Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнімдеріміз шет елдерге экспортқа шығарылуда - АРҚА АЖАРЫ

Өнімдеріміз шет елдерге экспортқа шығарылуда

Кеңес заманында ірі аграрлық аймақ саналатын Ақмола облысы соңғы жылдарда біртіндеп аграрлық-өнеркәсіптік аймаққа айналып келеді. Жыл өткен сайын облыста өнеркәсіп өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындар мен өңдеуші кәсіпорындар қатары көбейе түсуде.

Бұрын тек астықты ғана шетке сатуға шығаратын аймақ бүгінде өңделген ауыл шаруашылығы тауарларын және өнеркәсіп өнімдерін де экспортқа шығаруда. 2017 жылдың қорытындысы бойынша астаналық облыстың сыртқы тауар айналымы 800,5 миллион АҚШ доллары көлемінде болса, соның 292,2 миллион доллары, яғни, 31,7 пайызы экспорттың үлесінде екен. Өткен жылы бидай экспорты 4,3 пайызға, арпа – 82,7 пайызға өссе, подшипникті экспорттау 46,5 пайызға көтерілген. Сондай-ақ, күнбағыс тұқымы экспорты 2,1 есеге артқан.
5 миллион гектардан астам жерге егін егетін Ақмола облысы еліміздегі ең ірі астықты аймақтардың бірі болып саналады. Қазіргі күні облыстың үлесіне елімізде өндірілетін астықтың төрттен бірі тиеді. 2017 жылы Ақмола облысының диқандары 5,3 миллион тонна астық жинаса, оның 88 пайызы жоғары сапалы, яғни, 1-3 класты бидай. Мұның өзі сатуға шығарылатын астық бағасына да игі ықпалын тигізуде. Ақмолалық диқандар жыл сайын ішкі қажеттіліктерден басқа 2-2,5 миллион тонна астықты шет елдерге экспортқа шығарады. Негізінен ақмолалық астықты тұтынушылар Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран және Таяу Шығыс елдері. Астық түрінде ғана емес,
дайын ұн және макарон өнімдері де шет елдерге сатуға шығарылады. Қазіргі күні облыстың 80-ге тарта азық-түлік өнімдерін өңдейтін компаниялары өз өнімдерін шет елдерге экспортқа шығарып, қазақстандық брендті қалыптастыруға үлестерін қосып отыр.
Ет өнімдерін экспорттайтын «Бакара», «KazBeef», «Курочка ряба» сияқты серіктестіктер, сүт өнімдерін шығаратын елімізге есімі кеңінен танымал кәсіпкер Иван Сауэр басқаратын «Родина» агрофирмасының өнімдері іргелес Ресейде жақсы бағасын алуда. Жақсы ауданындағы «Урожай», Атбасар ауданындағы «Интер трайд» серіктестіктерінің диірмендерінде тартылған ұн мен атбасарлық «Бота-2015» серіктестігі шығаратын өсімдік майы Қытайда үлкен сұранысқа ие. Біржан сал ауданындағы «Қазгерқұс» компаниясының құс еті өнімдерін Орта Азия және Таяу Шығыс елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері жақсы ықыласпен қабылдауда.
Қазіргідей жоғары бәсекелестік қалыптасқан кезеңде әлемдік рынокта сұранысқа ие болу үшін ең алдымен өнім сапасы талап деңгейінде болуы шарт. Өзге елдерді қызықтыратын қазақстандық, оның ішінде Ақмола облысы кәсіпорындары өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің ерекшелігі – табиғи тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігінде және нәрлілігінде. Химиялық қоспалар қосылмайтын таза табиғи өнімге деген сұраныс қашанда жоғары.
Облыста әлемдік нарық талабына жауап беретін экспортқа бағытталған іргелі өңдеуші кәсіпорындар санын көбейту бағытында мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылдың соңында Аршалы ауданында тәулігіне 150 тонна ұн тартып, 24 тонна макарон өнімдерін шығаратын «Аян» серіктестігінің кәсіпорны іске қосылды. Ешкі сүтін өндіретін 5 мың басқа арналған «Зеренді» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС-інің шаруашылығы құрылып, жұмысқа кірісті.
Ресейдегі подшипник шығаратын бірқатар кәсіпорындардың жабылуы Степногорск подшипник зауыты өндірісінің көлемін күрт арттыруға жағдай жасады. Жылына 2,2 миллион дана подшипник шығаратын зауыт өнімдері еліміздің ғана емес, іргелес Ресейдің де қажеттіліктерін түгел дерлік қанағаттандырып отыр.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар