Ақкөл ауданы облыстың спорт, саламатты өмір салтын орнықтыру саясатын жүргізуде өзіндік орны бар өңір. Мұнда көп жылдардан бері 85 клубтық құрылым тұрақты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, аудан әкімінің биылғы есеп беру кездесуінде табысты нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан 60 физкультура ұжымының тең жартысы ауылдық жерде қызмет ететіні оң мысал ретінде атап өтілді.
Бұл мемлекет тарапынан кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға кең көлемді қамқорлық жасалып отырғанын көрсетеді. Жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап артып келеді.
Қазіргі күні аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде стадиондар мен спорт алаңдары жасақталған. Ақкөлде спорттың барлық түрлерін қамтитын балалар мен жасөспірімдер мектебі жұмыс істейді. Жеке кәсіпкерлер де саламатты өмір салтын қалыптастыруға белсенді түрде араласа бас-тады. Қалада бірнеше фитнес клуб жұмыс істейді. Бұлардың қызметі қолжетімді және жыл өткен сайын өскелең сұранысқа ие болуда. Бір мысал келтірейік. Ақкөл қаласында облысымыздағы біріншілер қатарында жүзу бассейні жұртшылық игілігіне берілген. Өткен жылы уақыт талабындағы қолайлылықтар қамтамасыз етілген хауыздың қызметін 25 мың адам пайдаланса, мұның 16 мыңы балалар болып отыр. Бұл ғимаратта республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстар да өткізіліп тұрады.
Ауданда қамқорлықтың қайтарымы да айта қаларлықтай деңгейде. Журналистің шағын мақаласында қол жеткен жетістіктерді, қол жеткен жүлделер мен марапаттарды тізбелеп шығу да мүмкін емес. Осы орайда, талантты спортшыларды тәрбиелеуде тынбай еңбектеніп, құрмет тұғырынан табылған бапкерлер жайлы әңгіме қозғау орынды болмақ. Солардың қатарында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-педагогы Янина Везнердің есімі ілтипатпен аталып жүр.
Янина Петровна Қарағанды мемлекеттік физкультура университетін ойдағыдай бітіріп, туған жеріне арнайы жолдамамен келген. Мектептегі спорттық табысты жолын жоғары оқу орнында да сәтті жалғастырған спорт шеберлігіне кандидат жасөспірімдер мектебіне жаңа леп ұялатқанын айтады Ақкөл тұрғындары. Ол алғаш баскетбол секциясына бүлдіршін қыздарды ғана қабылдаған болатын. Спорттың бұл түріне ұлдар жағы да қызығушылық танытып, ата-аналар тілегімен тағы бір команда жасақталды. Әр оқу жылында бұл үрдіс жалғасын тауып, өтініш білдірушілер легі көбейді. Былайша айтқанымызда, бұл балалар баскетболының жұлдызды шағы туды деуге келіңкірейді.
Көп ұзамай, Я.Везнердің тәрбиеленушілері облыстық біріншілікте ІІ орын алса, 2010 және 2011 жылдары чемпиондық тұғырдан көрінді. Қыздар командасы балалар-жасөспірімдер лигасының мүшесі атанса, 6 қыз бен 4 ұл облыстың құрама командасына қабылданды. В.Фукс, И.Давыдова және А.Абакумова Алматы қаласындағы «Спортта дарынды балалар республикалық мектеп-интернатының» құрамында шыңдалуда. Ал, Д.Трофименко облыстың басты командасы «Оқжетпестің» намысын қорғап жүр. Бүгінгі мектеп оқушыларының қатарында да болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар барлығына шәк келтіре алмаймыз. Себебі, шебер жаттықтырушының талабы мен ізденімпаз қасиеттері тиісті жемісін беретіні анық.
Мынаны қараңыз… Біз жаттығу залында болғанымызда Аня деген қыз Янина Петровнамен «мама» деп құшақтасты. Кейін білдік, бұл Янинаның қайын сіңлісі екен. Мәселе онда емес, «мама» деген қымбат сөзде ғой. Жаттықтырушының спорт мектебінің ғана емес, өмір мектебінің де оқытушысы екенін сезіну қандай ғанибет. Сондай-ақ, Айгерім дейтін қызды сөзге тарту барысында «менің кемшілігімді бетіме басатын жаттықтырушы ғана» дегеніне кәдімгідей өсіп қалдық. Батылдықты талап ететін қайсар қыздар айтатын сөз бұл. Өйткені, намыс үнемі алға бас-
тай бермек. Әйел бақыты деген тереңдікке бойлап көрмесек те, мұны шынайы бақыт дегеніміз жарасатындай.
Янина Везнер спорттық әулеттің келіні болып шықты. Оның күйеуі Евгений балалар спорт мектебіндегі футбол бөлімінің жаттықтырушысы қызметінде болса, қайын атасы мен әпкесі осы мектепте 40 жыл бойы жаттықтырушы-ұстаз міндетін атқарған абыройлы ардагерлер екен. Ал, өзінің үлкен ұлы Эрик Везнер мектеп оқушылары арасындағы аудан құрамасының белді мүшесі.
Жемісті жұмысының нәтижесінде жоғары санатты жаттықтырушы-ұстаз кәсіби мәртебесін алып отырған Янина Петровнаның болашақ баспалдақтары биіктей беретініне сенімдіміз. Оның құшағы да, жүрегі де гүлге оранып тұрғандай әсер қалдырады.
Бақберген Амалбеков.
Ақкөл ауданы.