-министр кәсіпорын еңбеккерлерінің сауалдарына жауап берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.