Өзінің бар саналы ғұмырында Қазақстанның солтүстік аймағының гидрогеология саласын зерттеп, ел тарихы жайында құнды ізденістер жасап, мол мұра қалдырған геология және минералогия ғылымдарының кандидаты Айтқажы Қазбековтың есімі өз еліне кеңінен мәлім еді. Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Ленинград университетінде оқып, гидрогеолог мамандығын меңгеріп, Солтүстік Қазақстан гидрогеология экспедициясында еңбек жолын бастаған Айтқажы Қазбеков осы салада қырық жылға тарта қызмет атқарды. 500-ге тарта су көздерін ашып, ел игілігіне жаратылуына ықпалдасты. Өмірінің соңғы жылдарында ұстаздық жолын Абай Мырзахметов атындағы университетте жалғастыра жүріп, ғылыми жұмыстарын тоқтатпай, онға тарта ғылыми, тарихи еңбектерін, оқулық кітаптарын баспадан шығарды. Әсіресе, Көкше өңірінің әр кезеңде бұрмаланып кеткен жер-су атауларын қалпына келтіру үшін тынбастан ғылыми ізденістер жүргізді. Біз бүгін «Арқа ажары» газеті оқырмандарының назарына Айтқажы ағамыздың жан жары Шәми Қазбекованың «Айтқажымның аманаты» атты естелігін ұсынып отырмыз.
Ол өз тіршілігінде «жер тарихы – ел тарихы, соны білсек қой» дегенді жиі айтатын да, әсіресе, Бурабай өңірінің жер-су атауларының көп бұрмаланып кеткендігіне қатты қынжылатын. Елді мекендер мен жер-су атауларын қалпына келтіру – тіл саясатының ең өзекті мәселесі ғана емес, ол ел мен жер тарихының түбегейлі түгенделуі болмақшы деп отыратын. Отаршылдық замандардан қалған орысша атаулардан біржола арылмау – арымызға, азаматтығымызға сын. Бұл жайында 2006 жылы Айтқажы «Арқа ажары» газетінде жазған да болатын. Содан бері он екі жыл өтті. Ешқандай жаңалық та, өзгеріс те жоқ. Ойланып, қолыма қалам алуға тура келді. Мен мұны ұрпағым үшін жазып отырмын.
Айтқажы Қазбеков Бурабай аумағындағы көлдердің, таулардың, жоталардың, басқа да рельефтің кіші элементтерінің (мысалы Аютас, Кеме, Тоссырғанақ) тарихи аттарын қайтару жөнінде 1998 жылы жарық көрген кітабында да біраз дәлелдер де келтірген еді. Бірақ, оның сәті болмай-ақ қойды. Бурабай өңірі таптырмайтын туристік өңірге айналғалы тұрғанда жер-су аттарының екі аталымда айтылып жүруі, яғни, қазақ халқының мақтанышына айналған Бурабай – «Боровое», Көкшетауды – «Синюха», Әулиекөлді – «Боровое», Бурабай тауын – «Верблюд» деп айтқызып жүрсек, несіне қазақ болып жүрміз? Бізге сын емес пе?! Біз оларды тек қазақ тіліндегі жер-су аттарынан таныстырып, олар туралы аңыздарды жөніне келтіріп айта білуіміз керек қой.
2004 жылы Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханасының жанынан «Мирас» өлкетану клубын Айтқажы Қазбеков ашып, ол клубқа Көкшетаудың біраз зиялы қауым өкілдерін тартты. Ойында жүрген мәселелердің бастысы осы жер-су аттарының тарихи атауларын қайтару жолында жұмыс істеді. «Мирас» өлкетанушылар клубының атынан кезінде Ақмола облыстық ономастика комиссиясына да, Ақмола облыстық мәслихатына да «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат паркі бойынша қолда бар құжаттарға сүйене отырып жер-суға тарихи аттарын қайтару туралы ұсыныс жасалды. Олар «озеро Боровое» – Әулиекөл, «Малое Чабачье» – Шабықтыкөл, «Верблюд» – Бурабай тауы, «Синюха» – Көкшетау аттарын ауыстыру үшін ғылыми негіз болатындай материалдар керек делінген. Хатқа түспеген ел аузындағы әңгімелер ғылыми негіз бола алмайды делінген. Неше ғасыр қазақ жері бола тұра біз оларға қазақша ат бере алмағанбыз ба?! Әлде кезінде осы жер-су аттарын ауыстырғандар кімнен дәлел сұрады екен, қандай ғылыми негіздерге сүйенді екен?
Тағы да айтатыным кезінде қазақтардың ұл-қыздары топографиялық жұмыстарға қатыспаған. Ол барлық Қазақстан территориясында шыққан карталардан көрініп тұр. 1957 жылы Айтқажы Ленинградтан университет бітіріп келгенде «гидрогеология» және «инженерлік геологияның» не екенін білмейтінбіз. Қазақ мамандары болмағандықтан. Қазақша жер-су аттарын орыс транскрипциясымен жазғанда көп қателіктер жіберіліп отырған. Мысалы, Бөлектау – «Бюлюктав», Жамантұз – «Джамантуз», Жаңасу – «Джан су» деген сияқты. Міне, осындайлар толып жатыр. Осыларды қалпына келтірейік деп жатқан тағы да жан иесі жоқ.
Рельефтің шағын элементтерінің барлығының орысша аты бар. Олар ешқандай ғылыми негізсіз-ақ орманшылардың қойған аттары. Мысалы: «скала Орлинное гнездо», «скала Корова», «Зеленый мыс»… Міне, осылардың барлығын сараптап, жаңа айдар тақсақ, оған қандай ғылыми дәлел керек. Бұл жерде бізге рух, намысты ой, сана жетпейтін сияқты. Елім дейтін ер керек!
Кешегі өткен бабаларымыз құрлы жоқпыз ба? Олар ешкімнен сұрамай-ақ, ғылыми негіздемей-ақ еліміздің жер-суларының атын қалай тамаша қойған. Біз болсақ, барлығымыздың жоғары біліміміз бар. Егеменді елміз. Сонда да жан-жағымызға жалтақтап, кешегі тоталитарлық заманында әдейі бұрмалаған жер-су аттарын қайтарып, орысша атаулары қойылған осындай рельеф құбылыстарына жаңа айдар тағуға шамамыз келсе де, кежегеміз кейінге тартып отырады. Өкінішті-ақ!
Көкшетаудың көшелері де осы күйде. Тағы бір айта кететін мәселе Гусева деген автордың «Легенда Бурабая» деген кітабы шықты. Қарап отырсам, барлық аңыз-әңгімелер қазақы түп нұсқасынан айырылған, көпшілігі Кеңес үкіметі кезінде жазылған қазіргі заманға сай өңдеуді қажет етеді. Қазақ менталитетінің иісі де жоқ. Қазақта не көп ақын-жазушылар көп. Менің ойымша жазушылар, журналистер Бурабайға қатысты барлық аңыз, әңгімелерді жинақтап, өзіміз жазатын уақыт жетті деп ойлаймын. Бірақ, олар жазғанда географ, геолог мамандармен ақылдасқан жөн. Мамандар қазақ болу керек. Бурабайдағы барлық ғажайып рельефтердің элементтері геологиялық тілмен айтқанда тектоникалық құбылыстардан немесе физикалық-химиялық тізілістерден пайда болған. Телевизордан бір журналист «Тас қамалды Абылайдың әскерлері салған»,–деп тұр. Ол тас қамал Абылай тумаған миллион жыл бұрын пайда болған дүние. Шындыққа жанаспайтын мұндай аңыздардың керегі шамалы. Сондықтан, геолог маман керек дегенім осы.
«Бурабай таңғажайып өлке» атты кітап Щучье ауданының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрді. Бурабайдың көркем табиғатын бейнелейтін суреттермен безендірілген, көпшілікке түсінікті, жеңіл тілмен жазылған. Екі тілде жазылған. Осының бәрі жақсы-ақ. Мені таң қалдырған жай Щучье-Бурабай аймағының топонимикасының екі жақтылығы. Кітаптың өзі «Бурабай» аталып тұрып, ішкі мазмұнда толық дерлік «Боровое» атауының қолданылуы кімді болса да таңдандырмай қоймас деймін. Бұл көзбояушылық па, әлде білмеушілік пе, түсінбедім. Ойлана келе авторлар «Бурабай» мен «Боровое» сөздерін синоним көретін тәрізді. Олар «пайдаланған әдебиет» тізіміне енген Айтқажы Қазбековтың 1998 жылы шыққан «Бурабай накануне ХХІ века» атты кітабында бұл сөздердің мағынасы толық ашылған. Тағы бір рет, қайталап айтайын «Бурабай» мен «Боровое» сөздерінің арасында ешбір жақындық жоқ. «Бура» қазақша – еркек түйе. «Бурабай» Көкшетау тау тізбегінің орта шамасына орналасқан оңтүстік ең биік жотасы. Оның қос өркешті түйеге ұқсастығы Ақылбай асуы аялдамасынан анық көрінеді. Көреген, ақылды аталарымыз қос өркешті түйеге ұқсастығын көріп, «Бурабай» атап кеткен. Ал, «Бай» деген қосымша сөз қазақтың жер мен адам аттарына жиі кездесетіні баршаға белгілі.
Атақты шығыстанушы академик В.В.Бартольд түркі халықтарының топономикасы өзінің қарапайымдылығы және тарихи дәлдігімен ерекшеленеді деген болатын. Ғалым сөзінің бостан бос айтылмағанын дәлелдеу үшін тауға айналып кеткен көреген түйе жайлы аңызды еске түсірейік. Басынан басын ашып айтып алайын бұл аңыздың бірінші бөлімінің дұрыстығына менің еш шүбәм жоқ. Ал, екінші бөліміне келсек, оның коммунистік идеологияның талабына сәйкестендірілгені айдан анық, аңыздың бұл нұсқасына мен толық қарсымын. Әңгіме етіліп отырған кітаптың авторлары белгілі журналистер сол тапсырмалы нұсқаны еш күмәнсіз екі тілде қайталап басыпты. Бұл нұсқа бойынша, Абылай ханның кіші ұлы Қасым сұлтан мейірімсіз, мақтаншақ, атақ құмар адам есебінде суреттеледі.
Бірде Бураның көлге барар жолында Абылайдың тәкаппар ұлы Қасым кезігеді. Жігіттері алдында мергендігі мен қайратын көрсетпек болған мақтаншақ Қасым садақтан оқ атып, бураның жүрегіне тигізеді. Ауыр жараланған жануар жан айғаймен алдыңғы тізелерін бүге құлап, ыңырана жер бауырлап бір ұрттам шипалы су жұтпақ боп көлге ұмтылады. Бірақ, Қасым сұлтан оның денесіне қанжарын қадап үлгереді. Бура суға жете алмай мерт болып, сол арада тауға айналады. Бурабай Қасым туғаннан миллиондаған жылдар бұрын пайда болған атам заманнан бері Бурабай атанған тау. Ал, Қасым болса, ол ХІХ ғасырда өткен тарихи тұлға. Патша үкіметінің ресми құжаттарында ол туралы: «Өзінің байлығымен, туыстық қатынастарымен және өзінің жігерлілігімен қырғыздардың ақыл-ойына күшті әсер ететін Абылай ханның тұқымы ретінде бүкіл Орта Ордаға билік етуге құқығым бар деп есептеймін. Қасым Абылайханов тұр» делінген. Қасым сұлтанның ұлдары – Саржан, Есенгелді, Кенесары, Наурызбай және немересі Сыздықтар қазақтың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен қаһармандар. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған шақта осындай аңызды қайта өңдеп жазбай, кімнің кім екенін пайымдамай шығару дұрыстыққа жата ма? Біздің тарихшы ғалымдар қайда қарап отыр? Мұның бәрі тарихшылардың жаны ашып істейтін жұмысы.
Енді «Боровое» сөзінің шыққан тегі мен түбірін талдап көрелік. 1900 жылы белгілі геолог К.Краснопольскийдің «Геология «Кокчетавского золотоносного района» деген кітабы баспадан шыққан. Осы кітапта берілген картада қазір «Боровое» аталып жүрген көл «Қарағайлы» деп көрсетілген. «Боровое» сөзі аударма ретінде жақшаға алынып жазылған. Сол сияқты «Большое Чебачье» көлі – Теңіз», «Щучинск» көлі – Шортанды көлі» деген атаулармен аталған. «Боровое» – қарағайлы орман деген сөз. Мұндай топоним Ресейде жиі кездеседі. Қазақстанда бұл атаулар Қостанай, бұрынғы Семей облыстарында бар. Ал, «Бурабай» атауы әлемнің басқа еш бұрышында жоқтығына күмәнім жоқ.
«Бурабай» тарихына қалам тартқандардың бәрі 1990 жылға дейін бұл аймақты толығымен жергілікті қазақтар мекендегенін мойындайды. 1911 жылдан бастап уездік және болыстық әкімшіліктің әмірімен орман ведомствосының тілегін орындап, қазақтарды Жаңаталап, Мәдениет сияқты далалық аймақтарға күштеп көшіреді. Міне, осы уақыттан бастап ешкімнен сұрамай, ғылыми негізде сұрамай «Боровое», «Синегорье», «Спящий рыцарь», «Сфинкс» сияқты атаулар «Бурабай», «Көкшетау», «Жеке батыр», «Жұмбақтас» сияқты тарихи атауларды қолданыстан ығыстырып шығара бастаған. Осындай өз жерлеріміздің аттарын қайтару үшін кімнен ұлықсат сұрауымыз керек?! Біз келешек ұрпаққа не дейміз?! Бүгінгі күні бұл арнайы экономикалық аймаққа айналып, туризмнің дамуына байланысты осы өлкеге келетін саяхатшылар қызығушылығын арттыру үшін таулар мен өзен-көлдердің тарихи-географиялық атауларын үкіметтің арнайы қаулысымен қалпына келтіру керек деп есептеймін.
Қазіргі қазақ қаламгерлері «Қарағайлы», «Әулиекөл» деген көне аттарынан айырылған көлді «Боровое» деп аталмас үшін «Бурабай көлі» деп жазып жүр. Бұл да үлкен қателік. «Бурабай» тау мен өлкенің атауы. Ал, көлге өзінің көне атын «Әулиекөл» немесе «Қарағайлы» деп қайтаруды заңдастыру қажет. Тағы бір айтпасқа болмас жай мынау: Абылай хан алаңында жүріп назарым бір топ туристер мен экскурсия жетекшісіне ауды. Топтың дені (90 пайыз) қазақтар. Ал, жетекші орыс тілдес қазақ жігіті оларға Көкшетауды – «Синюха», Жекебатырды – «Спящий рыцарь» Бурабай тауын «Верблюд» деп соғып тұр. Мен одан «Сен қалай ойлайсың, мына жер Ресейдікі ме, әлде Қазақстандікі ме? Сен Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасын, Айтқажы Қазбековтың «Бурабай накануне ХХІ века» деген кітабымен таныссың ба?» деп сұрадым. Байғұс бала не айтарын білмей қысылып қалды. Оқымағанын мойындады. Ол да кінәлі емес, дайындық жоқ. Мұндай ұят іске бармас үшін Бурабайда жұмыс істейтін экскурсия жүргізушілерді арнайы дайындау керек.
***
Осыдан 15 жыл бұрын, яғни, 2002 жылы Айтқажы «Халықаралық терминдерді қайтсек дұрыс қолданамыз?» деген зерделі мақала да жазып, жариялаған болатын. Сол зерттеу еңбегінде ол қазақ тілінде қолданылатын халықаралық терминдердің саны жүз мыңнан асып түскендігін айтқан болатын. Бірақ, осының үш проценті ғана ресми түрде бекітілген екен. Мен қазақ тілінің маманы болмасам да, бір күрделі салада Айтқажымен бірге істегендіктен (геология, гидрогеология, геофизика, геоэкология) және қазақ тілінің жанашыры ретінде, ойдағы жүрген бірер ауыз сөзімді айтқым келеді. Осы күні қазақ тілі мамандары дүние жүзінің халқына ортақ болып кеткен, қазақ халқы ішінде еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейін білетін халықаралық терминдерге балама сөздер іздестіріп жатқанын байқаймыз. Мысалы: «санаторий» – шипажай, «музей» – мұражай, «процент» – пайыз, «фортепиано» – күйсандық, «класс» – сынып. Орыстың тіліне кірген халықаралық терминдердің жайы қалай, ойланып көрдік пе?! Жоқ ойланбаймыз. Ал, ойлану керек-ақ. Жуырда Москваның бір телехабарынан «Орыстың тілін қорғау үшін заң керек пе?» деген хабар тыңдадым. Сонда Елена Земская деген оқымысты былай деп еді. «Русский язык постоянно обогащается за счет международно-принятой терминологии. Этого бояться не надо. Не нужные слова сами отойдут. Например введенное слово «концепсус» не прижилось, само отошло из лексикона политиков». Оның осы сөзіне мен де қосылар едім. Ескеретін бір жайт, орыс тіліне, не қазақ тіліне кірген шет ел тілінен енген терминдердің әрбірінің өзіндік тарихы бар, не болмаса ол терминді бірінші қолданған оқымыстының аты бар. Мысалы «фортепиано», «пианино» деген сөздерді италияндар бірінші қолданған. Көк шекті соқпалы (ударный) аспап деген мағынаны білдіретін көрінеді. Енді сонда «күйсандық» деп ауыстырғанымыз жөн бе? Ертең біздің домбырамызды басқа халық өз тіліне аудармақ болса, біз қалай қарар едік? Мен Алматыдан ағылшынша беретін Америка телехабарын анда-санда көріп тыңдағанда, қазақтың аударуға жатпайтын сөздерін олар ағылшын тіліне бейімдеп, сол күйі айтып жатқанын талай естідім (тайқазан, домбыра, бесбармақ). Бұл терминдерді қазақ халқының дүниежүзілік термин қорына қосқан үлесі деп санауымыз керек. Біз де алдық қой орыс сөзін (самовар – самауыр, автомат – аптомат т.б.). Қазақтың өрісі кең бай тілін орыс, ағылшын тілдерінің деңгейіне жеткізу мақсатымыз болсын. Ол үшін орыс, ағылшын тілдері сияқты дүние жүзінің жетістіктерінен пайда болған терминдерді қазақ тілі де өз бойына сіңіре білсе, үлкен мемлекеттік тілге айналатынына кәміл сенемін.
Айтқажы Қазбеков тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді. Жатқан жері жарық, иманды болсын! Осы бір шағын еңбегімде Айтқажымның өз еліне айтып, жазып кеткен дүниелерін қайрадан бір саралағандай болдым. Бұл Айтқажымның бәлкім маған да қалдырып кеткен аманаты шығар?!