Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәлік Ғабдуллиннің жанашырлығы - АРҚА АЖАРЫ

Мәлік Ғабдуллиннің жанашырлығы

Жақсылықты сүйген, ұлтқа, жершілдік пен руға бөлмеген, әділдіктен ауытқымай, адам бойындағы асыл қасиеттерді жазбай таныған Мәлік Ғабдуллиннің жақсылық жасамаған, көмек қолын созбаған адамдары кемде-кем шығар.

Қазақ халқының арда ұлдарының ең алғашқысы болып Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген бұл кісінің қазақтың қарапайым қызы Азалияға бейбіт өмірде жасаған жақсылығы жайлы Оңғар Өмірбектің «№5424 іс» әңгімесін «Тауқымет пен тағзым» кітабынан алып, «Арқа ажары» газетінің редакциясына жолдағанды жөн көрдім.
«…Сол күні папасы үйіне әдеттегісінен ерте оралған. Меншікті тілші қызметі уақытпен өлшене ме? Жиі-жиі аудан аралап, іссапарда жүреді. Ерте кетіп, кеш қайтады. Күн-түн деп жатпайды. Қойын дәптерін жайып салып, материал жазуға отырғанда оның ойын бөлмес үшін қос ботасының бірін көтеріп, екіншісін жетелеп ауызғы бөлмеге қарай ақырын жылыстаған. Кенет осы сәт сыртқы есік үсті-үстіне қағылды. Жедел барып ашты. Әй-шәй жоқ, түсі суық үш кісі баса-көктей кіріп келді. Үстеріндегі қара-көк шинельдерінің түсі Азалияның әлі күнге дейін көз алдында. Ештеңені де қалдырмай тінтіп, қағаз, құжат жағына көп шұқшиды. Қолдарына жарытымды нәрсе ілінбей, енді киім-кешекті аударыс-
тырды. Олай да, былай да лақтырды. Тінту басталғаннан оның мәнісін білгісі келген Мұталлапқа:
–Таратып жүрген арандатушы листовкаларың қайда? Елді азғырып, бүлдіріп, арасына іріткі салатын ұлтшыл бағдарламаларыңды өз қолыңмен тауып бер. Фашист құйыршығы! – деп дүрсе қоя берді. Олардың осынау оспадарсыз қылығы Хамидияны да қатты шамдандырғаны соншалықты, өзін-өзі ұстай алмай даусы жарықшақтанып: –Сіздер кімсіздер! Неге бұлай басынасыздар? – деп сұрауға ғана мүмкіндігі жетті. Оған берілген жауап төбеден жай түсерлік, соншалық ауыр айыптауға толы еді.
– Біздің кім екенімізді әлі білмей тұрсың ба? Бүгінге дейін білмесең, мұнан былай жақсылап танисың. Бір көргеннен естен шықпайтын етеміз. Күйеуің жапондықтан айнымайды, демек, солардың біздегі жансызы, ал, өзің соның сыбайласысың! Халық жауының әйелісің, енді түсіндің бе?! Алдымен мынаның шаруасын бітірейік, – деп Мұталлапқа қарай сұқ саусағын кезеді, –ал, одан соңғы кезек те ұзақ күттірмес. Екі бөлмелі жұпыны тілші пәтерінде жараған не дүние болсын?! Әп-сәтте-ақ әлгі үшеуі үш жақтан қопарыстырып, адам көргісіз етті. Әлгі тілімен жағына сүйенгені: –Қандай тәжірибелі тыңшы, ә?! Бірде-бір айғақ қалдырмаған! – деп қатты таңданды.
– Хамидия мұның өзі бір түсінбестік шығар, кешікпей келіп қалармын. Уайымдама, балаларға қара. Редакцияға хабарлап, болған жағдайды қысқаша баяндарсың, мен үшін мазасызданбасын!
Әкесінің аузынан шыққан бұл аманаттың байыбына ол кезде Азалия жете қоймаған. Әкесінің аса сабырлы жүзі, ұстамды қалпы «кешікпей-ақ келіп қалады» деген сенім ұялатқан. Бірақ, бәрі де басқаша болды. Қара-көк шинельдер өз сөзінде тұрып «естен шықпатындай етті». Оқиға одан әрі көзді ашып, жұмғандай тез-ақ өрбіп, дамыған. Алдымен анасын алдарына салып айдап кетті. Азалияны «халық жауының қызы» ретінде сонау итжеккен Колымаға, Магаданға жөнелтті. Бір жарым жасар Рекорд (оның туған күні стахановтың әйгілі рекордымен тұспа-тұс келуіне орай есімі солай қойылған болатын) жанашырларынан бір күнде бір-ақ айырылып, ботадай боздап қала берген. Оны анасының сіңлісі бауырына басқанын арада 20 жыл өткен соң ғана қайта табысқанда Азалия естіп білді.
Бұл тек айтуға ғана оңай. Алты жасында көріп, өзі куә болған, бүкіл жан дүниесіне өшпестей із қалдырған сол бір аянышты да, қайғылы көрініс 20 жыл бойы Азалияның көз алдынан кетпеді. Талай рет ұйқысынан да шошып оянып, көрер таңды көзімен атырады. Өзінің қазақ, Отаны Қазақстан екенін ғана айқын біледі, ал, қалғаны еміс-еміс, үнемі сағым қуып жүргендей сезінеді. Балалар колониясында мұның қас-қабағына қарайтын кім бар? Үнемі жарты құрсақ, әйтеуір тірі. 12 жасында тәуекелге мініп, одан қашып шығып қаншама уақыт пойыздан пойызға ұрлана мініп, көмір салынған жәшікте ұйықтап жатқан жерінен Жамбылда милицияның қолына түскені есінде. Бар жағдайды білген олардың мұны Магаданға қайта жөнелтпегеніне осы күнге дейін таң қалады. Мейірімі түсті ме, әлде осы бір қаршадай қыз нені бүлдіре қояр деді ме, кім білсін?! Өмір соқпағы оны Қырғызстанға алып келді. ФЗО-да оқып жүрген жерінен бір жазда сонау Артектен бір-ақ шықты. Онда пионер вожатый болып, жас бүлдіршіндерді тәрбиеледі. Сондағы шәкіртінің бірі Егор Гайдардың кейінірек көрнекті ғалым-экономист, мемлекет қайраткері болып шығарын ол кезде қайдан білсін?! Гимнастикамен, акробатикамен үзбей шұғылданатын Азалия «Еңбек резервтері» қоғамының атынан Мәскеуде өткен талай спартакиадаға қатысып, көзге түсті. Сондай бір жарыста бұған кеудесінде Алтын Жұлдызы жарқыраған қараторы келісті кісі келіп:
– Қазақпысың? – деп сұрады, – аты жөнің келеді.
– Иә, қазақпын, Қазақстанда туғанмын, –деп жауап берді бұл.
– Қазақстанға, Алматыға барасың ба, онда институтта оқуыңа, спортпен еркін шұғылдануыңа толық жағдай жасар едік, –деді әлгі кісі бұған аса іштарта сөйлеп.
– Жарайды, барайын, –деп бірден келісімін берді.
Алтын Жұлдызды кісінің Кеңес Одағының Батыры, ҚазПИ-дің ректоры Мәлік Ғабдуллин екенін Азалия кейін білді.
Батыр уәдесінде тұрды. Азалия Ахметова
Қазақстанның байырғы оқу орнының студенті болып шыға келді. Бұған дейін Қырғызстан мен РСФСР тулары астында солардың спорттық намысын қорғап келсе, енді өз елінің абыройы үшін бар өнерін салып бақты. Талай рет жүлделі орынды иеленді. Бұған ректоры да, өзі де мәз. Аты-жөні газеттен түспеуге айналды. Радиодан да, теледидардан да сан мәрте айтылып жатты. Мұның өзі 20 жыл ҚарЛАГ-та отырып шыққан анасымен, жігіт болған інісімен табысуына тікелей жол ашып еді.
Сүйінші хабар ең алдымен ректорға жеткен. Ол Азалияның өз аузынан барлық жағдайға қанығып, анасының бұған іздеу салған хабарын айтып, қуанышына ортақтасты. Екі айлық степендия мөлшерінде көмек бергізіп:
– Ал, қызым анаң Өскеменде сені інің екеуі асығып күтіп отыр. Оған баяғы әкең Мәскеуден алып келіп берген түбіт орамалдай бір орамал сыйла. Жолың болсын, –деп ұзақ жолға, бақыт жолына шығарып салды.

Жанат ҚАЖЫБАЙ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің
ғылыми қызметкері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар