Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әке аманатына адал азамат - АРҚА АЖАРЫ

Әке аманатына адал азамат

Әсен әңгімені әкесінен бастады. Ішіміз жылып қалды. Көкше атырабы Дулат Жақсылықовты жақсы білуші еді. Намыс жетегіндегі жігіт анау бір жылдардағы дағдарысты кезеңде жұмысы қожырай бастаған «Көкшетау сүт зауытының» тізгінін қолға алған болатын. Дулаттың іскерлігі көз алдымызда. Зауыт өнімдерін тұрғындар әлі күнге айрықша сұраныспен сатып алады. Азаматтың артында із қалды, құрмет дегеніміз осы ғой. Әттең, өмірден ерте кетті.

Дулат үш ұлын да елімізге ерекше қажет кәсіпке тарта білген екен. Бүгінгі күні үлкені Қуаныш зауыттағы инженерлік-техникалық қызметке, кішісі Ерсайын сауда-мониторинг саласына, сондай-ақ, жиені Қуаныш мал шаруашылығы мен егіншілік ісіне басшылық жасайды. Атырапқа аты шыққан жігіттер.
Біз бүгін ортаншы ұл Әсен жайлы сөз қозғамақпыз. Мұның жөні бар. Еңбек жолын сүт зауытында слесарь болып бастаған ол көкірегіне көп нәрсені түйіп жүріпті. Өндірістен қол үзбей-ақ, жоғары білім алған. Осыдан он сегіз жыл бұрын, әкесі кенеттен қайтыс болғанда, ұжым қоярда-қоймай Әсенді директорлық орындыққа отырғызған. Ертеңгі тіршілік пен кәсіпорын болашағын ойлаған кө-регендік десек те жарасады бұны.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, қазіргі күні зауытта Әсен бауырымыздың ой-армандарын Әсеннің командасы жаңаша сипатта өрбітіп отырғанына риза боласыз. Зауыт Көкшетау қаласынан 250 шақырымдық аумақтағы ауылдардан сүт дайындайды. Жер-жерде 8 арнайы бекет жасақталған. Тіпті, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында сүт өнімдерін өңдейтін шағын цех жұмыс істеп тұр. Жалпы, әлгі аумақтағы ауыл тұрғындарының 80 пайызы өнімдерін осы зауытқа тапсырады екен. Бұл ел ішіне қолайлы әрі қолма-қол есеп айырысатыны көңілден шығады. Осының нәтижесінде күніне 30 тонна өнім жеткізіліп отыр. Ал, жаз айларында оның көлемі 50 тоннаға жететін көрінеді.
«Көкшетау сүт зауыты» АҚ өнімнің 14 түрін шығарады. Басқасын айтпағанда, бұрынғыларына қоса сырдың шұжық, бұрым және балмұздақтың жеміс-жидектік, француздық түріндегілері жас кәсіпкердің ізденімпаздығын танытады. Өнімнің барлығы табиғи шикізаттан дайындалатындықтан, сапасы да жоғары. Көкше өнімдері еліміздің жеті облыс орталығына, Ресейдің Омбы қаласына шығарылады.
– Мемлекеттің кең көлемді қолдауына сүйене отырып, өндірісті әртараптандыру, былайша айтқанда, кластерлік қадамдарға ден қоюдамыз, – дейді зауыт директоры Әсен Жақсылықов. – Зеренді ауданындағы Приречное ауылында тауарлы-сүт фермасын құрып, онда 100 бас сауын сиырын ұстаудамыз. Жақын жылдары оның санын екі есе арттырсақ деген ойдамыз. Сондай-ақ, 49 жылға жалға алған 800 гектар жеріміз бар. Мұнда екпе шөптің үш түрі егіледі. Биыл сүрлемдік жүгері өсіру ниетіндеміз. Яғни, жемшөптен тарықпаймыз деген ойдамын. Ұжымдағы 140 адамның барлығы өз ісіне берілген адал жандар. Азды-көпті табысымыз осылардың арқасында толығуда. Мұндай кісілермен жақсы жос-парлар түзуге болады.
Бұл күндері табысты тұлға деңгейіне көтерілген Әсен Дулатұлының кеңсесінің қабырғалары түрлі деңгейдегі алғыс хаттар мен грамоталарға, сертификаттарға толы. Көп жылдар бойы қалалық мәслихат депутаты болып келген Ә.Жақсылықов 2016 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Мемлекеттік марапаттары да баршылық. Осының өзі Мәңгілік Елдің іргесі Әсен сияқты елжанды азаматтардың еңбегімен қуаттанатындығын айғақтай түседі.

Бақберген АМАЛБЕКОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар