Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбегі жанған, еңсесі биік ауыл бар - АРҚА АЖАРЫ

Еңбегі жанған, еңсесі биік ауыл бар

Қандай заманда болмасын, қазақ елінің бастау бұлақтары – шағын ауылдар болғаны бесенеден белгілі. Сайын даласы жамылған тірлік шапанының жағасы мен жеңіндей болған жәннат жайлауы мен күміс күздеуін көзінің қарашығындай қорып, өз өмірінің өрнегі түскен өңірді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, бірақ, өзгенің жеріне өлдім дегенде де көзін сүзбеген, сөйтіп, атадан балаға мирас болып жалғасқан «туған жер» деген қасиетті ұғымға кір жұққызбай бүгінгі ұрпақтарға жеткізген қайран ата-бабадан қалған соңғы белгі – басшымыз да, басқамыз да өсіп-өнген сол ауылдардың бүгінгі жай-күйі қандай?

«Қазақ» деген халықтың өшпес рухының қайнар көзі – ауылы екенін ертеден білген алыстағы да, жақындағы да өзге жұрттар «сол ауылдарын құртсақ, ынтымағы, бірлігі кеткен елдің жері де, жер астындағы кені де бізге қалады» деп, ауылымызға не істемеді?! Шапқыншылық замандарында босып та жүрдік, жосып та жүрдік. «Жеріңді игеріп береміз» деп, өзен-бұлақты, қамыс-құрақты, сай мен саяны паналаған еліміздің іргесін және түрді. Бұл күндері дүниенің ескі әлемін де, жаңа өмірін де қапасқа тығып тұншықтырған қала өркениеті деген пәленің кесірінен баламыз сол ығы-жығы қорапты мекендерге қашып, бабалар жерін толық игеруге шамасы жетпейтін кәрі-құртаң мен мүмкіндігі шамалы, бірақ, шын мәніндегі елжанды ұл-қыздарымыз ғана отырған ауылдардың түтіні сұйылып жатқаны ащы да болса шындық.
Өткен ғасырдың елуінші-сексенінші жылдарындағы коммунистік басшылық тәрізді емес, айналайын өкіметтің нарық заманындағы қиыншылықтарды қара нардай көтергені өз алдына, қаншама ауыр болса да, ауылдардың соңғы тірегі – жергілікті мектептерді сақтап отыруы нағыз заманауи ерлік екен. Білмейтін жас ұрпаққа айтайық, сол өткен ғасырдың елуінші-сексенінші жылдарына дөп келген біздің балалық және ер жеткен шағымызда жүз баласы болса да, ауылымызда құрығанда сегіз кластық мектеп ашылуы ата-анамыздың басты арманы болатын. Ал, қазір егемен елімізде отыз баламен де, он бес баламен де әр ауылда ірілі-уақты білім ошақтарын, жаңа талаптарға сай әр пәннің өз маманын ұстап отыру дегеніңіз – бұл ауылдарды сақтап қалудың айтып тіл жеткізгісіз мысалы шығар.
Әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарында болуға бағыт ұстаған жас, тәуелсіз еліміздің көреген Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел экономикасын кешенді көтерудің ауқымды іс-жоспарларына қоса, ауыл тірлігіне де қан жүгірту мақсатындағы күнделікті қамқорлығының, жергілікті тұрғындарға егін егіп, мал өсіруге, басқа да тірліктермен айналысуға жұмсалатын тікелей (түрлі бағдарламалар бойынша бөлінетін жеңілдетілген несиелер, мал және егін шаруашылығының мұқтажы жолындағы атаулы мемлекеттік көмек, субсидиялар) және қосалқы (кадрларды, ауыл шаруашылығы мамандарын тегін оқытып, даярлауға, басқа да қамту қызметтерін ұстауға бөлінетін) қаржылай көмегінің нәтижелерін, тіпті ауылдағы әлеуметтік тірліктің де жергілікті билік назарындағы шаруаға айнала бастағанын бұл күндері қарапайым халық көріп те, осы ұлағатты үрдістің ары қарай жалғасатынына еш күмәнсіз сеніп те отыр екен. Бұған аудан орталығынан біршама қашықта орналасқан шағын ауыл Құрылыста болғанымызда көзіміз жетті. Соңғы айларда төртеуінің мұржасынан түтін шықпай қалған 29 ауласы бар шағын ауылға аудан орталығынан шыққан жүрдек көлікпен бораны жоқ ашық күнде «қысқы асфальтпен» қырық минутта жетіп бардық. Жазғы-күзгі лайсаңда селолық округ орталығы Новорыбинка селосынан Құрылысқа дейінгі жиырма шақырымдай жерді ғана соншама уақыт жүретінбіз. Сырғыма қар ұшпасынан жабыла беретін жолды күнбе-күн тазалап отырған жергілікті азаматтар еңбегі байқаған жанға аңғарылып тұр.
«Барып қайт, балам, ауылға туған барып қайт, Шалғынға аунап, құмында ойнақ салып қайт. Өр болып келед біз жақтың азаматтары, Намысын соның көкірегіңде жанып қайт» делінетін ән жолдарының күмбірі құлағымыздан кетпейтін ауыл баласымыз ғой, қай ауылға барсақ та, іздегеніміз әдемі ғимарат немесе сұсты ескерткіштер емес, ақ бейілді, жарқын көңілді, өмірге құштар қайран ауыл адамымен жүздесу, тілдесу, өмір жайлы өзекті әңгіме өрбіту ғана екенін айтып жатудың қажеті болмас. Қалада қасыңдағы көршіңмен де қиратқанда бас иіп қана амандасатын, басқаға мұршаң болмайтын қарақан бастың ауылға барсаң өстіп елшіл, жершіл бола қалатыны бар. Балалық шақтан танауыңнан кетпеген жусан мен қарма нанның иісі, қашан барсақ та қара қазанының төңірегінен табылатын қайран аналарымыз бен қорасында малын жайлаған, андай-мындай шаруасын тындырып жүретін әкелерімізді көз алдымыздан кетіре алмай, сағына беретіндіктен сөйтетін шығармыз…
Жергілікті білім ошағының тыныс-тірлігінен сол ауылдың жай-күйін аңғару қиын емес. Әрине, басшысы елгезек, басқасы елжанды болса. Құрылыс негізгі мектебінің мүдірі Раушан Орынқызы да құрақ ұшып қарсы алып, «біздерде мынадай бар, мынадай барды» айтып, барын да, жоғын да жайып салатын қазақи мінезіне басып жатыр. Ауданымыздағы «халық ассамблеясы» атанатын Аманкелді тумасы болғандығынан шығар, алақандай ауылындағы жерлестерін тегіне, түсіне, жасына, біліміне, дағды-қадетіне қарап бөлген жоқ, «қазағым – мықты, орысым мен немісім – құтты» дегендей пиғыл танытып, әркімді өз ісімен, ауыл тірлігінің түтініне қосқан үлесімен танытуда.
Бір ерекшелігі – сол айтқан адамдарының барлығы да осы ауылда өсіп-өнген, жергілікті мектепте оқыған, жоғары немесе орта кәсіптік білім алғасын қайта оралып, бұйырған жұмысын істеп жүрген жандар екен. Ауылдан кетпей, «шағын Отанының» туын жықпай отырғандар да солар. Ал, тағдыр талайы бойынша кәсібі де, нәсібі де басқа жерден бұйырғандар қайта-қайта «құтты қазығына» оралып, қара шаңырақтары – мектептеріне қолдан келген көмектерін көрсетуден танбайды екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының туған жерге тағзым жөніндегі тағлымды тапсырмасының қалай орындалатынын білгісі келген жандардың алыстан іздемей, Құрылыс тәрізді шағын ауылдарға ат басын бұрғандары жөн тәрізді. Осы ой-тұжырымдарымызға бірер дәлел. Біз барғанда мектепте жүрген үш мұғалімнің үшеуі де осы мектептің түлегі болып шықты. Олардың әрқайсысы жайлы мектеп басшысы жылы лебіздерін білдірді. Мәселен, осы мектептегі еңбек өтілі ғана 33 жылдан асқан орыс тілі пәнінің мұғалімі Ольга Леншмидтің ізденімпаз ұстаз екендігі, мектепте оқыған жылдарының өзінде қазақ тілінен республикалық олимпиада жүлдегері болған Юлия Величконың дене тәрбиесі мұғалімі міндетіне қоса, ауылдағы пошта хат-хабарын таратушы қоғамдық міндетін де абыроймен атқаратыны, бастауыш сынып мұғалімі Тасима Расимованың 12 жыл еңбек өтілінде жинақтаған тәжірибесінің былтыр екінші категорияға лайықталғаны мақтанышпен айтылды.
Жалпы алғанда 25 ауласында тірлік түтіні бұрқырап тұрған ауылда мұғалімі бар, қамту қызметшісі бар 14 адам мектепте жұмыс істейді екен. «Мәди», «Надежда», «Зенит», «Айжан» деген жеке шаруашылықтарда бірнеше адам және еңбек етеді. Бір отбасы бала-шағасымен Жолымбет кенішіне қатынап нәпақа айы-
рып жүрген көрінеді. Қалған адамдар көктемнен қара күзге дейін серіктестік жұмысына шығады екен. «Шаруашылықтың мықты механизаторларының дені – біздің жігіттер» деп жатыр Раушан Орынқызы орынды мақтанышын жасыра алмай.
–Ауылымыздың тағы бір дәстүрі – ол ауыл шаруашылығы техникаларын меңгерудің қыр-сырын әкеден бала, үлкеннен кіші үйрену үрдісі. Сол себепті, тек серіктестіктегі шаруаны ғана емес, әр үйдің өз тірлігін де осы техникамен ұршықша үйіреді біздің кешегі оқушыларымыз. Елбасымызға разымыз, сегіз жыл болды ауылымызға сапалы су тартылғалы. Сондықтан, ел мал асырайды. Ауылға таяу екі көл бар еді, біреуі тартылып қалды, екіншісінің суы ащы, бірақ, мал суаруға жарап жатыр. Мұғалімдер жазда үй шаруашылығында. Малымыз бар, бақшамыз бар, картоп жақсы шығады мұнда. Жеріміз іргедегі Қараөзек пен Новорыбинкаға қарағанда өте құнарлы: егін де, басқасы да жақсы шығады, қараймын деген, жұмыс істеймін деген адамға. Мектеп жанында шағын ғана үлесіміз бар, балаларды еңбекке сол жерде баулимыз. Гүл отырғызамыз жыл сайын, ағаштар отырғызамыз көктемде, күзде. Көп емес, аз-аздан. Өйткені, төңірегіміз толы ағаш болғандықтан, жер-көктің бәрі ағаш тамыры, жас өскіндердің бәрі бірдей жайқалып шықпайды, онын отырғызсаң, соның төртеуі, бесеуі ғана нәтиже береді,–дейді мұғалім.
–Осы мектептің директоры болған Сарман Әлиевтің отбасы, сосын Байзрахмановтар әулеттері тұрған осында. Солардың Ғайни деген қыздары, Ұлжан Сарманқызы жыл сайын мектепке көмектерін көрсетеді. Тек былтыр ғана Дина Әлиева мектеп алдын, терезелерді бояу үшін бояу, ал, Ғайни кабинетке 7 парта, шкаф, үстел, терезе шілтері, жалюздер тәрізді 17 атаудан тұратын жабдықтар әкеліп берді. Коридорға линолеум да әкеліп берген ол кісі,– деп мектеп басшысы біршама жайттың бетін ашты. Әңгімені жалғастырған Ольга Александровна Украинада ғылыми жұмыстар істейтін Максим Сухомлинов, Новосібірде көп ғылыми еңбектер жазған математик Александр Викентьев, елімізде түрлі қызметтер істеп жүрген Ғайни Байзрахманова, Жанна Сарманқызы, Гүлжанат және Салтанат Бидановалар, еңбек ардагерлері, ұстаздар Жұмабай Қабиденұлы, Айнагүл Сарманқызы, Дәметкен Қалимоллақызы, халық шаруашылығының түрлі саласының айтулы мамандары Байзрахманов, Рахимов, Величко, Басенов, Леншмидт, Жақамбетов тәрізді мектеп түлектерінің есімдерін мақтанышпен атап жатыр. Естіп отырып, разы болдық.
Қандай да болмасын дәстүрі қалыптасқан ауыл-селоның, еңбек ұжымдарының кешегісі – шежіре, тарих, ал ертеңгісі – ел мүддесін көздейтін жасампаз жос-
парлар, қаймана халықтың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын жалаң сөз ғана емес, нақтылы істер дер едік. Еңсесі тіктеліп, тірлігінің түтіні түзу ұша бастаған біздің елдің елжанды ұл-қыздарының жалғыз уайымы– қазақ тілінің өміршеңдігін арттыру мәселесі десек, тілімізге, ділімізге, тәрбиемізге қатысты жанама болса да ешқандай дәстүрі жоқ, ол жөнінен басын ауыртып, балтырын сыздатқысы келмейтіндердің тірлігін «нан соғар, әрі кеткенде ән соғар» деп сипаттамасақ, басқа несіне қарап тамсанарсың… Құрылыс ауылындағы ұйымшылдықтың, жасампаз тірліктің тағы бір мысалы – осыдан 7 жыл бұрын мектептің 9 кабинетіндегі 9 пешті алып тастап, орнына қамту қызметшілері бар, мұғалімдері бар, өздері жылу жүйесін жүргізіп, сыртқа шағын бу қазандығын салып алыпты.
–Бұрынғы завхоз екеуіміз жасадық негізгі жұмыстарын,– дейді мектептің қазіргі шаруашылық меңгерушісі Александр Леншмидт. Мектеп іргесіндегі жұпыны бу қазандығына кіргенімізде алдымыздан «Ассаламағалейкумын» айтып жас жігіт шығып еді, «менің балам, қыста осында істейді, әрі ауданға таситын жүргізушіміз» деп жатты анасы Раушан Орынқызы. Құдды бір мектептің қызметтік көлігі, ақысы төленетін жүргізушісі бардай сөйлейді. Ауылдағы директорлардың бәрінің тірлігі осы болғасын үндемедік, іштей «мәләдесімізді» айтып, мектепке қайыра кірдік.
–Сол жеті жыл бұрын мектеп ішінде суын тартып, жылы әжетхана жасап қойдық, біздің балалар далаға жүгірмейді,– деп Раушан Орынқызы тындырылған аса қажетті тағы бір шаруаның шетін қылтитты. Расында да, әлі біразында оқушылары далаға жүгіріп жүрген кейбір мектептерді еске алып тұрғанымызда, «мынадай жақсы асханамыз бар» деп оқу жылының өн бойында осында, ал жазғы балалар демалысы кезінде аудандық лагерьде аспаздық ететін Балқия Ержановамен де таныстырып жатты мектеп директоры.Таңданған жоқпыз. Бірақ, сүйсінгенімізді жасыра алмай, «осы сіздерде не жоқ?» деп сұраған болып едік, «бізде лицензия-
сы алынған, талапқа сай медициналық кабинет те бар. Бірақ, істеп жүрген дәрігер отбасы жағдайымен Астанаға көшіп кетті» деп құрылыстық мұғалімдердің басшысы заман талабынан бір мысқал да қалғысы келмейтіндерін аңғартты.
–Барлық айтулы күндерде мұғалімдеріміз оқушылардың, ата-аналардың қатысуымен мерекелік шаралар ұйымдастырады. Бұл шағын ауыл тұрғындарын бір-біріне одан әрі жақындатып, ортақ қандай шаруаға болмасын күш-жігерлерін жұмылдыра түседі,–деп сөзін аяқтады Раушан Орынқызы.
Ал, біз «Құрылыстың құлпырып тұруы ауыл ұстаздарының өмір сүйгіштігінен, еңбекқорлығынан, елжандылығынан екен ғой» деген ой-түйінмен жұпыны ғана шатыр жамылған қарапайым ғимаратта орналасса да, бір ауылды сақтап тұрған мектепке разылықпен көз тастадық. Есімізге тағы бір өлең жолдары оралды:«Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?». Қандай әдемі айтылған жолдар… Туған жерін шынайы сүйе білген түлектері ғана туған елін жанындай жақсы көре алады… Қалған пенденікі құр далбаса!
Қуаныш НҰРСАДЫҚОВ.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар