Ақындар
Басымызды мұнарлаған мұң егіз,
Бәрі жалған екенін де білеміз.
Біреулерге ұқсағымыз келмейді,
Біреулерге ұқсай алмай жүреміз.
Ешкімнің де қызықпаймыз бағына,
Ешкімнің де қызықпаймыз тағына.
Желік қуған жынды демес бізді ешкім,
Сау дейтұған сау емеспіз тағы да.
Періште ме, пері ме екен иеміз,
Ақпанда да алау атып күйеміз.
Кимейтұғын киім алып кей кезде,
Сүймейтұғын біреулерді сүйеміз.
Жұрттан артық болмаса да халымыз,
Жасымайды тек әйтеуір жанымыз.
Даналарша кей кездері ой толғап,
Балаларша іс жасайтын тағы біз.
Жапырақты жырға қосып күзге ерген,
Адамдаймыз жұмағыңды жүз көрген.
Өмір өтіп бара жатыр, қайтейін,
Танымайтын біреулерге ғашық боп,
Табылмайтын бірдеңені іздеумен…
- * *
-
Көсiлткен бiр кез көңiл дөнендi,
Кейiндеу қалды арман-күн.
Бет жағы жылтыр өмiр дегендi,
Бiтпейтiн той деп алдандым!Дүрiлдеп сосын, тойдыртып құмар,
Жасадық талай күпiрлiк.
Бiр мәрте кiрiп, бой жылтып шығар,
Шарапхана деп бұ тiрлiк!Әрiнен жұтап ән ұшқан бағым,
Қалғандай босап бар әлем.Керектiң бәрi алыс қалғанын,
Жатырмын бiлiп жаңа мен!Сарғайып келген тамызды көрiп,
Сарғайды бүгiн көңiл де.
Босаған шиша тәрiздi болып,
Арзандайды екен өмiр де.Мәреге жетпей, шалдыққан атай,
Шаршадық сәл-сәл бүгiнде.
…Қалған ғұмырың – қалдық шараптай,
Тостақтың мынау түбiнде!Өкiнiш
Сұлу қыз, көркем жiгiт бәрi сонда,
Апырмай, неге кеттiм сол арадан!
Халық әнi.
Ана қыр ма екен, мына қыр ма екен,
Жастықтың қалған iздерi.
Құбақан төбе, құла бiр мекен,
Еске аласыз ба сiз менi?!
Еркелеп өзiңе есейiп едiм,
Кереге қаптал кер белең.
Күндерден қымбат кешегi, керiм,
Жаныма жақын сендер ең!
Байқасам, сiрә, ұмытқан бәрi,
Кездердi сонау жыр-дастан.
Өзгерiп тiптi шыбық-талдары,
Құрбымдай болып сырласқан.
Тұр менi сонау кезеңде бағып,
Сазарған Күн де сепкiл бет.
Өкпемдi төктiм, өзенге барып,
Өзгерiп неге кеттiң деп.
Егiз қозыдай етене жастан,
Келiп ед саған сыр айтқым.
Бөтеге төбе бетеге басқан,
Бөтенсiп қарап, мұңайттың!
Ылдида тоғай, ызғыма белес,
Ана бiр аспан көкпеңбек.
Шулады бәрi: «Бiз кiнәлi емес,
өзiңсiң тастап кеткен!» – деп.
Биiгiм де жоқ, мұратқа жеткен,
Бастағанменен жол мына.
Сендердi тастап, жыраққа кеткен,
Не дерсiң мендей сорлыға?!
Аңқиған таулар, аңқаусыңдар ма,
Шуаққа шомған құбылаң?
…Тiрлiкте бiр күн дәм таусылғанда,
Ортаңа келiп жығылам!
Кутузов көшесіндегі Мәшһүр-Жүсіп мешітінің алдында
Келетін көбі Құдай дегеннің,
Керекудегі мешіт бұл.
Әуезіндей боп шырайлы өлеңнің,
Ертістен самал есіп тұр…
Айдындай асфальт көсіліп алдан,
Ағылған көлік гулесіп.
Фельдмаршалдың есімін алған,
Көшеде, міне, тұр мешіт.
Мақтанғанымның бәрі далбаса,
Не деген сірә ұлы есім!
Кутузовты сен танып алмасаң,
Мәшһүрді таппай жүресің.
Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,
Көркіне мынау мән дарып.
«Кутузов деген кім?», – дейді балам,
Сұраулы жүзбен таңқалып.
Керемет ұлы бір кісі көріп,
(Сәбиде жоқ қой түк кінә).
Сұрайды тағы білгісі келіп:
«Бөгенбайдан да мықты ма?!»
Табайын жауап сұраққа деймін,
Білмесем-дағы тегін мен.
«Кутузов мықты, бірақ та, деймін
Мәскеуді ол тастап шегінген».
Бізден де талай ұл туған дара,
Тоқымы терден кеппеген.
Басына бірақ күн туғанда да,
Даласын тастап кетпеген.
Талқандап жаудың қамалын құртып,
Самайдан қаны тамшылап.
Жусанын құшып даланың бір түп.
Құлаған сосын қансырап!
Тағарсың қалай балаға кінә,
Қояды сұрақ еселеп.
«Батыр болса егер қалада мына,
Оларға неге көше жоқ?!».
Сауалы жетіп жетеме жаңа…
Не дермін енді балаға.
Бермейді десем көкелер ана,
Сөзіме сірә нана ма?
Түсінбегесін тағады кінә,
Айтамын қалай ар жағын.
Кутузов емес, даланы мына,
Бабалар сақтап қалғанын…
Жыр етерімді, мұң етерімді,
Біле алмай тұрмын мұнда кеп.
Кутузов маған кім екенімді,
Ескертіп әлі тұр ма деп!
Мәшһүр-Жүсіптің рухына арнау
Толғанып жазған өлеңім,
Тұлғаңа теңеу бола алмай.
Өзіңе әлі келемін,
Өмірден өлшем таба алмай.
Саумалдай сырлы сөзіңе,
Еліңнің қанған мейірі.
Адамның емес, өзіңе,
Алланың түскен пейілі!
Фәни мен бақи екеуін,
Бөлмедің, рас
алайда,
Дүние – жұмбақ екенін,
Дәлелдеп кеттің талайға!
Өзіңе халқың бас ұрып,
«Әулием» десе сүйіп шын.
Пайғамбар десем – асылық,
Пендеден бірақ биіксің!
Ұқтырдың жақсы-жаманға,
Жалғанның мынау бекерін.
Айтумен өттің ғаламға,
Алланың жалғыз екенін!
Болса егер адам танитын,
Дедің бе табар түбінде.
Қазақтың қилы тарихын,
Жеткізіп кеттің бүгінге.
Құдайдың түскен көзі анық,
Жоғалмас салған жолың-дүр.
…Бүгінде сенен сөз алып,
Біреулер ғалым болып жүр.
Өзіңмен қайта табысқан,
Қалың ел қазақ жан-жақта.
Аруағыңменен алысқан,
Арсыздау заман қалды артта.
Жұмбақ боп солай тұра бер,
Таппады ғылым бүгінгі.
Айға ұшып жатқан мынау ел,
Аша алмай қойды сырыңды.
Тәңірдің түскен хас нұры,
Ынсап пен иман құндағы.
Даламның сенсің Мәшһүрі,
Ғаламның сенсің жұмбағы!
…Толғанып жазған өлеңім,
Тұлғаңа теңеу бола алмай.
Өзіңе әлі келемін,
Өмірден өлшем таба алмай!
Қызылтау
(Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықов секілді біртуарлар дүниеге келген қасиетті аймақ)
Заманмен өткен,
даламмен кеп-кең тілдесіп,
Бабама бір кез болыпсың өзің шын бесік.
Тасыңнан бүгін тарихат тарап ұрпаққа,
Басыңнан сенің дәуірдің желі тұр ма есіп?!
Соңыңда талай ғасырдың шұбап шаңы қап,
Біздерге жеттің, тарихтың теңін таңып ап.
Қызылтау – Ордам,
Қызылтау – өшпес ошағым!
Бабамның көзі, киелі қара шаңырақ!
Жазирам менің – табаны жаттың тимеген,
Жанымды бөлек болмысың сенің билеген.
Қызылтау болып жетіпсің күнге бүгінгі,
Қызыл нар сынды жылдардың көшін сүйреген!
Сыр тартып сонау өткендер менен кеткеннен,
Тарихын тердім даламның мынау өткерген.
Ана бір тұста кіндігін кесіп бабамның,
Анау бір тұстан әжеміз келін боп келген.
Кеудені керіп кермектеу енді мұң ғана,
Кеткенге сосын береді дейміз кім баға.
Қопара білсек таусылмас тарих біз үшін,
Абыздарымнан аңыздар қалған бұл дала.
Өткеннен бізге байқасақ енді қалды не?
Үзіліп жеткен үлгісі молдау әңгіме…
Бабамның көші,
заманның көші анау бір,
Белдерден асып кеткен бе сосын мәңгіге?!
Не қалды дейміз біздерге бүгін боп мұра,
Іздейміз сосын табылмас кейбір жоқты да.
Тағдырға көніп, тарыдай бір кез шашылған,
Ұрпақта мына отырған ешбір жоқ кінә.
Тек тәубә дейік, өткенге сосын тоба ғып,
Кетпедік әйтеуір бетінен жердің жоғалып.
Қызылтау ана, құшағыңды ашшы, қанекей,
Ақыры келдік өзіңе бүгін оралып!
Бауырыңда бүгін өткізіп жатса той халық,
Тұрмысың енді өткенді сен де ойға алып.
Адасып жүріп, енесін тапқан құлындай,
Өзіңе келді ұрпағың бүгін айналып!
Өзіңе келді айналып бүгін жұрағат,
Жаңғырсын енді үнімен тойдың мына алап.
Біз үшін сенсің – бабадан қалған мұражай,
Біз үшін сенсің – бабадан қалған мұрағат!
Көңілдің мынау жарылып шығып ағынан,
Бір өзің жайлы айтыла жатар тағы да ән.
Сен аман тұршы, Қызылтау – қара шаңырақ,
Тәу етіп келер қасиетті қара Қағыбам!
Дарвинның ілімі немесе тек туралы өлең
Түзелер, қазақ, тұрмысың әлi,
Бәрi де тiптi әдемi.
Бiрақ та бүгiн сынға ұшырады,
Дарвин көкемнiң дәлелi.
Апыр-ау, қандай себебi дедiм,
Сенiп келдiк пе теп-текке?
«Бабамыз – маймыл» дегенiн оның,
Оқытқан бiзге мектепте!
Шығыс пен мына Батысқа қоса,
Осыған сендiк бәрiмiз.
Бiр ағам айтты: «Шатысқан о шал,
қасқырдан – бiздiң қанымыз!»
Даласы да аман,
Бабасы да аман.
Дау айтам қандай сайлы ұлға?
Дедi ағам сосын: «Қарашы маған,
қай жерiм ұқсас маймылға?!»
Демесiн бiреу: «Қандай халықсыз?» Жеткiзсiн көзiн бағама.
«Қасқырдан тiптi аумай қалыпсыз!» –
деп шынымды айттым ағама.
«Бәсе, – дедi ағам, – сенiм өшпесiн,
Көнеден қалған мол аңыз.
Бөрiнi бабам емiп өскесiн,
Қалайша жаман боламыз?!
Шығармай тiптi, төрiне ханды,
Ар-намыс болған бас құны».
…Есiктен сол сәт көрiне қалды,
Көкемнiң әлгi бастығы.
Бастығы сiрә, мәндi адам, керiм…
Маңғаздау қарап сағатқа…
Бөрi боп тұрған әлгi ағам менiң,
Өзгерiп кеттi заматта.
Сыйлайтындығын аңғартып олақ,
Құшағын аша жүгiрдi.
Бастығының сосын алды-артын орап,
Иiлдi, тұрды, бүгiлдi.
Жоғалып әлгi көңiлдегi елес,
Жампаңдап ағам, жанықты.
Байқасам тiптi, бөрiден емес –
Маймылдан аумай қалыпты.
Жайлап тұр едi санамды көрiк,
Сенiмге берiк байланған.
Шошыдым, әлгi ағамды көрiп,
Құйрықсыз маймылға айналған.
Болады-ау ендi, әркiмде шүбә –
Деп iштей ғана күрсiндiк.
Ойладым сосын, Дарвинде, сiрә,
Рас-ау, бары бiр шындық!
Алланың көкте айбары қолдап,
Алаш болыппыз (хабарым).
Үйге кеп сосын, айнаны қолға ап,
Бейнеме ұз-а-ақ қарадым!
Тірлік
Бұрынғыдай сүйремей асқақ арман,
Дәм татамыз тәубешіл тостағаннан.
Киімдейміз модадан шығып кетіп,
Қалтарыста ілініп босқа қалған.
Тірлігіміз мысалы – сыйсыз мейман,
Қатыны ұрысқақтау досқа барған.
Көлігіміз көнелеу мініп жүрген,
Көңіліміз төмендеу басқалардан…
Өтті күндер жөңкіліп бұрылмай түк,
…Өзіме-өзім отырам мұңымды айтып.
Жылдар кетіп қалыпты–жыр жазатын,
Балтырды айтып,
белді айтып,
бұрымды айтып.
Терезеден төгілген таңғы нұрға,
Жарасарын білмейді түрім қайтіп.
…Кіржіңдесіп қатынмен аламын да,
Компьютерге отырам сырымды айтып.
Біз де осылай алты бел асамыз ба,
Кеңселердің туындай жығылмай тік?
Кейбіреудей кейімей жоқ-барға аса,
Талтаң басам білдірмей тоқ қарғаша.
Тірлік шығар бұл-дағы деп түсіндім,
Өмірімді біреулер әңгіме ғып,
Көңілімді біреулер көкпарласа.
Тағдыр деген мына бір табансыз дос,
Қайтем енді, аз ғана бақ қонбаса,
Қайтем енді, жазғаным мақталмаса.
Дәл өзіме лайық осы тірлік,
Аяқ асты бірдеңе боп қалмаса…
Әлі талай мінерміз атқа біз де,
Самайдағы мына бір… ақ болмаса.
Жиналыста
Кеуде соққан көбік ауыз кіл көсем,
Кіл көсемде кетіп жатыр күнде есем.
Үйдей пәле тауып алам-үндесем,
Үндемей-ақ сосын тыныш күн кешем.
Шеттерінен бәрі мықты, бәрі әділ,
Данышпан мен жиналғандай дана кіл.
«Ақ жарылып» сөйлегенде ана бір…
Қақа жарылып кететіндей қара қыл.
Шекпен үшін сататұғын шешесін,
Ана біреуге айтылса да неше сын…
Ел үшін деп етегіне еңіреп,
Ешкімге де жібермейтін есесін.
Мына біреу «жайдары да жайлы адам»,
Қанша жұтса құлқыны бір тоймаған.
«Халық қамы» деп ұрандап, сонан соң,
Қалта қамын бұрынырақ ойлаған.
Көбік ауыз, кеуде соққан кіл көсем,
Осыларда кетіп жатыр күнде есем.
Үйдей пәле тауып алам-үндесем,
Үндемей-ақ, сосын тыныш күн кешем.
…Солай!
Фариза Оңғарсынова:
Поэзия – өзінің мөлдірлігімен, сәби сезіміндей тазалығымен қатыгездік пен қасаңдықты жібітер күш!
«…Заң жобаларының сірескен тіркестерінен кейін өлең оқу жанның рахаты екен. Әрине, шынайы төгілген жыр жолдары болса! Сайлаудың өлеңдері бірден ұнады: сезімнен сурет салған, көркемдігі де тамаша, тыңдап көріңдер!..
«Қиял қайда тербеткен,
Қызықтың да күні өткен.
Шер-мұңымды жөргектеп,
Сызда жүрмін түнеп мен.
Ойдан санам босап қап,
Өзегімді өрт алды.
Қиялымды қосаққа ап,
Қараңғыда жортамын.
Сүріндім де, қармандым,
Есе бермес сұм жалған.
Тағдыр атты арланның,
Аузында тырбанғам!».
Осылай өрілген өлеңдер жүректі бірден баурап алады, өйткені, жүректің қанымен жазылған. «Қазақта өлең құлдырап кетті», «поэзия жоқ» деген күңкілдерді естіп қаламын. Қате пікір. Қазақ өлеңі бүгін көркемдігімен де, ой тереңдігімен де әлем әдебиетінің деңгейінде. Дүниенің бәрі қаңсып, адамдардың жан дүниесінің бәрі күстеніп бара жатса, оған поэзия кінәлі емес – цивилизация дәстүрінің темір ритмі кінәлі.
Поэзия – өзінің мөлдірлігімен, сәби сезіміндей тазалығымен қатыгездік пен қасаңдықты жібітер күш. Міне, мысал:
«Сіз бен біз,
Екі бөлек қалай өмір сүргенбіз?
Жарқ еттіңіз, кетті айналып көктемге,
Санадағы сап-сары боп жүрген күз…».
Немесе:
«Айтыңызшы, бұған қалай қарайсыз:
Жүдетсе егер жүрегімді ызғар кеп.
Түңілгенде тіршіліктен талайсыз,
Жұбатайын өзімді-өзім Сіз бар деп?».
Лықсып тұрған сезімге оқырманын малтықтырып, «көкірегінде мұң жылап, төбесінен қара бұлт жылжымаған» Ерейменнің аршалы адырына, көктемгі сағымына ертіп әкетеді.
«Сіз… бір түрлісіз, бір түрлі,
Жымиюмен ап қойдыңыз ырқымды.
Әуезділеу әлеміңізге аттап ем,
Кездестірдім бала күнгі күлкімді.
Жан құсымды жібердіңіз жебеп сіз,
Сөз айтуда бұл арада керексіз.
Көз шараға сезім шарап құйып ап,
Алып-алып қоялықшы себепсіз,
Өйткені Сіз… басқалардан бөлексіз!».
Сайлау ақынның «Ел қонған» дастанын да шебер сомдалған дүние деп қабылдадым. Егемендікті арман етіп, елі мен жерін қорғап, сол жолда құрбан болған қайсар бабаларымыздың қадірін бағалай алмай жатқандаймыз ба деп жүргенде, елдігіміздің қалғыған рухын оятатын осындай жырлар керек-ақ.
«Өткен күн, ертегі мен жыр-аңыз ба ең,
Жыр-аңыз, хақ жәдігер мұрамыз ба ең.
Намыстың туын жықпай тұлпар мініп,
Өтіпті нар бабалар құла түзбен!» – деп басталатын дастан аңқаң кеуіп келгенде дем алмай бір сіміретін сары қымыздай шөліңді қандырады.
Осындай сезімі кілкіген өлең, «алдаспанның жүзінде ғұмыр кешкен» бабалар шежіресін шертетін дастан жазған Сайлау менімен асығыстау жүздескен сәтте:
– Айтыңызшы, мен ақынмын ба? – деп сұрады.
Құрметті
Сайлау Әшенұлы!
Бүгінгі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің белді бір өкілі ретінде Сізді 60 жасқа толғалы отырған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіз дүниеге келген қасиетті Ерейментау өңірі тарихымызға қанжығалы қарт Бөгенбай батыр, Үмбетей жырау, Құлтума ақын, тағы басқа да жақсы-жайсаңдарды берген киелі топырақ болып табылады. Осы өлкеде туып-өсіп, ерліктің, елдіктің бай мұрасымен сусындаған Сіз бар саналы ғұмырыңызда ұлтымыздың әдеби және мәдени қазынасына айтарлықтай үлес қосумен келесіз. Бұған ұзақ жылдар бойы Ерейментау ауданының мәдениет және баспасөз салаларында жемісті еңбек ете жүріп, халқымыздың ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің бірі – ақындар айтысында биік өреден көрінгендігіңіз, қарымды қалам қайратын танытып, бірнеше сүбелі жыр жинақтарының, «Ерейментау», «Қанжығалылар» тарихи-танымдық кітаптарының авторы атанғандығыңыз толығымен дәлел бола алады.
Кейінгі жылдары Ақмола облыстық «Арқа ажары», республикалық «Жас Алаш» газеттерінде атқарған абыройлы қызметіңіз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын алып, бірнеше республикалық, облыстық мүшәйралардың бас жүлдесін иеленгеніңіз ақын, журналист-жазушы, көсемсөзші ретіндегі шоқтығыңызды одан сайын биіктете түсері анық.
Алпыс жастың асқарына шығып, ел-жұртыңызды азаматтық келбетіңіз, шығармашылық толайым еңбегіңізбен қуантып отырған Сізге алдағы уақытта да зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын, жаңа, тың ізденістер мен жетістіктер тілейміз. Әрқашан елдің ақиқат сөзін айтып, тағдыр-талайы мен қадір-қасиетін жырлайтын тұғырлы биігіңізден көріне беріңіз!
Ізгі ниетпен, Ақмола облыстық
«Арқа ажары» газетінің
ұжымы.
…Мерейтой иесі Сайлау Байбосын тек ақын ғана емес, әдеби өміріміздің проза, драматург, сатира жанры саласында да өндірте жазып жүрген қаламгер. Автордың «Ерейментау», «Қызылтау – құтты қоныс, киелі аймақ», «Қанжығалылар», «Есімдері жүрсін деп ел есінде» деген тарихи танымдық кітаптарын, «Депутаттың бәтіңкесі» сатиралық әңгімелер жинағын оқырмандарымыз жақсы қабылдағанын айтып өту ләзім. Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл өмірін арқау еткен «Мылтықсыз майдан» драмасы Ақмола облысының «Көкшетау», Павлодар облыстық «Найзатас» журналдарында, ал «Ажалын жоғалтқан адам» романының үзіндісі «Жұлдыз» журналында жарияланды.