Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халқының жүрегіндегі Есенберлин - АРҚА АЖАРЫ

Халқының жүрегіндегі Есенберлин

Мен өзімнің туған жерім Атбасар қаласына келген сайын, осы шаһардың орталық алаңындағы Ілияс Есенберлиннің ескерткішіне және жазушының музейіне соқпай кетпеймін. Өйткені, Ілияс Есенберлин қазақ әдебиеті мен қазақ тарихының ауыр да азапты жүгін арқалап, бүгінгі тәуелсіз еліміздің руханиятына өшпес те, өлмес те алтын қазына қалдырды.
Атбасар жерінің шынайы патриоты, 1960-1990 жылдар аралығында аудандық кітапхананың меңгерушісі болып істеген Клара Әмірқызы менің өлкелік деректерді жинауыма, туған жердің тарихына қызығушылығыма себепкер болды. Сол кісінің зор еңбегінің арқасында қаншама архивтік деректер, қариялардың естеліктері жиналды, өлкелік мұражайы және Ілияс Есенберлиннің әдеби мұражайы ашылды. Аудандық кітапхананың ескі қызметтік автобусын өзі жүргізіп, шалғайдағы ауылдарды аралап, бүгінгі өлкелік мұражайда экспонаттар ретінде тұрған қаншама құнды заттарды жинады. Сол кісінің ұйымдастырушылығымен өткен көптеген кітап көрмелері, оқырмандардың конференциялары, оқушылардың жазушылар және кейіпкерлермен кездесулері туралы аудандық газет бетінде мақалалар мен репортаждарды жиі жазатынмын.
Клара Әмірқызы құнды деректермен, қызықты оқиғалармен кітапхана оқырмандарын, солардың ішінде менің де патриотизм, туған жерге мақтаныш сезімдерді оятушы еді. Есімде 1970 жылдың көктемінде совет халқы Ұлы Отан соғысындағы 25 жылдық жеңісін тойлап жатты. Сол кезде көптеген соғыс ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, соғыс тақырыбында жазатын жерлес жазушылардың шығармаларының көрмесін де ұйымдастырған еді. Ол кезде Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің екінші курсында сырттай оқушы едім. Кезекті сессияға Алматыға жүрер алдында Клара Әмірқызы жерлес жазушы Ілияс Есенберлиннің кітаптарын автордың өзінің қолтаңбасымен алып келуді тапсырып, өтінді де, Атбасар кітапханасындағы сол кездегі барлық жазушы жерлестеріміздің кітаптарын алдыма жайып тастады.
Жасыратыны жоқ, әрине, өкінішке орай Ілияс Есенберлиннің шығармаларымен мүлде таныс емес екенмін. Бұған себеп, ол жылдары мектеп бағдарламасы бойынша совет әдебиетін, оның тарихын оқитынбыз. Көбінесе орыс халқының әдебиеті және тарихына ғана басымдық берілетін де, ал, қазақ әдебиетіне, тарихына болар-болмас бір-екі сағат қана көңіл бөлінетін. Новоалександровка орта мектебінің директоры, әдебиет пәнінен сабақ берген Антонина Ивановна Сивоваға «Совет үкіметі Сәкен Сейфуллинді неге қудалады, неге атты?» деп бір сұрақ қойғаным да есімде.
Бала кезімнен ақынның шығармашылығымен таныс болатынмын. Менің әкемді көзі ашықтығынан болар, «ақсақ Сағындық, газет оқитын шал» – дейтін ел іші. Сол әкем Сәкен Сейфуллинің лирикалық өлеңдерін жатқа айтатын. Өткен жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары Сәкен сияқты жазықсыз атылып кеткен ақындар мен жазушылардың кітаптары шыға бастады. Бірде әкем Атбасардан Сәкен Сейфуллиннің көк мұқабалы бір кітабын сатып әкелді.
– Сәкен Сейфуллин біздің жерлесіміз, Ақмола облысының тумасы, – деп әкем сол кітапты жатпай-тұрмай құмарлана оқып еді.
Клара Әмірқызы менің алдымда жайылып жатқан кітаптарға деген қызығушылығымды байқап қалса керек, бірер кітапты үйге оқуға берді. Сөйтіп, жергілікті өлкетанушының ұсынысымен Ілияс Есенберлин сынды жерлес жазушының шығармашылығына қызыға бастадым. Жазушының туындыларын іздеп оқып жүрдім. Ілияс Есенберлин шығармалары қазақ тілінде жазылғандықтан да, оның шығармалары қазақ тілінен орыс тіліне аударылып, кейін екі-үш жыл өткесін барып шығатын. Сондықтан, оның жаңа туындыларын қазақ тілінде іздене жүріп оқитын болдым. Кітапхананың оқырмандар бөлімінде «Жұлдыз» журналының беттерін ақтарамын. Өйткені, қазақ жазушыларының жаңа туындылары ең әуелі осы журналда басылатын. Осылайша жерлес жазушы Есенберлиннің шығармашылығына қызығушылығымның арқасында бірте-бірте кітаптарды қазақ тілінде оқи бастадым және үйрендім.
Сол кезде Ілияс Есенберлиннің кім екендігін қысқаша мәліметтер берілген «Қазақстан жазушылары» атты анықтамадан оқып, білдім. Болашақ жазушы бес жасында әке-шешесінен жетім қалып, жастық шағы 20-30-шы жылдардағы ашаршылықпен тұспа-тұс келген еді. Балалар үйі жанын сақтап қалып еді. Есенберлиннің шығармашылық қабілеті де осы балалар үйінде көріне бастады. Ол өзінің алғашқы өлеңдерін балалар үйінің қабырға газетіне жариялайды. Бастауыш мектептен кейінгі оқуын Қызылорда қаласындағы мектеп-интернатта жалғастырды. Еңбек жолын Қарсақпай аудандық атқару комитетінде бастап, солардың жолдамасымен Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтына оқуға түседі де, жоғары білім алғаннан кейін 1940 жылдың жазынан институттың жолдамасымен Жезқазғанда жұмыс істей бастайды. Сол жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып Ригадағы әскери-саяси училищесінде оқиды. Соғыс басталысымен кеңес әскерінің қатарында майдан шебіне жіберіледі. Старая Русса қаласының түбіндегі шайқаста аяғынан жараланып, бір жылдай Кострома қаласындағы госпитальда емделеді. Ерлігі үшін алған «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен үйіне оралады. Әскери-саяси білімі бар жас офицер Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірден нұсқаушы қызметіне алынады, бұл қызметте 1947 жылға дейін болады.
Мені жазушының сүйікті жарының да ерлігі таң қалдырып еді. Есенберлиннің жары Диля 1937 жылы әділет наркомы болған, кейін «халық жауы» деген айыппен атылған Хамза Жүсіпбековтің қызы болатын. Диляға үйленгеннен кейін ол Ақмоладағы «АЛЖИР» лагерінен босаған Диляның анасын Алматыға алып келіп, бір үйде бірге тұрады. Сол үшін қызметінен босатылып, он жылға сотталып, ауыр қара жұмысқа жіберіледі. Алғашында Қарақұм каналының құрылысында жарылыс инженері болады. Барлық халықтардың «әкесі» атанған И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін ақталып, босатылады. Айдаудан қайтқаннан кейін Қазақстан Геология министрлігінде, Бірсуат шахтасында әкімшілік басқармасы болып қызмет істеп, 1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының редакторы, 1962 жылдан Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасының редакторы, 1967 жылдан «Жазушы» баспасының директоры, кейін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1975 жылдан бастап шығармашылықпен айналысады.
1970 жылдың маусым айында Қазақ Мемлекеттік университетінде сырттай оқып жүргенімде, екінші курстың сессиясының аяғында телефон арқылы хабарласып, атақты жерлесіммен кездесу туралы келістім. «Жазушы» баспасының директоры болып істейтін кезі еді. Жұмыс орнына келіп, хатшы мені Есенберлиннің кабинетіне алып кірді. Үлкен жазба үстел алдындағы шағын үстелде бір-біріне қарама-қарсы Ілияс аға және орта жастағы тағы бір адам отыр екен. Кейін білдім, бұл ақын Ғафу Қайырбеков еді. Атақты қос әдебиетшілермен қол беріп амандастым. Олар өз әңгімелерін жалғастырып жатты. Амал жоқ әңгімелеріне құлақ салдым. Әлдебір «табақтар» туралы пікір алмасып отырды. Түсінбедім. Бала кезімнен білетінім табақ дегеніңіз кәдімгі ет салатын ыдыс ретінде түсінетінмін. Кейін республикалық «Қайнар» баспасында редакторлық қызметте болғанымда «баспа табақ» деген сөз алдымнан шығып, мұны орысшалағанда «печатный лист», яғни, баспа ісіндегі кітаптың көлемі екендігін білдім.
Әлден уақытта Есенберлин орнынан тұрып, кабинетінің есігінен төрге дейінгі тұтас бір қабырғаны алып жатқан үлкен кітап шкафтарының шыны есіктерін асықпай ашып, сөрелердегі қаз-қатар тұрған кітаптарды қарап шықты да, «түк те қалмапты, жігіттер барлық авторлық даналарды сұрап алып кетіпті» деді екі қолын жайып. Сосын «жерлестеріме беретін кітаптарымды енді үйден іздеп таппасам, басқа амал жоқ, сен үй телефонын жазып ал», – деді.
Сол арада атақты жазушының үй телефонын жазып ала қоятындай титімдей бір қағаз таба алсамшы! Менің осы бір ыңғайсыз жағдайымды байқап қалған Ілияс аға «ыңғайлы жайғас анаған» деп өз орындығын көрсетті. Бұл күтпеген жайт болды. Мен не отырарымды, не отырмасымды білмей, тұрған жерімде сілейіп тұрып қалдым. Ілияс аға жылы жымиды да, арқамнан қағып есімді жиғызды да, өз орындығына отырғызды да, алдыма ақ қағаздарды жылжытты, оң қолыма өз қаламын ұстатты.
– Ұялма, батыл отыр! Ілекең осы кезге дейін ешкімге өз орнын берген адам емес еді! Шіркін-ай, жерлес, ел дегенің қандай ыстық! – деп ақын Ғафу Қайырбеков бір күліп алды.
Есенберлиннің үстеліне орнықты жайғасқанымды байқап қалған Ғафу Қайырбеков Ілияс ағаға бұрылып тағы да:
– Ілеке, андағы жігіттің үстел басына салмақты отырғанын байқадыңыз ба? Пай-пай! Әлі көресіз, мына жерлесіңіз түбінде сіздің орныңызды басып жүрмесін?! Қараңызшы, мұрны да менің мұрнымдай қолағаштай екен,– деп Ғафу Қайырбеков тағы да жарасымды бір әзіл айтқаны да есімде.
Осы бір естен кетпес кездесуден кейін қазақ ақын-жазушыларының әдеби кештерінен қалмайтын болдым. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің бірінші курсында оқығанымда, Мастура Ғайсиқызы Сармурзинаға қазақ әдебиетінен емтиханды үш мәрте сүрініп барып, әзер тапсырған болатынмын.
1972 жылдың күзінде Қазақ Мемлекеттік университетінің бас ғимаратындағы акті залында Ілияс Есенберлиннің студенттермен кездесуі өтті. Қазір бұл ғимаратта Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы орналасқан. Ілияс ағамен бірге университет ректоры А.З.Закарин бастаған сол кездегі факультет декандары, танымал профессорлар атақты жазушыны орталарына алып, президиумға жайғасты. Сол сәтте дарынды әрі ұлы жерлес жазушыға деген мақтаныштан қуанышым кеудеме сыймай кетті.
– Атбасардың тумасы, менің жерлесім!–дедім жанымдағы жолдастарыма мақтанып.
– Мүмкін емес?! – деп таңырқап қалды олар.
Әлі есімде сол кездесуде Ілекеңе қойылған көптеген құйтырқы сұрақтар да болды.
– Сіз «Жазушы» баспасын директор ретінде басқара отырып, таңертеңнен күн батқанша жауапты қызметте жүріп, жылына бір романнан қалай жазып шығасыз?! Мысалы, 1966 жылы сіздің «Айқас», 1967 жылы – «Қатерлі өткел», 1968 жылы – «Ғашықтар», 1969 жылы – «Қаһар», 1971 жылы – «Алмас қылыш» романдарыңыз жарияланды, – деп бір студент қолындағы қағаздағы жазбаларына үңіліп оқып берді. Сұрағының алдын ала дайындалғандығы аңдалып тұрды.
– Мен жас емеспін, шырағым,– деп бастаған Ілияс Есенберлин былай жауап берді. – Сендер сияқты кештің кешіне дейін қыздардың соңынан салпақтайтын жаста емеспін. Сондықтан да, уақытымды босқа жібермеймін. Менің әр минутым жоспарланған. Осындай қатаң тәртіпке бала кезімнен интернатта дағдыланғанмын, сосын әскерде және соғыста да сол тәртіппен шыңдалған адаммын.
Осыны айтты да Ілияс аға сәл кідіріс жасады. Бәлкім есіне интернаттағы күндері мен соғыстағы кезеңдері ғана емес айдауда жүріп Қарақұм каналының құрылысындағы ауыр өмір соқпақтары да есіне түскен де болар? Содан болар Ілияс аға ауыр бір күрсініп қалды да, сәл күлімсіреп алып, әңгімесін жалғастырды.
– Өзімнің күнделікті жұмыс кестемді айтайын,–деді жазушы аға. – Әскери тәртіппен сағат алтыдан тұрамын, жарты сағаттың ішінде дене шынықтырып, жуынып та үлгеремін. Сосын сағат сегіз жарымға дейін түнде жазғанымды қайра бір қарап, соларды толықтырып, өңдеп шығамын. Бұл екі сағаттық жұмыс. Содан кейін таңертеңгі асымды ішіп, тоғызға он бес минут қалғанда жұмысқа келемін. Таңертеңгі сағат тоғызда бір беттік түнде жазғанымды машинкамен басуға тапсырып, баспадағы негізгі жұмысқа кірісемін. Тура сағат бірде түскі тамақ ішуге үйге келемін, ас ішкеннен кейін, міндетті түрде жарты сағат ұйықтаймын, өйтпесем түстен кейін ұйқы басып, жұмыс істей алмаймын. Кешкі сағат алтыда ештеңеге қарамастан үйге жетуге тырысамын. Тамақ іше салып бірден ұйқыға кірісемін. Түнгі сағат он екіге дейін ұйықтаймын. Содан соң жеңіл-желпі тамақ ішіп, тағы да басталған шығармамның кезекті бір бетін жазуға отырамын. Түнгі сағат үшке, кейде төртке дейін жазамын. Одан соң қайтадан ұйқыға жатамын. Түнде қай уақытта жатсам да, әскери әдетпен таңғы сағат алтыда қоңыраусыз оянамын. Күнде осылай! Ал енді өздерің санаңдар, бір жылда 365 күн болса, әр күнде бір бет жазсам, соның нәтижесінде жылына бір кітап шықпай ма?!
– Өзіңіз жоспарлаған күндегі бір бетті жаза алмаған кездеріңіз болды ма? Ондайда не істедіңіз?
Аудиториядан қойылған осы сауалға да Есенберлин іркілмей жауап берді.
–Қызмет бабымен мен көптеген жиналыстарда, жоғарыдағы лауазымды басшылардың қабылдауында болуға міндеттімін. Бұған қоса туған күндер, қонақтар бар дегендей… Мұндай жағдайда жіберіп алған уақытымның есесін демалыс күндерінде қайтарамын.
Қазақтың ұлы жазушысы Ілияс Есенберлинмен болған осы бір кездесу сәттері әркімнің ғұмырындағы есте қалар кезеңдері болды ғой деп ойлаймын.
1975 жылы Ілияс Есенберлин зейнеттік демалысқа шықса да шығармашылық қарқынын тоқтатқан жоқ. Тағы да жылына бір кітаптан шығарып жатты. 1974 жылы ол тың игерушілер туралы «Көлеңкеңмен қорғай жүр» атты роман жазды. 1976 жылы – «Алтын аттар оянады», 1978 жылы «Маңғыстау майданы» және «Өсиет», 1983 жылы «Алыстағы арпалыс», 1984 жылы «Махаббат мейрамы» және «Аққу құстар қуанышы» деген екі бірдей романдары, 1979-1983 жылдары «Алтын орда» трилогиясы жарық көрді. Және кезінде цензура тыйым салған «Теңізден өткен қайық» деген трилогиясы жазушының өзі дүние салғаннан кейін оқырман қолына тиді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді», – деп біздің жерлес жазушымыздың әдеби мұрасына биік әрі әділ баға берді. Ілияс Есенберлиннің кітаптары дүние халықтарының тілдеріне де аударылып, жарық көріп жатыр.
Өз соңында өлмес бай мұра қалдырған аса көрнекті әрі ұлы жазушының туған жері Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлиннің әдеби-мемориалдық музейінде өз жерлестеріне өз қолымен жазған тілектері мен қолтаңбасы бар кітаптары сақтаулы
тұр. Бұл жәдігерлер Ілияс Есенберлиннің өз туған жеріне
деген мәңгі суымаған және мәңгі соғып тұрар жүрек лүпіліндей сезіледі.

Саяси ғылымдарының докторы Сағдат Сағындықұлы Әділбек 1948 жылы Ақмола облысындағы Покровка селосында туған. Новоалександровка орта мектебінің түлегі, еңбек жолын Атбасар аудандық «Простор» газетінде тілшілік қызметтен бастаған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейін Маринов аудандық «Путь Октября» газетінің жауапты хатшысы, редакторының орынбасары, республикалық «Қайнар» баспасының редакторы, «Тургайская новь» облыстық газетінің тілшісі, ҚазТАГ, ТАСС-тың меншікті тілшісі болып істеген. 1985 жылдан Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де аға оқытушы, «AlemBank Kazakhstan» баспасөз хатшысы, 1999 жылдан Абай атындағы ҚазҰлттық Педагогика университетінде аға оқытушы, доценті, 2015 жылдан Сүлейман Демирель атындағы университетінің доценті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар