Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бақ балалы үйге қонады - АРҚА АЖАРЫ

Бақ балалы үйге қонады

Ана болу, көп баланың анасы болу нағыз ерлік. Міне, сондай көп балалы ана әрі бес бірдей ұлдың анасы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Егіндікөл ауданы Егіндікөл ауылының тұрғыны Маржан Хаван.

Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына дәл қазіргі таңда таңырқап та, тосырқап қарайтындар баршылық. Сондықтан, көп балалы ана болу айтуға ғана оңай. 40 жасқа жетпей бес ұлдың анасы атанған Маржанның бүгінгі тірлігі ерлікпен пара-пар.
– Иә, менің бес ұлым бар. Алланың бергені. Ең үлкен ұлымның аты – Сұлтан. Оның атын атам өзі батыл, әрдайым өзгеге көмектесуге әзір тұратын жігіттің сұлтаны болсын деп ырымдап қойған. Екінші ұлымның есімі – Аманжол, оны да атамыз қойған. Үшінші ұлымыз – Аманбол. Төртінші ұлымыз – Керем, бесінші ұлымыз Нарұлан атасы мен әжесінің еркесі, – дейді Маржан. Пах, шіркін! Өмірге алтын асықтай ұлдар әкелген алтын құрсақ аналарымыз аман болсын!
Бүгінде Отағасы Мырзабек пен Маржанның үш ұлы студент. Төртіншісі мектепте 2-сыныпта оқыса, Нарұланы 5 жаста. Ертең-ақ, ер жетіп, еліміздің еңсесін биіктетер ұландары боларына сенім мол.
Маржанмен әңгімеміз лезде өрбіді. Ең алғаш ата-ененің қолына келін болып түскен Маржан олардың ауыл-елге сыйлы, мейірімді, еңбекқор, өте қарапайым отбасы екенін, өзін туған қыздарындай қабылдағанын мақтанышпен жеткізді.
– Енем де 13 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, жеткізіп отырған Ана. Мен 23 жасымда тұрмысқа шығып, бес жылдай бірге тұрдық. Атам марқұм о дүниелік болған. Енем кенже ұлының қолында, елде тұрады. Жиі хабарласып, мүмкіндік болса барып тұрамыз. Ата-енем қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын адамдар. Олардың атын атау түгілі, қайын ағаларымызды Төре аға, Мырза аға десек, кішілерін еркем, кенжем, деп атаймыз.
Ұлдарым сабақтарын жақсы оқиды. Үлкен ұлдарым мешітке барып, діни сауат ашу сабақтарына қатысады. Өзіміздің шағын шаруашылығымыз бар. Жолдасым екеуміз жұмыстамыз. Жан жарым да ақкөңіл, жайдары мінезді, қарапайым жан. Ұлдарым да солай өсіп келеді. Мен ене тәрбиесінен тәлім алғандықтан болашақта ұлдарым аман-есен ер жетіп, қалаған мамандықтарының иесі болып, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып өсіп, өнегелі жерден келін түсіріп, бес ұлымыз бес отау болып отырса, бақыт деген осы ғой,– деп ақ арманын ақтарды Маржан.
Ұлдарымыздың әрқайсысын бірдей жақсы көреміз. Ешқайсысын алаламаймыз. Бұл соңғысы, деп те айта алмаймын. Алла сәтін салса, тағы бірнешеуін сүйерміз. Шіркін-ау, сыңғырлаған күміс шашбау таққан қырмызы қызғалдағымыз болса, әйел үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, – деп қояды бес ұлдың анасы. Алла тілеуін берсін.
Маржан «Алтын алқаның» да, «Күміс алқаның» да иесі емес, бірақ, ол арыстай бес ұлдың анасы. Бала тәрбиесі, үй шаруасы мен жұмысын қатар алып жүрген ол «әр баланың өз несібесі бар», деп өзін жұбатады. Шүкір тағдырыма ризамын, бақыттымын. Мені шын сүйетін жұбайым бар, Алла берген ұлдарым бар. Осылардың рахатын көрсек, деген Маржан өзінен кейінгі сіңлілеріне өнегелі сөзін де жеткізді.
– Ана деген атты абыроймен алып жүру шын бақыт. Сондықтан, өзімнен кейінгі сіңлілеріме айтарым, тұрмысқа шыққанда балам болса болды деп емес, дені сау ұрпақ тәрбиелесем деп бала сүйген дұрыс. Әрі бірінен кейін бірі тетелес өскен бала да бір-біріне бауырмал, қамқор болып өседі. Сол үшін де бала сүюден қорықпау керек. Өйткені, әр баланың өз несібесі болатыны бәрімізге де белгілі. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Міне, отағасы екеуміздің қазіргі ұстанымымыз осы, – деп ой түйеді Маржан.
Иә, «баланы жастан» деген сөз бекер айтылмаса керек. Абайдың қара сөзінде де: «Әділеттік пен мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та жақсылыққа жеткізе алмайды» делінген. Осылайша ауданда тату-тәтті отбасылардың көшін бастап тұрған ерлі-зайыпты Мырзабек пен Маржанның ұлдары да мейірімге бөленіп өсіп келеді. Ендеше, бақыт та балалы үйге қонатыны, ананың аялы алақаны мен асқақ арманының орындалуында болса керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар