Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпкерлікке кедергі болмасын - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпкерлікке кедергі болмасын

Облыстық кәсіпкерлер палатасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қалалық кәсіпкерлер форумы өтті.

Әңгіме арқауынан аңдағанымыз – көп мәселе жер теліміне байланысты. Бұл проблема бұрын да болған, қазір де өзекті. Арыздарын әлдеқашан тапсырып, енді шешімін айлап күтіп жүргендер бар. Ұлтарақтай жеріне қол жеткізе алмай, есік жағалағандардың салы суға кеткен. Немесе салған ғимаратының техникалық құжаттары реттелмеген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтановтың айтуынша, нақты жағдай жеке кәсіпкерлерді бір құжат үшін бір мекемеден екінші мекемеге сабылтып, жүгіртіп қоятын жайлардың кездесетінін және кәсіпкерлердің құқығының жиі бұзылатынын растап отыр. Осы мәселеге қатысты кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағымдар көп түседі екен. Көпшілігі өтініштерді қарау тәртібін бұзу, кәсіпкерді негізсіз тексеру, салық салу және жер телімдерін бөлуге қатысты шағымданған. Айталық, өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына жер мәселесіне қатысты кәсіпкерлерден 8 шағым түскен. Бірақ, кәсіпкерлердің өздерінің тарапынан да қолданыстағы заңдылықтарды білмеушілік соңы сергелдеңге соқтыратынын айтады құзырлы орган мамандары. Бизнес құрылымдарының көбейгені, олардың халық қажетіне жұмыс жасағаны жақсы. Әйтсе де, рұқсат берудің де тиісті заңнамасы бар. Оны мүлтіксіз орындау – баршаға парыз. Ендеше, кейбіреулер қажетті құжаттарын сауатты дайындамай, содан соң түрлі орындарға шағымданып жатады. Немесе өздері әрі-бері жүгіріп, уақытын текке жоғалтады. Жиында кәсіпкерлер тарапынан балабақшаларға, құрылысқа, сот органдарына, мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер қозғалды. Нәтижесінде құзырлы мемлекеттік орган басшылары көтерілген әр мәселе бақылауға алынатынын жеткізді.
Шара соңында кәсіпкерлікті жүзеге асыруда әкімшілік кедергілерді төмендету үшін Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы, облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті үш жақты келісімге қол қойды. Оның аясында кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін деректердің себебі мен жағдайларына талдау жасалмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар