Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қиындықты еңсере білдік - АРҚА АЖАРЫ

Қиындықты еңсере білдік

Атбасар ауданы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған облысымыздағы іргелі өңірлердің бірі. Ауданда соңғы жылдары су тасқынына байланысты бірқатар қиындықтар орын алғанымен, бұл – өңірдің жалпы экономикалық, әлеуметтік дамуына еш кедергісін келтіріп отырған жоқ.

2017 жылды атбасарлықтар біршама табысты аяқтады. Аудан диқандары жалпы көлемі 547 мың тонна астық жинап алды. Гектар түсімі орта есеппен 12 центнерден айналды. Мал басы да, соған орай мал өнімі көлемі де арта түсті. Өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып, 2017 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 40,1 пайызға өсті. Құны 2 миллиард 433 миллион теңге болатын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Осының арқасында жүздеген қосымша жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін түсім көлемі де өсті.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да мақсатты жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы Садовый ауылында су тарату желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, Бастау және Сепе ауылдарында көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылды.
Мәдениет және білім беру саласын дамытуға қатысты да біраз шаруалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы №1 Атбасар орта мектебі мен «Ешім» қала маңындағы балалардың демалыс лагерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, Мариновка, Шуйский, Тельман және Полтавка ауылдарындағы клубтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атбасар қаласындағы және бес елді мекендегі жылу қазандықтарына жөндеу жүргізіліп, осы мақсатқа 131 миллион теңге қаржы жұмсалды.
Көше жолдарын жөндеу, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытында да өткен жылы біраз шаруалардың басы қайырылды. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізіліп, соның нәтижесінде елді мекендеріміз көріктеніп, көше жолдары да жақсарып қалды.
Атбасарлықтарды толғандырып отырған ең үлкен мәселе – көктемгі су тасқыны десек, артық айтқандық емес. Соңғы жылдарда бірнеше рет қайталанған табиғат апатының салдарынан өзен маңындағы тұрғындар біраз зардап шеккен еді. Өткен жыл да атбасарлықтардың есінде сондай үлкен табиғат апатымен есте қалды. Көктемгі су тасқынының салдарынан төрт жүзден астам үй суға кетіп, жүздеген отбасы баспанасыз қалды. Айта кету керек, сол қиын тұста облысымыздың, онан қалды, еліміздің барша халқы қолдан келген көмектерін көрсетіп, апатқа ұшырағандарға үлкен қолдау танытты. Азық-түліктен бас- тап, жылы киім-кешек, қаржылай да көмектер келіп жатты. Сол тұста көмек қолдарын созған қайырымды жандарға атбасарлықтардың айтар алғысы шексіз.
Жан-жақты көрсетілген қайырымдылық көмектің арқасында апатқа ұшыраған тұрғындар көп қиындық көрген жоқ. Олар жылы орынға орналастырылып, уақытша баспанамен қамтамасыз етілді. Апат зардабын жоюға байланысты арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі анықталды. Сөйтіп, республикалық бюджеттен 2 миллиард 126 миллион теңге, облыстық бюджеттен 680 миллион теңге қаржы бөлініп, апат зардабын жою бағытындағы жұмыстар жедел қолға алынды.
Бөлінген қаржы су астында жарамсыз болып қалған үйлерді бұзып, сол аумақты абаттандыруға жұмсалды. Сонымен бірге, 167 жекеменшік үйлерге жөндеу жүргізіліп, апат салдарынан баспанасыз қалғандарға арнап 45 пәтерлік 11 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Табиғат апатынан зардап шеккендерге бір реттік жәрдемақы беріліп, пәтер жалдап тұратындарға өтемақы төленді. Апат аймағында қалған мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, ол жұмыстар жаңа оқу жылының басында толық аяқталды.
Апаттың салдарын жоюмен ғана шектелмей, оның алдын алу бағытындағы жұмыстарға да жете көңіл бөлініп отырғандығын атап өткен жөн. Атбасар қаласының іргесінен өтетін Жабай өзенінің суына бөгет болатын екі көпірдің арнасы тазартылды. Өзен жағасындағы биіктетілген бөгеттерге жөндеу жүргізілді.
Апат зардабын бастан өткерген атбасарлықтар сол бір қиын-қыстау кезеңде өздерінің жалғыз еместігін, тәуелсіз еліміздің ажырамас бөлігі екендігін сезіне түсті. 2014 жылы болған апат зардабы да тез жойылып, баспанасыз қалғандар жаңа пәтермен қамтылғандығы есімізде. Өткен жылғы апатта да атбасарлықтар мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты барынша сезінді. Қазір міне, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, бұл биылғы жылы біраз атбасарлық отбасылар қоныс тойларын тойлайтын болады деген сөз.

Бағдат БОРҰМБАЕВ,
Атбасар аудандық
мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар