Сырқаттанып ауруханада жатыр едім. «Орталық мешітте папамыздың туғанына 90 жыл толуына орай, ас береміз» деп Алтай келіп кетті. Осы хабарды естігеннен-ақ жүрегім лүп ете түсті. Ғазиз Құсайынов! Еліне сіңірген еңбегі көп тамаша азамат еді. Бірден ол кісімен қоян-қолтық бірге қызмет атқарған жылдарым есіме түсті. Оған да көп жылдың жүзі өтіпті-ау. Ленинград аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарып жүр едім, бір күні аудандық атқару комитетінің төрағасы Асылбек Жәзиұлы Дәулетов ағамыз түс кезінде үйіне шақырып алды. Барсам, бұйра шаш, жүзі жарқын, әдемі бір жігіт отыр екен.
– Мына азамат Зеренді ауданындағы Шағалалы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында бас-тауыш партия ұйымының хатшысы болып қызмет істейтін. Сол қызметінен обком басшылығымен «Колос» кеңшарына директорлыққа жіберіліпті. Өзің білетін шығарсың, сол Шағалалыдан үш Социалистік Еңбек Ері шыққанын. Сол еңбегі ескеріліп, жағдайы ауыр шаруашылыққа директорлыққа жіберіліп отыр. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы И.А.Рыжковпен келістім. Сен осы кісіні «Колосқа» апарып таныстырып, бір апта қасында бол, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары да бірге барады, – деп әлгі жерде Асылбек Жәзиұлы бұрын көріп білмеген Ғазикеңмен таныс-тырып жатыр.
Содан ол кісі айтқандай, «Колосқа» келдік. Бұл кезде шаруашылық әбден құлазып тұрған. Әр жүз қойдан алынатын қозы саны шамалы. Бес мың гектар егістік алқаптан да жиналатын өнім мардымсыз. Құрылыс жоқтың қасы. Еңбек тәртібі сын көтермейді. Кадрлар жиі ауысады. Басында осы жағынан тайсақтап, қобалжыса да, «шешінген судан тайынбас» дегендей, Ғазикең жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.
Бір күні бірінші хатшы мені кабинетіне шақырады. Жасы үлкен болған соң И.А.Рыжков маған «сынок» деп сөйлейтін.
– Ғазиз Құсайынұлы сені сұрап отыр,–деді салған жерден. –Екеуіміз тізе қосып шаруашылықты түзейміз дейді. Кеңшар партия ұйымының хатшысы болып баруға қалай қарайсың? Бюро мүшелері тегіс келісімін беріп отыр.
Мен не дейін?! Жаңа басшы өзі қолқа салғаннан кейін анау-мынау деп қарсы келе алмадым.
– Сіздер көмектессеңіздер, барайын,–деп тоқ етер сөзімді айттым.
Сонымен, құрылғаннан бергі он жылда шаруасы бір ілгері баспай қойған осы шаруашылыққа барған тоғызыншы парторг екенмін. 1972 жылдың 22 қараша күні бастауыш партия ұйымының бар-жоғы 28 мүшесі мені шаруашылық партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Бірден Ғазикеңмен ақылдаса отырып, партия ұйымы мен оның қолғанаты – кәсіподақ, комсомол ұйымдарының рөлін нығайтуды қолға алдық. Ауылдық Кеңеспен жұмысты жандандырып, ардагерлер, әйелдер кеңестерінің мүшелерін іске тарттық. Алдын ала айта кетейін, Ғазиз Құсайынов ағамыз осы кеңшарда табаны күректей 25 жыл директор болып, шаруашылықты бұрын-соңды ойға да келмеген зор жетістіктерге жеткізді, соның 11 жылында мен ол кісінің сенімді серігі болып, партия ұйымын басқардым. Ал, сонда алғашқы жұмыстарымыз қалай басталып еді? Ұсақ-түйек демей, бұрын мән берілмеген қарапайым істермен айналысып, әуелі содан нәтиже шығаруымызға тура келді. Мысалы, отарларды аралап жүрсек, өсіп кеткен жүнінен қойлардың көздері көрінбейді. Бұл оларға алдарындағы шөптің өзін дұрыс жегізбей, мүлдем істі насырға шаптырған. Дереу партбюро отырысында қаулы алып, бүкіл коммунистерді осы жұмысқа жұмылдырдық. Сөйтіп, бір аптаның ішінде жүнін қырқып, 5700 қойдың көздерін аштық. Ғазиз аға жұмысты жүргізуге келгенде, ойлап таппайтын жаңалығы болмайтын. Қойдың өлім-жітімі азайып, төлі көбейген мал қораларының үстіне қызыл жұлдыз жағайық деді. Осындай ұйғарымға келіп, жұмысы жолға қойылған шопандарға көрсеткен құрметіміз ретінде қызыл жұлдыздар орнататын болдық. Ғазикең осыны аупарткомның хатшысы И.А.Рыжковқа айтып, ол кісі «Жаңауыл», «Чистяков», «Айсары» қой шаруашылықтарының басшыларына біздің жаңалығымызды жеткізіпті. Осылайша біртіндеп елдің аты жақсы жағынан шыға бастап, артта қалған шаруашылық ретінде бұрынғы сансыз сыналулар бірте-бірте ұмытылуға айналды.
Келесі бір кезекте шопандардың еңбек етуіне қолайлы жағдайлар жасауды қолға алдық. Әр мал қорасында қызыл бұрыш ашылып, жұмыстан бос уақытта демалатын, ас-су ішетін орындар жабдықталды. Үгіт-насихат жұмыстары күшейтіліп, айлық, тоқсандық жарыс қорытындылары еңбеккерлердің көз алдында тұратын болды. Қой төлдету науқандарында Ғазикеңе, маған, басқа бас мамандарға да, кейде тіпті қажет болса, қойшылармен бірге түнеуге тура келді. Мұның бәрі жұмысқа деген жауапкершілікті күшейтіп, мен парторг болып барған бірінші жылы әр жүз саулықтан орта есеппен 67, келесі жылы 73, үшінші жылы 81 қозыдан алынды. Кейін 98-100 қозы алу көрсеткіші шаруашылық үшін қалыпты жағдайға айналды. Отбасы болып бір отар қойды алдарына алған Нұрғазы және Жібек Тайжановтар, Владимир және Аделия Скачковтар, Нұрыловтар әулеті, ағайынды Мұхаметжан, Бақытжан, Дәулетжан Айдархановтар, Тілеубай, Зейнолла, Қабеп Ғаббасовтар, Рахымбек және Мәули Нығметовтар, әкелі-балалы Мұқановтар сияқты шопандар көбейді. Сонымен, саланы дамытуға жете көңіл бөлудің арқасында қой саны шаруашылықты Ғазикең қабылдап алған бастапқы жылдағы 6 мың бастан 1980 жылдардың орта шеніне қарай 35 мыңға жетті.
Бұл екі ортада біздің шаруашылықтың тұрған жерінен жаңадан ұйымдастырылған Ленин ауданының орталығы ашылып, күтпеген жағдай болды. Сол кезде Ғазиз ағамыздың іскерлігінің арқасында біздің кеңшар күш алып, ұлғайып келе жатыр еді. Талшықта тұрған 11 мекеменің ішінде ірісі біз болдық. Сондықтан, үш қабатты мектеп салуды да біздің еншімізге жазып, елді мекендегі оқу-тәрбие ісі әжептәуір оңалып қалған болатын. Осы мектеп үшін де Ғазикеңнің дамыл таппағанын көзіміз талай көрді.
Сонымен, бізге шаруашылық орталығын Үлгілі ауылына көшіресіңдер деген пәрмен түсті. Бұл оңай емес еді. Жаңа жерде бәрін қайтадан ұйымдастыруға тура келетін. Сол себепті, оны іштей Ғазиз Құсайынұлынан бастап біреуіміз де қолдай қоймасақ та, партияның айтқаны сөз, амалсыз көндік. Енді жаңа жерде жұмысты жаңадан жолға қоюға тура келді. Мүмкін бұл жауапты істі Ғазикең басқарып, қолға алмағанда, тап тез арада жамау-жыртығымызды бүтіндеп ала алмас та едік. Жазған құлда шаршау жоқ. Жылы орнымызды тастап, 181 жұмысшымен жаңа жерге көшіп бардық. Аз жылда мұнда жаңа бала бақша, асхана, клуб, мектеп, стадион, ондаған тұрғын үйлер салынды. Осы салада ұзақ жылдар бойы бір тыным болмай, жылына 16-20 үйдің құрылысын жүргізу берік дәстүрге айналды. Сөйтіп, Үлгілі ауылы тап бір осы қалпында бұрыннан келе жатқандай үлкен, іргелі ауылға айналды. Облыстан келген басшылар, өткен-кеткенде соғып жүрген адамдардың бәрі елді мекеннің мұншама тез өсуіне қызыға қарап, риза көңілмен аттанатын болды. Ғазиз Құсайынұлының бір іскерлігі қуатты бу қазандығына қоса су құбыры тартылып, үйлерге бір орталықтан жылу берілген осы құрылыс саласында айқын көрінсе, екіншіден, мал шаруашылығы мен егіншілікке де көз қырын қатты салды.
Әсіресе, өндірісте темірдей тәртіп орнатып, халыққа керегін беріп, жұмысқа ынталандырып отырсаң, шаруа да алға басады екен. Сол кездегі кеңшар дирекциясы, партия ұйымы, комсомол және кәсіподақ ұйымдарының бірлесіп атқарған ұшан-теңіз жұмыстарына, еске түсіріп отырсам, қайран қаламын. «Әй-шәй» деспей, бір-бірімізбен ортақ тіл тауып, қай маңызды істі де жеріне жеткізе білуші едік. Әрине, мұндайда шешуші сөз шаруашылық басшысы ретінде Ғазиз ағайда, партком хатшысы ретінде менде болатын. Ауылдық Кеңес те елді мекенді көркейту, ішкі тәртіп пен ынтымақты сақтау бағытында зор көмек көрсететін.
Ауданның әр жылдардағы бас дәрігерлері Олжабай Байғожин, Серік Аяғановтармен іскерлік байланыс та өз жемісін бере түскен. 1983 жылы қазіргі облыстық аурухананың бас дәрігері, экс-сенатор Серік Әкпенұлының көмегімен саз балшығына дейін бар профилакторий ашқанымыз ауыл тұрғындарын санаторийдегі сияқты өзімізде емдеп, денсаулықтарын нығайтудың бір көрінісі еді. Осының бәріне Ғазиз Құсайынұлының көп жылдар бойы шаршап-шалдықпастан қалай күш-жігері жеткен деп ойлаймын кейде.
Әрине, мұның өзі бір есептен өз ісін жетік білетін, шаруашылыққа пайдасын тигізуге құлшынып тұрған білікті кадрларды шоғырландырудың да жемісі еді. Солардың бірі – кейін үлкен биіктерге көтерілген Мағауия Сматаев туралы ерекше тоқтала кеткім келеді. Біз ол келгенге дейін қойды жазғы жүн қырқу науқанында жатқызып қырқатынбыз. Жалғыз Қалима Махметова ғана қойды отырғызып қырқып, күніне 70-80 қойдың жүнін қырқатын. Сөйтсек, мұнымыз тиімсіз екен. Мағауия бізге жас маман болып келген соң арнайы сабақтар өткізіп, барлығын қойды отырғызып қырқуға үйретті. Сөйтіп, жұмыс тиімділігі анағұрлым артып, уақыттан ұтатын болдық. Осындай жаңашылдықтардың арқасында шаруашылық нық түрде озаттар қатарына қосылып, әртүрлі озық тәжірибе семинарлары бізде өтетін болды. Не керек, қой, жылқы, қара мал шаруашылығы да өркендеп, егіннің шығымы молайып, Ғазиз ағаның ұйымдастырушылық қабілетінің ұтымдылығы барлық істен көріне түсті. Оқушылардың жазғы еңбек және демалыс лагерін ұйымдастырудағы жетістігі де «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен аталып өтті. Мұнымен бірге, кеңшардың бөлімшесі Тұғыржап ауылы да барынша дамып, қора-қора малы, көшелерінің асфальтымен мамыражай күнді бастарынан кешті.
Бірге жүріп, бірге араласқан соң Ғазикеңнің бүкіл арғы тегі, отбасын да бес саусақтай жақсы білемін. Ол кісімен тізе қосып, екеуміз аудан, облыста алдыңғы қатарға шығарған көркемөнерпаздар қозғалысының өзі өнерге жанашырлығын, жан-жақтылығы мен мәдениеттілігін дәлелдей түсер еді. Бір шаруашылықты ширек ғасыр басқарып, сол кездің өлшемімен алғанда керемет өркениетке жеткізген асыл Ғазикем-ай! Әлі күнге көзі тірі соғыс және еңбек ардагері, ауданның сол кездегі атқару комитетінің төрағасы Асылбек Дәулетов ағамыз «сол жолғы мен дәнекер болған Ғазиз екеуіңнің тізе қосып бірге жұмыс істеулерің шаруашылыққа, оның халқына қаншама айта жүрер жақсылық әкеліп еді» деп тебіренсе, оның да жөні бар.
Бүгінде қайтыс болғанына он бес жыл толып отырған Ғазиз Құсайынұлы осылай ерен еңбегімен бүкіл еліне танылған өз заманының бір қайсар тұлғасы еді. Қазір Көкшетау қаласында тұратын зайыбы Гаухар апай да ағаның барлық өрлеу жылдарын басынан бірге өткерген абзал ана. Балаларының аялы алақанында бақытты өмір сүріп, ағамен өткен ұмытылмас өмір соқпақтарына шүкіршілік етіп отырады. Қызы Ақиіс, Алтай, танымал бесаспап журналист Сәулесі, басқа ұрпақтарының болсын, «әкеміз өмірден озғанына он бес жыл» деп ас беріп, құран оқытқалы жатқандары өте-мөте сауапты іс. Әрине, шағын мақалада Ғазиз ағайдың бар іскерлік және адамгершілік қасиеттерін толық қамти алмайсың. Ондай жанның өзінің бар нар тұлғасы, болмыс-бітімімен халқымыздың бір аяулы перзенті болып қала берері анық.
Аманжол АХМЕТЖАНОВ,
еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.