Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әлия Сапарова, Сергей Симонов, Павел Казанцев, Снежанна Имашева және Михаил Чирков Ақмола облысының Қорғалжын, Шортанды, Ақкөл, Целиноград аудандарының сайлаушыларымен кездесіп, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.
Қорғалжын мен Шортанды аудандарын аралаған халық қалаулылары «Астана агропродукт» ЖШС, Шортанды аудандық мәдениет саласының, аудандық аурухананың қызметкерлерімен, Бараев атындағы ғылыми орталық пен Дамса ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың ұжымдарымен кездесті.
Депутаттар Әлия Сапарова мен Сергей Симонов Целиноград ауданында орналасқан «Шаңырақ» акционерлік қоғамының өндіріс орындарымен танысты. «Шаңырақ» компаниялар тобына құс етін өндіретін және егін шаруашылығымен айналысатын өндіріс орындары кіреді. Құс фабрикасында бүгінгі таңда еуропалық үлгідегі жаңа құрылғылар қойылған. Етті салқындату үшін ауа салқындатқыш қолданылады, бұл артық сұйықтықтың етке түсуін болдырмайды. Өнімділікті арттыру үшін қолдан ұрықтандыру жүйесі қолданылады. Құс фабрикасындағы техникалық өлшемдерді Big Pharm қашықтан және деректер жинау жүйесі арқылы басқарады. Машина паркі трактор, тіркеме, тағы басқа арнайы техникалармен жабдықталған. Мекеме жылына 20 мың тонна ет өндіруге қауқарлы. Мұнда 600-ден астам адам еңбек етуде. Еңбек ұжымымен кездескен депутаттар Елбасының 5 әлеуметтік жобасының әрқайсысына нақты тоқталып өтті. «Біздің мақсатымыз әр сайлаушыға әлеуметтік маңызы зор бастамаларды түсіндіру», – деді өз сөзінде Парламент депутаты Әлия Сапарова.
Халық қалаулылары Михаил Чирков, Павел Казанцев және Снежанна Имашева Ақкөл ауданының орталық аудандық ауруханасында болып, аурухана жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Ақкөл аудандық орталық ауруханасында 53 дәрігер мен 174 орта медициналық қызметкер еңбек етуде. Сондай-ақ, науқастарға ем-дом шараларын көрсету үшін 70 орын күндізгі уақытта, ал, 80 орын тәулік бойы жұмыс істейді. 150-ден астам аурухана қызметкері 25 айлық көрсеткіш көлеміндегі жалақыдан төмен айлық алады. Олар орта медицина қызметкерлері, санитарлар мен күзетшілер.
Жабдықтарды қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жаңарту жалғасуда. Ауданда асқазанның онкологиялық ауруларын алдын ала анықтауға жағдай жасайтын жылжымалы флюорографиялық бөлімше, видеоколоноскоп және гастроскопия аппараттары бар. Операциялық диагностика жасауға мүмкіндік беретін рентгендиагностика құрылғысы сатып алынған. Облыстың 3 ауданына лапароскопиялық стенд алынды.
Осы жабдықты сатып алу қызметтерінің сапасын жақсартуға, сондай-ақ диагностиканы кеңейтуге және медициналық көмек көрсетуді уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Халық қалаулылары аурухана жұмысына оң бағасын беріп, еңбектеріне табыс тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.