Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткізілген жастар лингвистикалық клубының отырысы Кореяда өткен қысқы Олимпиада ойындарына арналды.
Бұл шараны кітапхананың шет ел тілдеріндегі әдебиеттер бөлімі жастар лингвомәдени орталығының «Полиглот» жобасы аясында ұйымдастырды. Негізгі тақырып: «Корея – таңғы самал елі». Бөлім қызметкері Гүлдана Диқанбаева модератор болған және кітап жанашырлары, клуб мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан отырыстың басты мақсаты рухани және мәдени құндылықтарды сақтау, жас ұрпақты жан-жақты білімдар деңгейде тәрбиелеу болып табылады.
Алдымен, шараға келген көпшіліктің назары Оңтүстік Корея Республикасының дамуынан, осы жолда қол жеткен жетістіктері мен рухани-мәдени өмірінен мол мағлұматтар беретін кітап көрмесіне ауды. Сонымен бірге, Олимпиада ойындарының шығу тарихы, төрт жылда бір келетін осы жазғы және қысқы спорт бәсекесінде тәуелсіз қазақ елінің, оның спортшыларының қол жеткен жетістіктері де қамтылмай қойған жоқ.
Пхенчхан қаласында өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасы сапында барған ақмолалық спортшылар туралы деректер, сұрақ-жауап викторинасы жастарды қызықтырып әкетіп, танымдық тұрғыдағы мәдени шара мазмұнын байыта түсті. Еңбекқор кәріс халқының мәдениеті, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жайында мол мағлұмат беріліп, бір сәт ұлттық билерінің нақыштары көрсетілген флеш-моб, өлеңдер мен әндерге, фольклорлық шығармаларға кезек берілді.
Сөйтіп, тартымды өткен клуб отырысы оған қатысушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білімдерін молайтып, елімізде ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау, өзіңмен бірге, өзгелерді де тану ісіне қосылған кішкентай бір бұлақтың көзі іспетті игі іс болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.