Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы мектеп қабырғасынан Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түрікменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды.
1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады.
Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Венгрияда Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курс-тарда оқыды.
Сағадат Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ ССР Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал, 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы беріліп, №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1971-1994 жылдары Рес-публика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды. 2013 жылы 24 қыркүйекте
90 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Бар саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған ірі әскери қайраткер халқының шынайы зиялысы, қадірменді ақсақалы болды.