Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл білместіктің салдары неге апарады? - АРҚА АЖАРЫ

Тіл білместіктің салдары неге апарады?

Ал, енді латыншаға көшетін де, оралатын да болдық! Тәуел­сіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев «Қазақ тілі әліп­биін кирил­лица­дан латын гра­фи­касы­на көшіру туралы» Жарлыққа 2017 жылдың 26 қазаны күні қол қойды. Бұл бір – қайырлы іс! 1940 жылдың 13 қарашасындағы заңмен қазақ жазуы латындан­дырыл­ғ­ан әліпбиден орыс гра­фи­касы негізіндегі жаңа әліп­би­ге көшірілсе, енді міне, тура жет­піс жеті жылдан соң заң да өз­герді. Бұл – заманның өзгергені!

Бүгінгі заман Тәуелсіз Қазақстан үшін, соның ішінде еркіндік пен бостандықты ғасырлар бойы аңсаған қазақ деген халықтың ой мен сана еркіндігіне жол ашты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде айтылған сана мен болмыстың жаңғыруы ең әуелі осы ана тілін, яғни, қазақ тілін жаңғыртудан, мемлекеттік тілді қоғамның да, тұрмыстың да барлық саласында қолданылатын етіп, нығыз орнықтырудан басталуы керек сияқты.
Өйткені… Иә, өйткені, қазақта уызына жарымаған деген сөз бар. Уыз – жаңа төлдеген малдың, жаңа босанған әйелдің алғашқы сүті. Қазақ жаңа туған төлді де, жаңа туған сәбиді де сол алғашқы уыз сүтке жарытып, әбден тойдырып емізуге ден қойған. Өйткені, уызына жарымай өскен төл де, уызына жарымаған бала да өсе келе аурушаң болады екен.
Бүгінгінің қазақтарының басым көпшілігінің өз ана тілінде еркін сөйлей алмай жатқандығы да, сол құдіретті де қасиетті қазақ тілінің уызына туғанынан жарымай өскендіктерінен болып отыр ма деп ойлаймын. Жарық дүниеге енді келіп, тілі енді шығып келе жатқан бүгінгі жас сәби өзінің туған анасы мен әкесі сөйлеспесе өз ана тілінің уызына қалай жарысын?!
Анасы ана тілінде сөйлемеген баланың өзі де ана тілінде сөйлей алмайды. Туған әкесі туғанынан өз баласымен таза қазақша сөйлеспесе, ол бала өз ана тілін енді келіп кімнен үйренеді?! Осы күнгі ұрпақтың әжесі мен атасының тілі де айнып бара жатыр. Өйткені, бүгінгінің қариялары да өз немерелерімен қатарласа жарысып, олар да өз ұрпақтарымен өзге тілде шүлдірлесіп жүр. Өзін дүниеге әкелген ең қымбат жандардан, яғни, өз ата-анасынан, өзінің туған шаңырағында отырып, ана тілін естімесе және де төрдегі көгілдір экран мен қолындағы байланыс құралдары күні-түні өзге тілде сайрап тұрса, тілі енді шығып келе жатқан қазақтың баласы қазақтың тілін енді қалай, кімнен және қайтып, қайда барып үйренеді?!
Қазақ қоғамы қазақ тілі үшін әлі де алаңдаулы болса, ендігі арада оған мемлекет те, одан қалды бұған Қазақстанды мекендеп отырған өзге диаспоралардың өкілдері де кінәлі емес. Әр қазақ өзіміз кінәліміз! Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналғанымен және де Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінбесінен қазақ тілінде сөйлесе де, өзіміз сол мемлекеттік тілімізді өз еліміздің мемлекеттік мінбелеріне, өз төрімізге шығара алмай келеміз.
Осы күні өз анасының тілін өзінің өгей балалары өзектен теуіп жатқан қазақ тілін өзге біреу маңдайынан сыйпап, өзге біреулер жарылқайды дегеніңіз бос әурешілік. Кейде әлдебір ұлт өкілінің біреуі қазақ тілін үйреніп, сөйлей бастаса болды, соны бүкіл қазақ болып жар сала, жатпай жарнамалап, соған мәз-мейрам болып, қазақтың тілінің көсегесі енді көгеріп шыға келетіндей масайраймыз.
Ал, өз елімізде, өз мемлекетімізде өз тілінде сөйлей алмай жатқан, тіпті сөйлейін-ау деген ой қаперіне де кіріп-шықпайтын, болмаса өз тілін білмейтіндігін ар-ұят санаудың орнына, керісінше соны өзінің бір «жетістігі», өзінің «білімдарлығы» санайтындардың жыртылып-айырылатынына мән бермейтініміз қалай? Әрине, олардың айтар жауабы әзір. «Мен қай тілде сөйлегім келеді, ол өз еркім» дейді. Оңай жауап, заң бойынша әрине орынды да жауап. Және де «қазақ тілінде неге сөйлемейсің» деп мемлекеттік тілдің «құнын» сұрағандарды «менің құқыма қол сұқты» деген айыппен сотқа жетелеудің төте бір жолы да осы!
«Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз!», – деген Елбасының осы бір ауыз пікірінің төңірегінде адамының ойлау қабілеті мен көзқарасы да, білімі де, ғылымы да көз ашпас шапшаңдықпен дамып келе жатқан бүгінгі дүниенің бет-бейнесі жатыр. Сол «жаңа жаһандық болмыстың» қазанында бұрқ-сарқ қайнап жатқан сол дүниенің иелігінің тізгінін өзгелермен бірге біз де ұстаймыз, сол дүниенің игілігін тағы да өзгелермен бірге біз де көреміз десек, білімді болмағымыз керек.
Жаһанданудың ендігі ортақ «тілі» – білім! Алайда, өзіңнің ана тіліңді білмей де білімді болуға бола ма екен?! Міне, қазақ тілінің мәселесіне осы тұрғыдан келетін болсақ бізді мына бір жайлар алаңдата түседі.
– Тіл білместік қазақы ойлауды шектеді, қазақы сананы улады.
– Тіл білместік ұлттық болмыстан айырып келеді.
– Тіл білместік «малым жанымның, жаным арымның садағасы» санаған арлы ұлтты арсыздықтың апанына жығып жатқандай.
– Тіл білместік Ұлы даланы мекендеген ұлы халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған адами әдебі мен кісілік қасиетін ескіліктің қалдығы деген ұғыммен күресінге шығарып тастады. – Тіл білместік қазақтың ескілігінде де естілік бар екендігіне ой жүгірту, соны ойлау қабілетінен де айырып барады.
– Тіл білместік өз тілі жойылған халықтың өзінің де жойылатындығының қаупін сездірсе де, соған еріксіз көніп отырғандай немқұрайлылық пен бойкүйездікке ұшыратып жатқандай.
– Тіл білместік өз халқымыздың әдеби-мәдени бай мұрасын оқи алмайтын, оның құндылығын сезіне алмайтын қасіретке ұрындырды.
– Тіл білместік қазіргілер үшін қазақтан басқа халықтың айтқаны жөн, істегені дұрыс көрініп тұратындай, ойланбас-
тан соған еліктей жөнелетін дүбәралыққа жетелеп алып барады.
– Тіл білместік қазір қазақша сөйлесең жүре тыңдайтын, орысша сөйлесең тұра қалып тыңдайтын орта қалыптастырып келеді.
– Тіл білместік көше-көшелердегі ілулі тұрған қазақ тіліндегі түсініксіз әрі сауатсыз жазылған түрлі жарнамалар мен түрлі билбордтарға да бойымызды үйретіп, енді соған да селт етпейтін жауапсыздыққа алып барады.
– Тіл білместік қазақша не нәрсені болса да қате жаза беруге болады екен ғой, бұл тілдің сұраушысы жоқ, жетім тіл екен деген қауіпті бір көзқарас қалыптастырып отыр.
– Тіл білместік өсіп келе жатқан ендігі ұрпағымыздың санасына қазақ тілінсіз де күн көріп, адам болуға болады, ендігі заманда қазақ тілінің қажеті де жоқ екен ғой деген ең бір қасіретті ұғымды сіңіріп жатқандай.
Біздің қауіпті қорқынышымыз да осы, міне! Өйткені, бесіктен белі шықпай жатып-ақ баланың өзі қазір қазақ тілінде оқып, қазақ тілінде білім алудың қажет еместігін де біліп алғандай. Өйткені, айналамыздағы күнбе-күнгі тіршілігімізде қазақ тілі керек болмай бара жатқан сыңайлы. Соны сезімтал бала санасы да сезіп отырғандай.
– Тіл білместік және енді не істеу керек деген көкейімізге жиналған өз сауалымызға орай төмендегі осы бір үш бағыттағы бағдарлама құруды ұсынар едік.
I. Мемлекеттік тіл және отбасының
жауапкершілігі
Бұл бағдарлама арқылы ең әуелі мемлекеттік тіл алдындағы әр отбасының жауапкершілігін қалыптастыру, әр отбасы сол жауапкершілікті сезіне алатындай сана қалыптастыру керек болады. Әр отбасында әр ата-ана өз балаларымен тек өз ана тілдерінде ғана сөйлесу әдетін қалыптастыру аса маңызды. Мемлекеттік тіл үшін әр ата-ана, әр бала өздері жауапты екендіктерін сезіне алу қасиетін дарыту әрі дамыту қажет. Барлық ақпарат және электронды құралдар мен барлық әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік тіл алдындағы отбасының жауапкершілігін санаға сіңіретіндей әсерлі жарнамалық роликтер мен насихаттық сипаттағы мәнді де ғибратты сөз беріліп тұруы керек. Қазақ тілінде әуелі әр баланың ата-анасы сөйлемейінше, баласы сөйлемейтіндігін ұғындыра білейік!
II. Мемлекеттік тіл және мемлекеттік қызметкер жауапкершілігі
Бұл мәселені мемлекеттік мекемелер қолға алғаны жөн. Әрине, бұл жерде мемлекеттік қызметке бардың екен, енді тек қана мемлекеттік тілде сөйлеу керек деген қағиданы алға тартпаймыз. Бұл арада өз ұлтымызға талап қою керек. Жарайды, жиын-жиы-
лыстарда ресми тілде сөйлесін-ақ, бірақ екі қазақ былай шыға бере бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеп бара жатса ғой деп ойлайтын болдық. Осы арада Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидасын алға тартар едік.
III. Мемлекеттік тіл және бизнес пен халыққа қызмет көрсету саласының жауапкершілігі
Қазір кез келген сауда, демалыс орындарына бара қалсаңыз қызмет көрсетуші қазақтың жап-жас ұлдары мен қыздары орысшалап қарсы алады. Міне, солардың санасына Қазақстанның азаматтары ретінде олар ең әуелі алдарына қай ұлттың, қай мемлекеттің адамы, былайша айтқанда кім келсе ол келсін, бірауыз «сәлеметсіз бе?» деп қазақшалап қарсы алатын болсын, осындай талап қою керек. Содан кейін қай тілде жауап берсе де өз еркі. Қазақстандағы балалардың ойын-сауық орталықтарының барлығында да қазақ баласына қазақ тілі арқылы қызмет көрсету тәртібін орнықтыру керек. Бала да өз ана тілінің де керек әрі қажет екендігін сол ойын алаңдарында көрсетіліп жатқан қызметтен-ақ сезініп өссін.
Міне, осы бағдарламалар негізінде Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл комитеті осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырулары керек. Біздікі мемлекеттік тіл алдында бір ғана мемлекет жауапты емес, өзіміздің ана тіліміздің алдында әр қазақ баласы жауапты екендігін және де ендігі жерде ана тіліміздің тағдыры, обалы мен сауабы да әр қазақтың мойнында екендігін айту еді. Бар қазақ осыны ойлайық!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Көкшетау.
(«EGEMEN QAZAQSTAN», 4 сәуір 2018 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар