Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күлтегін жыры (еркін әдеби нұсқа) - АРҚА АЖАРЫ

Күлтегін жыры (еркін әдеби нұсқа)

Күлтегін Құтлық (Елтеріс) қағанның екінші ұлы, Білге қағанның (Могилян) туған інісі. Шешесі Елбілге қатұн. Жеті жасында әкесі Құтлық (680-692 жж. билік құрған) қайтыс болады. Қаған тағына оның інісі Қапаған (692-716 жж.) отырады. Күлтегін мен Білге, Қапағанның інісі Бөгүні (716 ж.) тақтан тайдырып, қағандық билікті Білге қолына (716-734жж.) алады. Тарихи деректерге қарағанда, Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысы – 694 жылғы Жау жыу және Дин жыу аймақтарында болған соғыс. Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде-біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін аңғартады.
«Күлтегін» жырының басты идеясы – түркі халқын ауызбірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу болып табылады. Жыр соңында Күлтегін батыр қайтыс болғанда бүкіл түркі халқы қатты қайғырып, аза тұтқаны, оны жоқтап, жерлеу салтанатына әлемнің төрт бұрышынан көптеген атақты адамдар – елшілер, батырлар, бектер, тас қашайтын шеберлер, келгені айтылады.

І

Алдымен
Тұла бойынан
Бу менен дым бүріккен
Алай-дүлей жел тұрды.
Дүниені басып жатқан
Қара балшықтай қою,
Күйедей қап-қара,
Түнек серпілді.
Жоғарыда
Ішіне жұлдыздар жапсырған,
Алып қазандай төңкерілген,
Төсіне Ай ілген, омырауына Күн таққан
Аспан пайда болды;
Күркіреп, күркілдеп
От шашып жатқан;
Алып денесінен
Қып-қызыл болып
Өрт қашып жатқан
Тау менен тастар пайда болды.
Жел алып келген
Дым менен будан
Бұрқырап тасып жатқан
Сулар пайда болды.
Найқалған нулар пайда болды.
Сонан кейін Адам шықты.
Ашыған қамырдай боп
Көтеріліп деміккен
Қара жерді басып көрді,
Жүндей боп ұйысқан
Қара бұлттарды
Қолымен олай-бұлай аударып
Ашып көрді.
Алтай тауым
Бесік болып тербеткен,
Жарқылдаған от пен
Сарқыраған судың ішінде
Ержеткен –
Көк тәңірінің оғландары
Бүкіл түрік жұртының
Арландары мен қабыландары,
Бумын қаған мен
Істемі қаған таққа қонды.
Елімді ел етемін деп,
Жерімді көгертемін деп
Оттай асау,
Оқтай ұшқыр
Атқа қонды.
Ормандар аңға толды.
Өрісі малға толды.
Жерінің тегінен
Май ағып тұрған,
Ағаштарының балағынан
Бал ағып тұрған
Ел болды.
Құнары асыл
Жер болды.
Сол елдің
Айналасы түгел –
Бұзылған сеңдей
Жапырып кеткісі кеп тұрған;
Көшкен селдей
Түп-тамырымен қопарып
Батырып кеткісі кеп тұрған
Дұшпан екен.
Күндердің күнінде
Жан-жағынан олар
Құрсаудай бүріп
Қысқан екен.
Сол кезде
Көк түріктердің кеуделері
Көріктей ісінген.
Жаяулыны – құмалақтай! –
Найзасының ұшына іліп,
Аттылыны – қуалап жүгіріп! –
Бөріктей түсірген.
Бастыны –
Бастары жерге тигенше
Идірген –
Табанын жалатып,
Арттарын сүйдірген.
Тізеліні –
Тізелерін дірілдетіп
Түйедей бақыртып
Шөгерген.
Қалғандары
Оқ тиген мақұлықтай қашып,
Тау менен тастардан асып
Алды-артына қарамай
Жөнелген.
Халқына
Ілгеріде жатқан
(Күн шығыстағы)
Қадырқан қойнауын сыйлап,
Керіде жатқан
(Күн батыстағы)
Темір қақпаны жайлатқан.
Жеңіспенен желпіндіріп
Отыз күн бойы ойнатқан,
Қырық күн бойы тойлатқан.
Екі қаған да
Емендей берік,
Бәйтеректей зор,
Төбені сүйреп әкетердей
Алып болған.
Сол екеуінің тұсында
Ел-жұрты
Молшылыққа малғытып жүзіп,
Ырыс пен құтқа
Кеңірдектерінен келіп
Қарық болған!
Сарбаздары
Қара жартастардан
Қамал қалап жатқан.
Ал екі қаған
Таулардың иығына шығып,
Бұлттарды бауырына басып
Соларға қарап жатқан.
Халқы
Үйірін іздеген,
Айғырлардай кісінеп,
Ботасын іздеген
Аруаналардай боздап –
Жыр толғаса! –
Көлдерді тасытып
Тауларды қозғаған екен;
Бірін-бірі тыңдаған,
Өздеріне ақырып сөйлемеген,
Ақырып сөйлесе де,
Арына тиетіндей етіп
Бақырып сөйлемеген,
Азып-тозбаған екен.
Аярлық пен
Опасыздықты көргенде –
Орай да борай –
Қабағына қар жауған!
Әділ жарғылары
Қара тастарды турап,
Қара қылды қақ жарған!
Сонан кейін олар
Демдері бітіп
Өмірден кеткен.
Рухтары
Алтай таудың үстінде
Оқшырайып отырған
Көк тәңіріне кеткен.
Олардың өлімін естіген
Дүние теңселіп кеткен,
Ойпаң жер опырайып құлап,
Қақырайып тұратын жоталар
Жер шөгіп кеткен.
Ормандар шулап жылаған,
Көлдер тулап жылаған.
Күн шығыстағы
Бөклі шөлдің ел-жұрты
Құм шашып еңіреген.
Ортадағы татарлар,
Күл шашып еңіреген.
Алтай таудың айналасын
Азан-қазан етіп,
Күңіреніп, егілген
Қабырғалары сөгілген
Жоқтаулар басталған;
Іргедегі табғаштар
Бастарын
Тау менен тасқа ұрған.
Күні тұтылғандай,
Айы құлағандай шошып жылаған.
Түпіт, апар, пурум, қырғызың,
Учқурықан, қытаң, татабың
Шаштарын ормандай жайып,
Беттерін тырнақтарымен! –
Тасты орған тау өзендеріндей!
Осып жылаған.

ІІ

Олардың орнына отырған
Інілері мен балалары
Бастарында
Торғайдың миындай ми жоқ
Жаман-жәутік екен.
Бойлары бір қарыс,
Ойлары біртұтам
Шәлтік екен.
Есігінде жүрген
Қара құлды да
Қарпып тастай алмаған;
Төріне шығып тайраңдағанды
Ең болмаса –
Ит құсап – балағынан! –
Тартып тастай алмаған.
Бұрқырап тасуды білмейтін –
Бұралқы ит сарып,
Жетім лақ секіріп өтетін –
Жылға боп шыққан.
Өздері түгіл
Көлеңкелеріне дейін сұйық,
Мұрындарынан су сорғалаған
Сүмелек, сұлба боп шыққан.
Көк тіреп жүретін
Көк түрік елінің
Тот басқан қылыштай
Айбаты өлген.
Жұртта қалған ошақтай
Қайраты сөнген.
Бойкүйездіктері сондай
Отырған жерлерінде омалып,
Жатқан жерлерінен
Бұтына жібергенше тұрмаған.
Дұшпанның тісінің
Қайралған қышырын емес,
Жуылған ыдыстың
Тықырын тыңдаған.
Естілерден іргесін
Жырақ салған.
Алдамшы табғаштардың
Зымиян сөздеріне
Естері кетіп құлақ салған.
Елдің жайсаңдарын
Жау көріп –
Ұрсын қалған.
Сұрқия сөздерден
Шоқ түскен киіздей боп
Бықсып жанған.
Сонан кейін
Өздерімен өздері
Жағаласып кеткен,
Өздерімен өздері
Шабалаңдап үрісіп,
Абаласып кеткен.
Біріне-бірі!
Қақпан құрған.
Бірін-бірі
Тақтан қуған.
Бесті бұқаның терісіндей
Берік ел –
Бөстекке жарамайтын
Қотыр шыбыштың
терісіндей боп
Іріп кеткен.
Қылыш пен найза түгілі
Кездік қайрап,
Істік ұштай алмай
Далада қалған бұл елді
Көк тәңірі тас төбелерінен
Ұрып кеткен.
Сол ел – ел бола алмай
Құрып кеткен.

ІІІ

Табғаш жұртына
Көк түріктердің
Арыстай-арыстай ұлдары
Қамыстай жапырылып
Күс табан, жалақ ерін
Құл болған.
Күн десе көзі,
Ай десе аузы бар
Ару қыздары
Күлді-көмеш күң болған.
Аттан түсіп
Солардың қойы мен
Қабағын баққан.
Күлімен кіріп,
Отымен шығып,
Қазанын жаққан.
(Өзектерінде оттары барлар
Намыстан өлердей боп
Қабарып жатқан).
Мұрындық салған атандай
Солардың жетегінде жүрген.
Дүниеге жөндеп қарай алмай
Жота мен төбенің
Етегінде жүрген.
От жақса –
Шақпағына айналған,
Қол сүртсе –
Қолжаулығына,
Сілтесе – шоқпарына айналған.
Өзінің емес
Табғаш жұртының
Жерін кеңейткен.
Табғаш жұртының
Елін көбейткен.
Күн шығыстағы
Бөкей қағанға дейін
Әскер жүргізген.
Күн батыстағы
Темір қақпаға дейін
Әскер кіргізген.
Айтқанына көнген,
Айдауына жүрген.
Өзінің билігінен айырылып, сұңқардай қанатынан
Қайырылып
Елдіктен қалған.
Бір кездегі күндей күркіреген,
От бүркіп, шоқ шайнаса
Дүние тітіркенген
Ерліктен қалқан.

ІV

Мұндай қорлықтан,
Мұндай зорлықтан
Көк түріктердің ашу-ызасы
Қара бұлттарды қақ жарған,
Қып-қызыл найзағайлардай
Жарқылдап ойнаған!
Ішіне жай тасы түскен
Қара қазандай сақылдап қайнаған!
Өзегіндегі оты
Өртке айналған.
Көмейіндегі сөзі
Сертке айналған.
Күні кеше
Балағымда жүрген бит
Басыма шықты деген,
Күні кеше
Жуындымды ішкен ит
Асыма құсты деген.
Күні кеше
Өзге елдің жандары
Іргесінен жүре алмайтын
Елім бар еді ғой.
Күні кеше
Өзге елдің малдары
Көлім түгіл,
Шалшығын іше алмайтын
Жерім бар еді ғой.
Тас төбемде
Айым толып туатын.
Сол түндерім қайда?
Қағанды халық едім ғой.
Қағаным қайда?
Қаһарлы халық едім ғой.
Қаһарым қайда?
…Бірақ олар
Бастары бірігіп
Ормандардай болып
Орындарынан түгелдей
Бір тұрып кете алмаған.
Бұрқыраған борасындай соғып
Табғашты құмдай етіп
Сыпырып кете алмаған.
Бектері
Белдесуге жарамаған,
Қиын тұстарда
Жанын қиып
«Кел» десуге жарамаған.
Сонан кейін-ақ
Қайқы қылыштары –
Ортасынан! –
Сынып түскен.
Асау мойнына қайтадан
Қыл шылбырлы
Құрық түскен.
Түрік халқы қан жылап:
Асыл қуатым
Өліп барады деген,
Асыл ұрығым
Семіп барады деген.

V

Алдымен
Жоғарыдағы
Көк Тәңірі
Күндей күркіреп;
Сонан кейін
Жердің Иесі қозғалып,
Түрік халқы жоғалмасын деген!
Құлдықта қамалмасын деген!
Ел болсын деген!
Басқа жұрт аса алмайтын
Бел болсын деген!
Көк Тәңірінің өзі
Әкем Ілтеріс қағанды –
Қуатты болсын деп! –
Қара бұлтқа орап
Төбесіне көтерген.
Шешем Ілбілге қатынды –
Шуақты болсын деп! –
Ақ бұлтқа орап
Төбесіне көтерген.
Сол-сол-ақ екен
Қаған әкем
Он жеті ерді ертіп ап,
Елдің намысы боп жанған
Будақ-будақ, өртін ап,
Жортып жөнелген.
Қарсы келгенді
Азу тісімен
Қарпып тастаған.
Атының алмас тұяқтарымен
Тарпып тастаған.
Таудағы түріктер
Еңіске құйылған,
Еңістегі түріктер
Тауға жиылған, –
Көк Тәңірге сыйынған! –
Бір-бірімен
Бұрқырап қауышқан.
Бір-бірімен
Шұрқырап табысқан.
Ерлер жетпіске жеткен, –
Тұтасқан қолға айналған.
Әрқайсысы
Жартас өңгеріп кетердей
Зорға айналған.
Көк Тәңірінің өзі
Қуат бергеннен кейін,
Ұлы мақсат пен
Мұрат бергеннен кейін –
Жауларын! –
Қойлардай бөрліктірген
Бөрілердей болған.
Әрқайсысы бір-бір жота боп
Көрінердей болған.
Жеті жүзі
Қатар құйылғанда
Жауларын! –
Сеңдердей сапырған.
Таулардан құлаған
Селдердей жапырған.
Ілгері-кейін
Әскер жүргізіп –
Желдердей ескен.
Бұлттардай көшкен.
Жауларын
Табандарына салып таптап
Мал қып кеткен халықты,
Қалағынан айырылып
Қаңғып кеткен халықты,
Күлді-көмеш
Күң боп кеткен халықты,
Құлағы кесік
Құл боп кеткен халықты
Азат еткен.
Күні кеше
Билік құрған жауларын
Белдерінен бүгілдіріп,
Мойындарынан иілдіріп
Мазақ еткен.
Көнбегендерін
Күлге аунатып,
Құм асатып жер еткен.
Тентіреп кеткен
Төліс, тардаушты
Ел еткен.

Оң жағында
Табғаш жұрты
Табанға түспеймін деп
Есірген.
Сол жағында
Баз қаған
Талауға түспеймін деп
Көсілген.
Қырқыз, құрықан, отуз татар,
Қытаң менен татандар
Жан-жағынан
Қамап тұрған.
Қалғыса – бас салғысы кеп,
Қарап тұрған.
Қырық жеті рет
Жорыққа шыққан
Қаған әкем –
Ас-суын
Атынан түсіп ішпеген.
Қылышы
Қынына түспеген.
Жиырма рет
Соғысқа кірген.
Бетпе-бет келіп
Шөптердей қырқып,
Ағаштардай кесетін
Шабысқа кірген.
Елді болғанды
Елдігінен айырған,
Қағанды болғанды
Қанатынан қайырған.
Байлыққа батқан,
Бақытқа кенелген.
Бұлықсынғанын
Бұтадай сындырып,
Тізелісін
Түйедей шөгерген.
Қаттысын
Балшықтай илеп
Бастысын
Басы жерге тигенше
Идірген –
Табанын жалатып,
Табалдырығын сүйдірген.
Осылай
Мақсатына жеткен.
Дүниеден өткен.

VII

Ағам таққа отырып
Қаған болды.
Елі мен жеріне
Қара жартастардан соққандай
Қамал болды.
Ерлерінің
Намысын үрлеп
Өрт қылды.
Кедейін бай етті,
Азын көп қылды.
Мен өзім
Тардуш халқын
Жатқызып-өргізетін
Шад болдым.
Бейшараға қорған,
Байғұсқа бақ болдым.
Ағам екеуіміз
Жасыл өзенді
Шантун жазығына дейін,
Батыстағы қақпаға дейін,
Көгмен асып
Қырқыз жеріне дейін
Әскер жүргіздік.
Басын көтергенін
Басын жерге тигіздік.
Інінен шыққанын
Ініне қайта кіргіздік.
Он үш жыл қағыстық,
Он үш жыл соғыстық.
Кеңдік құрғанды
Кеңдігінен айырдық,
Елдік құрғанды
Елдігінен айырдық.
Көкірек керіп келгенді
Кейін шегердік,
Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөгердік.
Түргіш қаған
Туысымыз болатын.
Іргеде жатқан
Ұлысымыз болатын.
Тасып кеткен екен.
Ернеуінен шығып
Асып кеткен екен.
Шөптей жұлдық,
Қынадай қырдық.
Арғы қандасымыз
Он-оқ халқын
Жақынның
Мазағынан құтқардық.
Дұшпанның
Азабынан құтқардық.
Барс бекке
Қарындасымызды
Ханшалыққа берсек,
Ол бізге жонын көрсетті.
Жонынан таспа тілдік!
Басынан жағын айырып,
Қасқа қылдық.
Ұлдарын құл еттік,
Қыздарын күң еттік.
Құмалақтай
Шашылып кеткен қырқызды
Біртіндеп жинап
Жұрт еттік.
Қайтадан
Түрік еттік.
Кезіндегісін кешірдік,
Жесірінің
Құрсағын қампайтып,
Жетімін
Желкілдетіп өсірдік.

VIII

Қадырқан жерін
Басып жатқан
Жұртқа айналдық.
Сілекейі бал боп аққан
Құтқа айналдық.
Кеңу тарманға дейін
Ел қонды.
Суы сарқырап аққан,
Көлі жарқырап жатқан
Жер болды.
Құлымның өзі
Құл жұмсайтын болды.
Күңімнің өзі
Күң жұмсайтын болды.
Көптігіміз сондай
Ағалары інілерінің,
Інілері ағаларының,
Әкелері
Қаптаған балаларының
Аттарын шатастыратын.
Біз сондай көп болдық.

IX

Түрік, оғуз бектері!
Құлақ түр!
Менің қазір жаным
Қанжылап тұр.
Үстіңе көк Тәңірі
Тау құлатпаса,
Қара жер қақ айырылмаса
Сені кім алатын еді?
Арыстандай ақырып тұрсаң,
Сенің қасына
Кім баратын еді?
Енді маңдайыңды
Тасқа ұр!
Ібіліс иектеп,
Албасты басқыр!
Өзегіңді
Өрт етіп, өкін!
Жер сабалап жыла!
Жарылған жартастай опырыл!
Дауылды күнгі
Емендей құла!
Асып-төгіліп
Қағындың.
Тәңірінің алдында
Жазып-жаңылдың.
Еліңді көзге ілмедің,
Қағаныңа
Қарсы шығып бүліндің!
Түңілдім!
Жарақты жау сені
Қаңбақтай қуып әкетті.
Сүңгілі жау сені
Жапырақтай жұлып әкетті.
Жеріңді тастап қаштың.
Зар илеп,
Қақсап қаштың.
Айтшы,
Барған жеріңнен
Пана таптың ба?!
Сені қорғайтын
Қара таптың ба?!
Қарағайдай бойың
Шыбықтай иілді.
Қаның судай ақты.
Сүйегің тау боп үйілді.
Алтын айдарлы ұлың
Құл болды.
Күміс тұлымды қызың
Күң болды.

Х

Түрік халқының аты
Құмға сіңген судай
Құрымасын деп,
Асып тұрған айбыны
Шөптей жұлынбасын деп
Әкемді қаған,
Шешемді
Ханша еткен Тәңірі
Мені де қаған етті.
Жеріме қорған,
Еліме қамал етті.
Мен
Атағы асқақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ;
Байлыққа батпақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ.
Мен
Киерге тоны жоқ,
Ішерге асы жоқ,
Шығатын жолы жоқ
Жәутік елге қаған болдым.
Інім Күлтегін екеуіміз
Әкеміз бен ағамыз
Ел еткен елді,
Жер еткен жерді
Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық,
Күндіз отырмадық.
Қызыл қанымызды төктік,
Қара терімізді жүгірттік.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.
Күлтегін екеуіміз
Өліп-өшіп жүріп
Дұшпанның қанын
Белуардан кешіп жүріп
Елді – қайтадан! –
Ел еттік,
Жерді – қайтадан! –
Жер еттік.
Елімді
Суға батырмадым,
Отқа күйдірмедім.
Ешкімге
Бастарын идірмедім!
Ойға босқан халқым
Қандастығын айта келді,
Қырға қашқан халқым
Бауырым деп қайта келді.
Халқымды
Тойдырайын деп,
Жылап-сықтағанын
Қойдырайын деп
Теріскейдегі
Оғыз тарапқа,
Шығыс қытаңға,
Татабы тарапқа,
Түстіктегі
Табғаш тарапқа
Он екі рет қол кіргіздім.
Бастарына
Қап-қара бұлт үйіріп,
Еңселерін езген
Сор кіргіздім.
Тәңірім жарылқап,
Таусылған құтым
Қайтадан құйылды.
Шашылған ырысым
Қайтадан жиылды.
Азды көп қылдым,
Кедейді бай еттім.
Көріксізін Күн,
Ажарсызын Ай еттім.
Төрт тарап түгелімен
Аяғыма келіп
Бас ұрып жатты.
Елімнің даңқын көтеріп,
Айбынын асырып жатты.
Қазаным құтқа толды,
Ел-жұртым бұтқа толды!

ХІ

Әкем қайтыс болғанда
Інім Күлтегін
Жетіге енді толған еді.
Сол кездің өзінде-ақ,
Көркіне елі тойған еді.
Шешем Ұмай қатын
Күлтегінді батыр етті.
Сонысымен
Елі мен жұртына
Жақын етті.
Он алтыға толғанда
Қаған ағамның
Құрған елін зорайтты.
Ырысын тасытып,
Несібесін молайтты.
Алты Шуб Сағдат тарапты
Талқандап бұздық.
Адамдарын
Мал сияқты иіріп,
Арқандап тіздік.
Табғаш, Оң тұтық
Қаптап келді.
Шалғынымды жапырып,
Өрісімді таптап келді.
Күлтегін жаяу әскерімен
Жалын боп тиді.
Тастай үкті,
Тарыдай түйді.
Күл-талқан боп қирады.
Күлтегін інім
Қолға түскендерін
Көгендеп тұрып
Қағанға сыйлады.
Жиырма бір жасында
Білегі келсаптай,
Балтыры
Келідей болып толысты.
Құланның етін
Аспай асайтын
Чача Сенуіңмен соғысты.
Ә дегенде
Тадықтың Чуры Бозына
Қарғып мінді.
Ол ат мерт болды.
Сонан кейін
Ышбара Жамтар Боз атты
Мініп шапты.
Қапталдағыны қаймықтырып,
Қарсы келгендерін
Түріп шапты.
Ол ат та мерт болды.
Үшінші рет
Жегін Селік-Бектің
Торы атын мінді.
Жауын найза боп жыртып,
Қылыш болып тілді.
Ол ат та мерт болды.
Қарап тұрған жұрттың
Кеудесіне дерт толды.
(Жалғасы бар).

Еркін әдеби нұсқасын жасаған
Темірхан МЕДЕТБЕК.

 

Жауларын
Бұталардай бұрап сындырып
Жоқ қылды.
Жер Байырқының
Ұлығ Іркіңі
Біздерге қас болды.
Қаны қатқан тас болды.
Оларды да қуып
Түргі Жарғұн көліне
Батырдық.
Көлінің өзін
Қайнаған қазандай етіп
Сапырдық.
Ұлығ Іркің
Қуғынға түскен
Түлкідей састы.
Әйтеуір сытылып шығып
Алды-артына
Қарамай қашты.
Күлтегін отызға толды.
Тұла бойы
Тау өзендеріндей
Бұрқыраған ағысқа толды.
Қырқызға аттандық.
Жол-жөнекей
Сүңгі боламайтын
Қасат қарды
Қақ айырып өттік.
Көгмен тауынан астық.
Қырқыз халқын
Ұйқыда бастық.
Олардың қағанымен
Суңа жышта жолығыстық.
Қарсы тұрған таулардан
Домалаған тастардай
Бір-бірімізбен
Сатыр-сұтыр соғылыстық.
Күлтегін
Байырқының
Ақ Айғырын мініп шықты.
Қылыштай боп
Ортамызды тіліп шықты.
Бір батырын
Көлден көтеріле берген
Қаздай етіп
Атып түсірді.
Екі батырын
Аттың үстінен
Бөріктей етіп
Найзасымен қағып түсірді.
Тебінгенінде
Ақ Айғырдың қабырғалары
Күтірлеп
Сынып кеткендей болды.
Түйілгенінде
Қара тастың
Суын сорғалатып
Сығып кеткендей болды.
Сол жылы
Түргіс тарап жаққа
Алтын жышты
Пышақтай тіліп
Кесе жорттық.
Қап-қара боп аққан
Ертіс өзенін
Омыраулап кеше жорттық.
Тағы да
Талай-талай
Таулардан астық.
Түргіс халқын
Ұйқыда бастық.
Түргіс Болчуда
Оттай бұрқырап,
Құйындай құтырып келді.
Жолындағысын
Қара жауындай жапырып,
Алдындағысын
Қара дауылдай
Сыпырып келді.
Күлтегін
Башгу Боз атқа қонды.
Көкірегі
Ісіп кеткен ашуға,
Кеудесі
Ысып кеткен ызаға толды.
Жандарын алып,
Жанымызды беріп соғыстық.
Аппақ қарға
Қызыл қанымызды төгіп,
Барымызды салып алыстық.
Ырғап соққан найзамыз
Сауыттарын
Киіздей тесті.
Сілтеген қылышымыз
Мойындарын
Мүйіздей кесті.
Қалғанын сол жерде
Лақтай бақыртып
Бауыздадық.
(Жалғасы бар).

Еркін әдеби нұсқасын жасаған
Темірхан МЕДЕТБЕК.

 

Алып ұрып жықтық.
Інжу өзенін кешіп,
Темір қапыға
Әскер жүргіздік.
Оларды
Бұралқы иттей етіп
Қыңсылатып, үргіздік.
Түргіс халқы жау болып
Кенерес тарапқа тартты.
Біздің әскеріміз
Шаршап-шалдыққан
Арық-тұрық еді.
Азығы құрып еді.
Аз қолды ертіп
Күлтегін батыр
Алға кетті.
Ақ қар, көк мұз
Асудан
Жанын жалдап өтті.
Алып Шалчы Ақ атын
Мініп шығыпты.
Қарсы келген дұшпанын
Өрт тиген ормандағы
Аңдардай етіп
Түріп шығыпты.
Одан әрі
Күшу тутуқпен
Соғысқан екен.
Найза сермесіп,
Қылыш сілтесіп
Қағысқан екен.
Батырларын
Түгел жарып кетіпті.
Үйлерін тонап,
Қалғанын жағып кетіпті.
Тамақ Ыдық Баста
Тағы да соғыс болды.
Күлтегін отыз жаста еді.
Бойындағы күші
Терісіне сыймайтын,
Күйекке түскен бұқадай
Өрісіне сыймайтын
Басқа еді.
Алып Шалчы Ақ атына мініп,
Есі шығып
Ебіне тиісті.
Екі аяғымен
Аттың өкпесін ұрып,
Тебіне тиісті.
Екі батырын
Қояндай етіп
Қуып жүріп түйреді.
Жері қанға бөкті,
Елі күтірлеп сынған
Қамыстай күйреді.
Күлтегін отыз бірге келді.
Бет қаратпайтын
Оттай болды.
Қозы жауырынды
Оқтай болды.
Азды батырды,
Көпті жапырды.
Күлтегін
Алып Шалчы Ақ атқа
Тағы да мініп,
Езгіл халқын шапты.
Қарсы келгенін
Қалпақтай қақты.
Қашқанын
Қарақұсынан атты.
Алып Шалчы Ақ аты
Сол жерде мерт болды.
Күлтегіннің кеудесіне
Дерт толды.
Тоғуз Оғуз халқы
Өзімнің бауырым еді.
Жеңсем
Жарқырап тұратын маңдайым,
Жеңілсем
Сыз өткізбейтін жануарым еді.
Түлен түртіп
Ол да маған қас болды.
Тамағыма кептеліп қалған
Тас болды.
Олармен
Бес рет соғыстық.
Алдымен
Тоғу Балықта кездестік.
Сойыл сермесіп,
Найза кезестік.
Күлтегін
Азбан атын арқыратып,
Қылышын жарқыратып
Тағы да ебіне тиді.
Тағы да тебіне тиді.
Алты батырын шаншып,
Жетінші батырын
Қылышымен
Құланның етіндей етіп
Турап тастады.
Қалғандарын
Шыбық құрлы көрмей.
Мойындарын
Бұрап тастады.
Екінші,
Құшлағақта
Едізге жолықтық.
Шаршап-шалдықтық,
Торықтық.
Күлтегін
Аз Жағызды мініп,
Бір батырын
Түйреп түсірді.
Тоғыз батырын
Аттың үстінен
Сүйреп түсірді.
Үшінші,
Оғузбенен қағыстық.
Күлтегіннің астында
Азбан Ақ бар еді,
Әскерін
Тас-талқан еттік.
Елін
Тұзаққа түскен
Қасқалдақ еттік.
Төртінші,
Чуш басында соғыстық.
Еліріп келген жауларды
Нудай жапырып жібердік.
Судай сапырып жібердік.
Алыбын –
Маңдайын қақ айырып –
Ұрдық.
Қалғанын қойдай иіріп
Қырдық.
Бесінші,
Ергені Қадазда
Оғузға кез болдық.
Күлтегіннің астында
Аз Жағызы бар еді.
Аты жар,
Өзі нар еді.
Олардың екі батырын
Шабақтай тастады.
Атының тұяғымен
Жаншып тастады.
Мағы Қурғанды қыстап,
Жаз шыға
Оғузды тағы шаптық.
Қағатынын қақтық,
Ататынын аттық.
Күлтегін ордада қалған.
Оғуз жау
Орданы алмақ болды.
Табанға салмақ болды.
Күлтегін
Өгсіз Атын мініп,
Өшігіп кетті.
Жын ұрғандай қалшылдап,
Есіріп кетті.
Орданы бермеді.
ХІІ
Ханым-шешем,
Апаларым,
Келіндерім,
Күнікей-қанекейлерім,
Тірі қалған барша жұрт,
Құлақ салыңдар! –
Күлтегін болмаса
Жаудың қолына түсіп
Тезек теріп,
Жапа басатын
Күң болатын едіңдер,
Құлағы кесік
Құл болатын едіңдер,
Көнбесеңдер
Күл болатын едіңдер.
Соны біліп алыңдар!
ХІІІ
Күлтегін інім
Қайтыс болды.
Тауым құлады,
Жауым қуанды.
Қайғыдан –
Өрт шалған қарағайдай –
Қап-қара боп кеттім.
Көрер көзім
Көрместей болды.
Білер білігім
Білместей болды.
Сөзімнен зар төгілді.
Адам деген
Өлмес үшін туар ма?!
Ащы-тұщыны
Көрмек үшін туар ма?!
Қайғырдым!
Күнімді құлаттым,
Айымнан айырылдым!
Көзімнен
Жөңкіген селдей
Жас құйылса,
Кеудеме
Дауылды желдей
Өксік толса
Тағы да қайғырдым.
Қатты қайғырдым!
Екі шад пенен
Ізбасар іні-жиенім,
Оғланым, бектерім,
Қалың халқым,
Бүгінің мұнар,
Ертеңін
Түн бола ма деп
Қайғырдым.
Көрер күнің
Мұң бола ма деп
Қайғырдым!
ХІV
Еңіреп егілген
Қытаң, татабын бастап
Удар Сенуң келді.
Қайғыдан
Қабырғалары сөгілген
Табғаш қағаннан
Ісиі Лекең келді.
Байлықтарының ауызын
Ашып тастады –
Алтын, күмісті
Шашып тастады.
Түпіт қағаннан
Бөлек келді.
Ол да ерек келді.
Күнбатыстағы жұрттарынан
Нең Сеуң,
Оғыл Тарқан жетті.
Олар да тартынбай
Дарқан жетті.
Он оқ оғлым,
Түргіс қағаннан
Мақраш тамғашы
Аңырап келді.
Қырқыз қағаннан
Тардуш Ынанчу Чур
Зарлап келді.
Қара тастарға
Құмның бетіне
Сызғандай етіп
Өрнек салатын,
Бояулы жіп төккендей
Әрлеп салатын
Табғаш Қаған жиені
Чан Сеңуң келді.
XV
Күлтегін батыр
Он жетінші күні
Қаза болды.
Жердің үстінде қайғы,
Аспанның астында
Аза толды.
Қой жылының
Тоғызыншы айында,
Жиырма жетінші күні
Асын бердік.
Балбал тасы мен
Бітіг тасын
Мешін жылының
Жетінші айында,
Жиырма жетінші күні
Бағыштадық.
Күлтегін жанын
Көк Тәңірге табыстадық.
Күлтегін бұл дүниеден
Қырық жеті жасында өтті.
Бітіг тас,
Бәдіз тас жасауға
Қаншама тойғұн,
Елтеберлер жетті.

 

Еркін әдеби нұсқасын жасаған Темірхан МЕДЕТБЕК

 

Әлемдік маңызы бар «Күлтегін жыры» ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбектің рұқсатымен «Әдебиет» порталынан алынып жарияланып отыр.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар