Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов Геолог күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, кәсіби мереке иелерін марапаттады.
Елімізде сәуір айының бірінші жексенбісінде Геологтардың кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бұл күнді маркшейдерлер, шахта үңгушілері, сондай-ақ, пайдалы қазбаларды іздеумен және өндірумен айналысатын басқа да адамдар өздерінің төл мерекесі деп есептейді.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов жер қойнауын барлау-шылар ел игілігін еселеуге барынша үлес қосып келе жатқандығын айта келе, бар өмірін аталмыш салаға арнаған ақмолалық ардагер геологтарға шынайы ризашылығын білдірді.
–Геолог – қашанда мәртебелі мамандықтардың бірі болып қала береді. Құрметті ардагерлер! Сіздердің еңбек жолдарыңыз жастарға үлгі. Тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында бүгінде облысымыздың аумағында көптеген кен орындары ашылды. Бұл өңіріміздің экономикалық өсуіне оң ықпал тигізіп жатқаны сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары. Геология саласын дамытуға және еліміздің минералдық-шикізат қорын арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін «Соколовка» акционерлік қоғамының техникалық басшысы Орындық Нұрмағамбетов, «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамының техник-геофизигі Сәндібек Бүркітбаев «Жер қойнауын барлаудың үздігі», «Варваринское» акционерлік қоғамының бас геологы Дмитрий Карцев «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгілерімен марапатталса, «Солтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің гидрогеологы Галина Пятоваға «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Сонымен қатар, бірқатар сала үздіктері Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шарада геология ардагерлерінің атынан Берді Бекмағамбетов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, одан кейін кәсіби мереке иелерінің құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.