Осы бір бойшаңдау, толықша келген, қараторы жігіт ағасын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жанындағы ардагерлер Кеңесінің кезекті бір отырысында алғаш рет кездестірдім. Сөзге тарта келе есімі Қайырбек екенін білдім. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей, келесі бір кездескенде үстіміздегі жылдың ақпан айында жетпістің табалдырығын аттағанын, ауылда туып-өсіп, еңбекпен біте қайнасқан, техниканың тілін жетік меңгерген шаруақор азамат екеніне қанық болдым.
Қайырбек Наурызбайұлы Клинцы селосының тумасы. Клинцы дегенде Ресейдегі бір селоны айтып отыр ма десем, өзіміздің бұрынғы Щучье, қазіргі Бурабай ауданының Успено-Юрьев селолық округіне қарайтын село екен. 1965 жылы тракторшылар курсын бітірген он жеті жасар Қайырбек тракторға отырады. Жасы жетіп, әскер қатарында міндетті борышын өтеп келгеннен кейін Қайырбек «Ұрымқай» совхозында өзінің сол жұмысын жалғастырып, қайтадан трактор рөлін ұстайды.
Ісіне мығым, техниканы жетік меңгерген жігітті алғашқыда трактор-егіс бригадасы бригадирінің техника жөніндегі көмекшісі етіп тағайындаса, 1988 жылдың қазан айынан бригадир болып сайланады. Қайрекеңнің нағыз диқан болғаны осы сәт десек қателеспеспіз. «Диқан болсаң жеріңнің басында бол, сыпайы болсаң бегіңнің қасында бол» дегендей, Қайырбек жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаз бойы таңның атысы, күннің батысы алқапта болса, қыста сол алқапта қар тоқтатып, техника жөндеп, шеберханада жүрді.
Совхоздар тарап, олардың орнына жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылуына байланысты бригадирлік қызметін «Золотой колос» серіктестігінде жалғастырып, зейнеткерлікке шыққанша осы серіктестікте абыроймен қызмет атқарады. Еңбек жолын жаңа бастаған жастарға ұстаз, тәлімгер болды. Халық депутаттары ауылдық және аудандық Кеңестің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Абыроймен деп отырғанымыз жай сөз тіркесі емес, шынында да аса бағаланған абырой. Өйткені, Қайырбек абыройға өзінің жинақылық пен мақсатқа талпынушылық, белсенділік, тәртіптілікпен қойылған тапсырмаларға жауапкершілігі, жалпы еңбекқорлығы арқасында жетті. Еңбекке араласқан күннен бастап алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды қоспағанда, үшінші және екінші дәрежелі «Еңбек Даңқы», «Құрмет Белгісі» ордендері мен «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталуы осы адал еңбек пен абыройдың арқасы. «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деген осы емес пе. Есесі қайтқан еңбек – игі. Қайырбек Жантенов 1999 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша жарыстың шарттарына сәйкес «Жигули» жеңіл автокөлігімен марапатталса, 2005 жылы «Нива» жеңіл көлігіне ие болды. Мұны қалай еңбек жеңісі демеске!
– Қайреке, ешкім де оқып, еңбекқор болып тумайды. Еңбегі бағаланбай жүргендер де бар. Осындай табысқа жетуіңізге көмектескен, қолдаған, өзіңіз ұстаз тұтып, кеңесін тыңдаған сіздің де тәлімгерлеріңіз, еңбегіңізді қолдаушылар болған шығар, – дедім сөз арасында.
– Әрине. Жұмысым егіншілік шаруашылығымен байланысты болған соң, алдымен агрономдармен тығыз байланыста болдым. Осы орайда, шаруашылықта бас агрономдықтан бастап директор болған, ақыл-кеңестерін тыңдаған, өзіме қолдау көрсеткен Гиря Дмитрий Пантелеевич, Юрбалко Василий Сергеевич және Юстус Райнгольд Райнгольдовичтерді айтар едім. Бұлар тек ауданға емес, облысқа, республикаға белгілі адамдар болды. Мың рахмет оларға, – дейді Қайырбек Наурызбайұлы шын ықыласын білдіре.
Қайырбек тәңір қосқан жары Мәрия Ержанқызымен үш бала тәрбиелеп өсірді. Қыздары тұрмыста, үлкені Гүлнәр Көкшетауда бір мекемеде бухгалтер, Сәуле Астанада дәрігер, ал ұлдары Арман заңгер, қалада қаржы саласында қызмет атқарады. Әзірге Қайырбек пен Мәрия үш немере сүйіп отыр. Ендігі армандары Арманды үйлендіру.
Көкшенің ақ таңы да арайлап атып, Қайрекең ақырын басып облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимаратқа бет алды. Бүгін Қайырбек Жантеновты жетпіс жылдық мерейтойымен, көп жылдық және жемісті еңбегіне ақ алғыстарын білдіріп, әріптестері, өзіндей ардагерлер құттықтамақшы. Біз де ақжарма тілектерге қосылып, Қайрекеңе зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тілейміз.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.