Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Арқаның ақиығы – Ақан сері» атты аймақтық жас ақындардың жыр додасының іріктеу сайысы болып өтті.
Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің басшылығы ұйымдастырып отырған аймақтық жыр додасына өлеңіне өресі сай келетін, суырып салма, сөзі салмақты, ойы ұшқыр үміткерлерді екшеу үшін өткізілген іріктеу сайысына тоғыз талапкер қатысты. Айтыс оқушылар мен студенттер арасында өткізілмек. Сөз арасында аталмыш колледж жалғыз Ақан серінің ғана емес, ұлттық өнеріміздің жарық жұлдыздарының мол мұрасын жан-жақты насихаттап келе жатқан ұжым екендігін айта кеткен жөн. Облыстық және республикалық деңгейде талай табысты шаралар өткізілді. Бұл жолы Ақан серінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау барысында осындай шара өткізуді қолға алып отыр.
–Ақтық айтыс сәуір айының 20-сы күні облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында өткізіледі деп межеленіп отыр. Жалғыз айтыс қана емес, шара барысында Ақан атамыздың ғажайып әндері де орындалып, өлмес мұрасының өміршең ғибраты көзі қарақты көрерменге ұсынылатын болады,–дейді колледж директоры Құралай Ыдырысова,–ең басты мақсат халқымыздың рухани жан дүниесіне телегей-теңіз нәр берген, сымбаты мен салтанатына сызат түспес әр берген Серінің артында қалдырған нұрлы ғибратын ұрпақ кәдесіне жарату, жас толқынды әсемдік пен сұлулыққа толы нұрлы дүниенің нұрымен тәрбиелеу.
Алғашқы жұпта Бұланды ауданының өкілі Нартуған Серік пен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің білім алушысы Абзал Жұмабек сөз қағыстырды. Бұландылық ақын «Серінің тойына келе алмасам, сын емес пе» дей келіп, ән өнерінің жарық жұлдызына деген көкірегіндегі құрметті жыр жолдарымен көмкерді. Жастығына қарамай татымды сөз сөйлей білген Абзал да алғашқы лептегі қызулы кезеңнің биігінен табылды. «Құлагердей жыр жүйрігі болсам да тек тағдыры жазылмаса екен» деген тілегін де жеткізді. Жастардың сөз қағыстыруы әзілмен астасып, әдемі шықты. Алғаш рет киелі сахнаға шығып тұрған соң кейбір әттеген-айлары да болмай қалмады. Ол қандай жайлар? Ең алдымен жас ақындар бір-бірін құрметтей білуі керек. Содан соң сөз мәдениетін, сахна мәдениетін меңгергендері жөн. Әрине, көштің жүре түзелетіндігін ескерсек, алдағы уақытта ысылар, жетілер деген үмітіміз де жоқ емес. Қалай болған күнде де тәп-тәуір айтыс шықты. Екінші жұпта айтыс өнерінде біраз танылып қалған, болашағынан үлкен үміт күттіретін Мұхамед Қоңқаев пен Таңнұр Әлболсын сөз сайысына түсті. Тәжірибелі әрі талантты Мұхамед қарсыласын әп еткен бетте қусырып жіберуге тырысты. Таңнұр да тегін жан емес, қарсыласып бақты. Сөз түйінінде «Қазыларға айтатын өтініш бар, финалға Мұхамедті жіберіңдер» деуі өте орынды шықты. Құтты бағзы замандағы Ақан сері атасының Орынбай ақынға «Орекең сіз бір кеме, біз бір қайық» деуімен орайлас. Бұл да кісілік пен кішіліктің белгісі. Үшінші жұптағы Думан Хаматұлы мен Жансая Қайымқанның айтысы сәл солғындау сөз сайысы болды. Айтыстың ажарын кетірген нәрсіз сөз, бір-біріне орынсыз кінә тағу, жеке басқа тиісу тәрізді келеңсіздіктер көбірек орын алды. Ал, Ақынбай Сәрсенби мен Ажар Қайратбектің айтысында Ақынбайдың салмақты сөзі, парасатты ойы, айналасы теп-тегіс, тілге жеңіл жыр шумақтары қалыпқа құйылған қорғасындай мүлтіксіздігімен тәнті етті. Жұпсыз қалған Нұрислам Әбділ Таңнұр Әлболсынды таңдады. Анығында, қазылар алқасы солай ұйғарды. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің мұғалімі мен шәкіртінің сөз қағыстыруы әдепті айтыстардың бірі болды. Көрермен көңілін жарасымды қалжыңдары, орынды әзілдері баурап, қошемет пен құрметке ие болды.
Айтыс соңында аймақтық сөз додасына Мұхамед Қоңқаев, Ақынбай Сәрсенби, Нұрилсам Әбділ, Таңнұр Әлболсындар жолдама алды. Бір айта кетерлігі, ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған қасиетті Көкше топырағында жыр додасында бабадан қалған сөз байрағын биік көтеріп шығатын талантты ұрпақтың барлығы. Сол жері дәтке қуат, көңілге демеу.
Көкшетау қаласы.