Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Алексей Советов жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, БАҚ өкілдері үшін 2018 жылдың көктемінде Зеренді және Сандықтау аудандарында көктемгі су тасқынына дайындық және осы бір қысылтаяң кезеңнен апатсыз өту мәселелері қамтылған баспасөз турын өткізді.
Баспасөз турының барысында Зеренді ауданында 4 гидротехникалық құрылысты және Сандықтау ауданындағы 1 нысанды тексеру, еріген сулардың ағыс көздерін, техникалық сипаттамаларын анықтау, олардың жай-күйі мен су тасқынынан зардап шеккен Сандықтау ауданының апаттық-құтқару бөлімшесінің дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудан басшысы Асылбек Исмағамбетов құтқарушылардың, медицина қызметкерлерінің дайындығымен таныстырып өтті.
Сандықтау ауданындағы «Максимовка» бөгеті Максимовка ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 1,3 километр қашықтықта, Жабай өзенінің бойында орналасқан. Тоғанға су ағымы Жабай өзенінің ағысымен жүзеге асырылады. Бұл бөгеттің салынғанына сегіз жыл болған. Қазіргі уақыттағы жағдайы қанағаттанарлық. Бөгеттің негізгі мақсаты малды суару және жер асты суларының деңгейін сақтау болып табылады.
Бұдан басқа, департамент бастығы гидротехникалық құрылыстарға барған кезде ауылдық округ әкімдері ағымдағы жылдың көктемінде тасқын суларынан апатсыз өтуге дайындық жөнінде ұсынымдар берді және еріген суды су қоймаларынан шығаруды реттеу туралы мәселені талқылады.
Ал, Зеренді ауданындағы елді мекендерді «Айдабол», «Алексеевка», «Ивановская» және «Бәйтерек» сынды бөгеттер судан құтқарып тұр. Айдабол ауылындағы өзенге су ағымы үш өзеннен келіп құяды. Солтүстік-шығыста орналасқан бұл өзендер негізгі бастамасы болып табылады. Мұндағы бөгет пайдалануға 1977 жылы берілген. Ал, 2016 жылы бөгеттің қабырғасы 2.5х2.5 метр өлшемді су өткізетін қондырғылармен жабдықталған. Бөгеттің биіктігі су ағысының бойында –
2 метр, құлама жағынан 4 метрден аспайды, ұзындығы 150 метр, ені – 8 метр. Су қоймасында шамамен 600 мың текше метр, жазғы кезеңде 150-200 мың текше метр су жиналады, ең жоғары өткізу қабілеті –
минутына 152 текше метр.
«Алексеевка», «Ивановская» және «Бәйтерек» бөгеттерінің де жағдайлары қанағаттанарлық. Су ағызу жүйесі реттелмейді. Барлық құбырлар ашық, яғни, судың деңгейі көтерілгенде үстінен жүріп кету қаупі бар.
Бақберген Амалбеков.