Туберкулез – бактериалдық этиологияға жататын жұқпалы дерт. Аурудың тек медициналық қана емес, сонымен бірге, әлеуметтік астары да баршылық. Сырқаттың дамуына адамның өмір сүру деңгейінің сапасы әсер етеді. Бұл ауру тағам құнары әлсіз және мөлшері жеткіліксіз болған жағдайларда, тұрмысы ауыр соғып, тұратын жері санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес келе қоймағанда, ішімдікке салынғанда немесе есірткі заттарын қолданғанда көбірек орын алады. Алайда, бұл дертпен жас мөлшеріне және жынысына қарамастан, халықтың кез-келген бөлігі ауыруы мүмкін.
«Қазақстан Республикасындағы 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезге қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес біздің елімізде үкіметтік емес ұйымдар да осы жұқпалы дерттің алдын алып, жою ісіне тартылған. Біздің облыста бұл орайда, адам құқығын қорғау және туберкулезге қарсы күрес жөніндегі «Луч Надежды» қоғамдық ұйымына, сонымен бірге, осы аурудың алдын алу және онымен сырқаттанушылықты азайту жөніндегі «Игілік» қоғамдық қорына біраз салмақ түсуде. Бұл қорлар халықтың аз қамтылған және тұрмысы ауыр белгілі бір топтарын ішімдік пен есірткіден сақтандыруда, түзеу орындарынан келгендер мен ВИЧ, СПИД жұқпалы дерттеріне шалдыққан адамдарды өмірдің оң жолдарына бұруда біраз жұмыстар атқара білуде. Әсіресе, ведомс-тволармен және үкіметтік емес ұйымдармен халықтың көші-қонына зер салу және осы процеске қатысушыларды құжаттандыру, соның ішінде тұрғылықты мекен-жайы жоқ бомждарға баса назар аудару, осы орайда, бизнес-құрылымдардың көмегіне де сүйенбей қоймау, тағы басқа мәселелерде оң тәжірибелер де жоқ емес, бар.
«Үкіметтік емес» деген сөздің өзі ұйымның ең алдымен халық үшін, халықтың көкейкесті мәселелерін шешу үшін әрекет етуі керек деген ұғымды білдіреді. Бұл қызмет ең алдымен, амбулаториялық ем алушылардың осы емге жауапкершілікпен қарауын саналарына сіңіруге, түзеу орындарынан шыққан адамдардың денсаулығын, жұмысқа орналасуын қадағалауға, тұрғылықты орны жоқ жандарды, ВИЧ пен туберкулезге шалдыққан науқастарды жылы сөзбен демеп, қамқорлық құшағына алуға, осы топтардың бәріне психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Бұл мақсатта волонтерлік жұмысқа еріктілерді тарту ісі де біртіндеп жолға қойылып келеді. Осының нәтижесі болар, арнайы жобалардың арқасында туберкулез ауруынан дұрыс емделмеген
5 адам қайтадан емге оралды. «Игілік» қоры 30 науқасқа әлеуметтік көмек көрсетсе, «Луч Надежды» қоғамдық қоры амбулаторлық емдеуде жүрген 10 науқасқа азық-түлік пакеттерімен көмектесті.
Өткен жылдың соңында «Игілік» қоры және облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті, облыстық ішкі істер департаменті мен Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арасында туберкулезге қарсы күрес мәселелерінде өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойылды. Демек, мұның өзі алдағы уақытта осы салада атқарылатын жаңа жұмыстардың кепілі деп білеміз.
Алина ЯРЧЕВСКАЯ,
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.