Кеше облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектеновтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топтың және жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша облыстық комиссияның бірлескен отырысы болып өтті.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мақсатында республикалық арнайы мониторингтік топ құрылған болатын. Бұл топ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативті-кеңесші орган болып табылады. Оның құрамында қоғам қайраткерлері А.Соловьева, М.Дуамбеков, З.Батталова және агенттік аппаратының басшысы С.Ахметжановпен бірге мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Облыстық әкімдікте өткен жиында өңірде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалинов баяндап берді. Оның айтуынша, облыста 707 мемлекеттік орган, 5913 мемлекеттік қызметші тіркелген. Облыста жемқорлықпен күрес жұмыстары қарқынды жүргізілгенімен, кейбір көрсеткіштер бойынша әлі де ширақтық қажет.
– Жемқорлық бүгінгі күннің басты проб-
лемасы. Сондықтан, онымен күресті кешенді түрде жүргізген абзал. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсету орындарында қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттері, оларды жемқорлық әрекеттеріне жол бермеуге шақыру, пара беру немесе алу әрекеттері орын алған жағдайда, құқық бұзғандарға қандай жазалар қолданылатындығын түсіндіру жұмыстары оң нәтиже беретіні сөзсіз, – деді Берген Беспалинов өз сөзінде .
Сонымен қатар, жиында республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелерінің Ерейментау, Атбасар, Сандықтау аудандары және Көкшетау қаласына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы да айтылды.
Осы орайда, республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері жемқорлықтың алдын алу және ескерту, оған қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керектігіне ерекше көңіл бөлді. Өз өкілеттіктерін асыра пайдалануды болдырмау үшін жергілікті шенеуніктердің іс-әрекетіне үнемі бақылау, мониторинг жүргізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.