Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің өткен жылдың 21 желтоқсанында шыққан санында «Адам өнегесі – өмірлік өнеге» атты мақала жарияланып, онда бұрынғы Көкшетау облысының ауыл шаруашылығы саласында үлкен із қалдырған Төрехан Имаммұхаметұлы Ивахин туралы аз-кем сыр шертіліп еді.
Бүгін сол әңгімемізді әрі жалғастырып, Төрехан жездемнің асыл жары Мәкен апайымның әкесі, есімі елге белгілі Қалиақпар молла туралы аздап сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз. Өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу бір өкілі Қалиақпар атамыз діни сауатты, білімді, зерек жан болатын. Жалпы, Ислам діні Алла тағаланың жер бетіндегі барша адамзат баласын тәрбиелеп, тура жолға сала алатын, екі дүниеде бақытқа жеткізетін әділетті де таза дін. Көзі тірісінде көпшілік арасында діни уағыздар айтып, халықты имандылыққа баулуда қажыр-қайратымен көзге түскен Қалиақпар ата бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Алабота ауылында көп жыл моллалық құрды. Құранды қолына алып, дауыстап оқып отырғанын сан мәрте көргенім бар.
Діни сауаты мол молланы әдетте ел іші де жақсы көретіні белгілі. Біздің осы шағын хабарымыздың кейіпкері де көпшілікке өте сыйлы, беделді болатын. Сонымен қатар, қисса-дастандар дегенде, ішер асын жерге қоюшы еді. Тіпті «Кероғлы» дастанын жатқа айтатын.
Бар саналы ғұмырын білім беру саласында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен өткізген жан әкем екеуі бір-бірін өте сыйлап, қадірлей білетін. «Қадір тұт, бір-біріңе құрмет көрсет, тірлікте сыйластыққа не жетеді?» демекші, қашанда бір-бірімізге деген түсіністік бірінші орында тұруы керек.
Дін рухани жаңғырудың кілті десек, жүректерге Ислам шапағатын дарытып, саналы ғұмырында са-уапты істер атқарған атамызға жаратушы иеміз иман байлығын берсін дегім келеді.
Айтжамал НЫҒМЕТҚЫЗЫ.
Көкшетау қаласы.