Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отбасының ұрыс-жанжалы – бала қасіреті - АРҚА АЖАРЫ

Отбасының ұрыс-жанжалы – бала қасіреті

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мен облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірлесіп, «Жастар және келешек» атты тақырыпта дөңгелек үстел мәжілісін өткізді.

Этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік қызмет саласының мамандары, медиаторлар қатысқан бұл жиынды Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Айсұлу Жұматова ашып, жүргізіп отырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда кәмелетке толмағандардың қылмыстық әрекетке баруының негізгі себебі отбасында берекенің болмауынан. Ата-анасының ішімдікке салынып, жаман әдеттермен әуестенуі, зорлық-зомбылық, тіпті отбасының материалдық жағдайының төмен болуы да бала тәрбиесіне кері ықпал етеді.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жүргізген сараптама нәтижесі ата-анасының тарапынан бақылау жоқ жасөспірімдер арасында қылмыстың көп тіркелетіндігін көрсетіп отыр. Жыл сайын аталмыш сотқа ата-ана құқығынан айыру, оларды ата-аналық міндетін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға қатысты талап-арыздардың көбейіп келе жатқаны да баршамызды алаңдатуы тиіс. Баласының тәрбиесіне бейжай қарайтын ана мен әкенің іс-әрекеті – бүгінгі қоғамның көрінісі!
Аталған сот төрайымы Айсұлу Жұматованың айтуынша, бірнеше мәрте қатарынан заң бұзатын, үйіне де, мектепке де барғысы келмейтін қаңғыбас балаларды басқаша жолмен тәртіпке салу қолдан келмеген жағдайда, олар арнайы мектептерге жіберіледі. 2015 жылы біздің облыстан арнайы мектептерге 3 бала жіберілсе, 2016 жылы – 7, 2017 жылы – 10, ал үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 1 бала орналастырылған екен. Аталған сандардың артында қаншама баланың тағдыры жатыр десеңізші. Оның барлығы да отбасындағы тәрбиенің болмауының кесірінен.
Осы мәселелер әңгіме өзегіне айналған дөңгелек үстел отырысында балалар арасындағы кикілжіңді медиация жолымен шешу тиімді екені айтылды. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Мұсаев өз сөзінде облысымызда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін жасалып жатқан шараларға тоқталды.
–Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 11 түсіндіру шарасын өткіздік. Осы жылдың бірінші тоқсанында 27 ойын-сауық орталығының иесі кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық орнына кіргізгені үшін және де 85 кәсіпкер балаларға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда тәртібі қиын 600-ге жуық кәмелетке толмаған құқық қорғау органдарының есебінде тұр, – деп мәлімдеді Руслан Мұсаев. Оның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмаудың бірден-бір жолы оларды бос уақыттарында спорт секцияларына, басқа да үйірмелерге қатыстыру. Осы мақсатта құқық қорғау органдарының есебінде тұрған 150 бала «Динамо» спорттық қоғамына тегін барып жүр.
Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының саны 738 991 адамды құрайды, оның 196 953-і бала. 565 күндізгі жалпы білім беру мектептеріне 117830 оқушы барады. Сабақтан тыс уақытта орта білім беру ұйымдарының 24 мыңнан астам шәкірті 57 қосымша білім беру ұйымдарымен қамтылса, мектеп жанындағы секцияларға 46 мыңнан астам, ал үйірмелерге шамамен 60 мың оқушы барады. Осы орайда, облыстық білім басқармасының жанында кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізетін бірнеше орталық бары облыстық білім басқармасының бас маманы Арай Әбенованың баяндамасында айтылды.
Дөңгелек үстел отырысында этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қиын өмірлік жағдайда қалған кәмелетке толмағандарды бейімдеу мәселесінде бірлесіп жұмыс істеу керектігін айтып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Венера Ысқақова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар