Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ телевизиясының майталманы - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ телевизиясының майталманы

Көзі тірісінде әр жыл сайын отбасымен бірге туған топырағына келіп, демалысын Сілеті өзенінің бойында өткізуші еді деп еске алады ел ақсақалдары. Сондай дидарласу кезінде елдің тыныс-тіршілігін, әсіресе, өткен тарихын, ел аузында жүрген ғибратты аңыз-әңгімелерді қойын дәптеріне жазып алады екен.
Негізінде Совет Масғұтов қазақ телевизиясының жан-жақты өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға. Қазақтың қара сөзін жақсы білген, тілге шешен ол дикторлық пен комментаторлықты қоса алып жүрген. Ол заманда дәл осылай екі тізгінді тең ұстау сирек құбылыс. Дидары жылы әрі келісті, қоңыр дауысты, мақпал үнді, көркем сөздің иесі болумен қатар, дайын мәтінді жүрек тезіне салып әр сөзін дәмдеп, айтылар фактіні қолмен қойғандай етіп дәлелдеп, көрерменнің патша көңіліне жеткізу үшін де шынайы шеберлік керек. Оның үстіне дәл сол кезде туған топырақта телеөнер мектебі де жоқ болатын. Тыңнан түрен салған табиғи талантты тамаша тұлға осы жолда жампоздық көрсетті деп айтсақ, артық болмас еді.
Орта Азияның төрт республикасы мен Қазақстанның тыныс-тіршілігін қамтитын «Достық экраны» хабары, алуан тағдырлар жайында сызылтып сыр шертетін мазмұнды да мәнді «Сырласу», өмірдің өткелектерінен өту кезінде өзіндік ерекшеліктері көп ғұмыр жолдарының мәнді тұстарын айта отырып, жалпақ жұртты бір-бірімен табыстыратын «Мың да бір рахмет», атойлаған жастықтың жалыны шарпитын тележарыс топтамалары, «Пай, пай, жиырма бес» телеклубтарының сол кездегі шығарылымдарының қай-қайсысында болмасын майталман маманның шексіз қиялы мен орынды қисынының тұтас бір әлем болып құйылып түскендігін сол дәуірдің көгілдір экран көрермендері жақсы біледі.
Төл телевизиямыздың тарихында тұңғыш рет бейнефильмдер жасауды да алғаш қолға алған Совет Масғұтов екен. Оның даңқы жер жарған атақты күрішші Ұлбала Алтайбаева, екі мәрте Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев, шопан ата Жазылбек Қуанышбаев тәрізді тұлғаларды сомдаған мазмұнды телехабарларында өзіндік қолтаңбасы менмұндалап көрініп тұратын.
Негізінде Сәбең теледидар әлеміне журфактың студенті болып жүрген кезінде, яғни, 1960 жылдан бастап араласыпты. Тума талант қарым-қабілетін тез танытқан. Алғашқы бетте қазақ телевизиясының корреспонденті, кейін диктор, аға редактор қызметтерін атқарған. Уақыт өте келе жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі болды. Үйлескен ұжымдық қызметті қажет ететін теледидар жұмысы қызу да қызықты. Әр күн сайын эфирден өтіп жататын жаңалықтарды дайындаудың өзі кәдімгідей қарбалас шаруа болса керек-ті. Ал, оны ондаған адамдар дайындайды ғой. Бүгінгідей жаңа заманның қуатты техникасы қаптап тұрған жоқ, мамандар да аз. Солай бола тұра, оған жүргізушінің сүреңсіздігі қосылса не болар еді. Ал, Сәбең өзінің көркем келбеті мен тартымды қоңыр үнін ұтымды пайдаланудың арқасында әлгіндей олқылықтардың тігісін жатқызып жібереді екен.
Бүгінгі күні жасыратыны жоқ, көк жәшіктің ішіндегі комментаторларға аракідік орынды сын да айтылып қалады. Әсіресе, дүбірлі додалардан тікелей эфир ұйымдастырғанда қайсыбір комментаторлардың тілі мен үні қабыса бермейді. Осы тұрғыда сөз сабақтағанда, Сәбеңнің мына бір жазған ойы арада қанша жылдар өтсе де маңызын жоймаған деп айтуға болады: «Журналистің зерттеу әдістерін, телевизия үшін хабарлар әзірлейтін, экранда жұмыс істейтін журналистердің жұмыс әдістерін, творчестволық тәсілдерін жинақтап, қорытып, ортақ заңдылықтарын ашып анықтау, терең зерттеу кезек күттірмейтін келелі міндеттердің бірі». Міне, осы пікірі өзінің өміршеңдігімен құнды.
Таллин қаласында өткен телеөнердің білікті мамандарының бас қосуынан кейін ол КСРО Одағы таңдаулы теледидар жүргізушісі атанып, орталық теледидарға қызметке шақырылыпты. Орталық теледидардағы «Уақыт» ақпараттық бағдарламасын жүргізіп, тұтас ел көлеміне танымал бола бастаған. Қарапайым қазақ перзентінің одақ төрінен айтқан әр сөзі даралықты аңғартып тұрса керек.
Өз заманында туған тілінің тазалығы үшін де бір адамдай еңбек сіңірген. Қазақ телевидениесі жаңа қалыптасып жатса да кез-келген адамды дикторлық қызметке ала бермейді ғой. Ал, орталық телевидениенің жайы өз алдына бір бөлек, ол жерде тіптен қатал сүзгіден өткізіледі. Міне, сондай биікке көтерілген Совет Масғұтовтың телеарнамыздың тарихында алар орны ерекше екендігін аңғартып тұрады.
Жерлесіміз ғылым саласында да мол үлесін қалдырды. Ана тілімізде тұңғыш рет 1975 жылы «Телевизиялық журналистика негіздеріне кіріспе» деп аталатын әдістемелік оқу құралын жазды. Арада бір жыл өткен соң «Көгілдір экран – өмір айнасы» деп аталатын жинағы жарық көрді.
Мынау жарық дүниеде бар болғаны 39 жыл ғана ғұмыр кешкен С.Масғұтовтың есімі ел есінде тағы бір жаңғырсын деп естелік жазып отырмын. Біз осындай асылдарымызды ардақтай білуіміз керек.

Қуанышбек ШӘРІПОВ,
мұғалім.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар