«Көш көлікті болсын!» республикалық акциясы аясында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға көші-қон мәселелеріне қатысты арыз, өтініштерімен бірқатар азаматтар келді.
Қоғамдық қабылдау басталмас бұрын партияның Орталық аппаратында акция аясында онлайн-конференция өтті. Онда көші-қон мәселелеріне қатысты заңға енгізілгелі жатқан өзгертулер мен толықтыруларға түсініктеме беріліп, өтініштерімен келген азаматтарды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, сыртқы істер, денсаулық сақтау, әділет министрліктерінің өкілдері қабылдады.
Ал, еліміздің жетекші партиясының облыстық филиалында өткен қабылдауға келушілерді жоғарыда аталған құзырлы органдарға қарасты департаменттер мен басқармалардың басшылары және олардың орынбасарлары қабылдады. Өтініш, арыздарын алға тартып, жауапты тұлғалардан көмек сұрай келген азаматтардың басым бөлігі Көкшетау қаласының іргесіндегі «Нұрлы көш» ауылының және Ерейментау, Зеренді, Ақкөл аудандарынан бейнебайланысқа шыққан, құжатсыз жүрген оралман қандастарымыз. Олар осы күнге дейін құжатсыз жүргендіктерінің себебін әрқайсысы әрқалай түсіндірді. Олардың тарапынан көбінесе жеке құжаттарын жоғалтып алу, заңға сәйкес уақытында тіркелмеу, оның мерзімін өткізіп алу тәрізді мәселелер айтылды. Бұл жағдайлардың салдарынан олар Қазақстан Республикасының азаматтағына қол жеткізе алмауда және кейбірі бірнеше жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, енді кейін қайта оралу үшін шекарадан өту қиындықтарымен кездесіп жатыр. Елімізде осындай жағдайға тап болып отырғандардың қатары көп. Мысалы, Ерейментау ауданы Күншалған ауылының тұрғыны Солтаншәріп Сабырғали скайп жүйесі арқылы байланысқа шығып, өз мәселесін құзырлы орган қызметкерлеріне жеткізді. Ол 2016 жылы Қытайдан көшіп келіп, сол уақыттан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр екен. Оған құзырлы орын өкілдері:
–Егер оралман мәртебесін алатын болсаңыз, ҚР азаматтығын жеделдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде алуыңызға мүмкіндік бар. Ал, оралман деген куәлігіңіз болмаса, жалпы тәртіппен 6 айдың ішінде аласыз, – деп жауап берді.
Мамандардың айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізге көшіп келсе де, әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген ағайындарымыздың саны аз емес.
Акцияға қатысқан министрліктер мен мемлекеттік емес ұйым жетекшілері аталған мәселелер толық шешілгенге дейін әрекет ету үшін бірлескен комиссия құру бойынша ұсыныс қабылдады. Ақмола облысы бойынша 108 адам партияның жергілікті жерлердегі қоғамдық қабылдауларына барып, өз сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.