асылдың көзіндей әлі аман сақталып келеді
Бәйшешектің басы толған шақ еді. Қызылағаштың бауырындағы қолдың саласындай ойдым-ойдым ақбалтыр қайың шоқтары көмкерген, аумағы ат шаптырым алаңқайға алқақотан тігілген ақшаңқан киіз үйлердің маңайы қапылған қарбалас. Төрт құлақты тайқазанда жаңа ғана сойылған ту биенің семіз еті бүлк-бүлк етіп қайнап жатыр. Бүйірі тоқ, жез самауырлар екі иінінен демалып тұр. Онсыз да таза, сыпа ауыл бүгін нөсерден кейінгі қызғалдақтың қауызындай үлбірей жайнап, жасара түскен. Төрт тараптан да таза, ұқыпты қолдың табы байқалады.
Айрықша күтінудің себебі де бар еді. Қызылағаштың бауырындағы Жалмұқанның шаңырағына бүгін Ақан сері келмек. Аты аңызға айналған Серінің бұл шаңыраққа соғуы ел ішіндегі бұрынғы кеу-кеулеген жорамал әңгімені, жел сөзді теріске шығарғандай. Жалмұқан көңілінде Ақан серіге деген титтей өкпе жоқ, қайта елінің өзгеден өнері асқан, Алашқа аты шыққан асқақ тұлғасына деген шынайы құрмет пен ақ адал сыйластық басым.
Алдымен ән жеткен. Көгілдір Көкшенің көкмұнарлы қыраттарынан асып, бар қазақтың даласына жайылған, самалдай желпіген сұлу ән. Өзекті жан түгіл жасыл жапырақты ақ қайыңдар да селт етпей, мамыражай кейіпке еніп ұйып тыңдай қалғандай. Жел желпіген жүрекше жапырақтар сыбдыр-сыбдыр етеді. Ән адам ғұмыры жайлы екен. Уілдей шалқып, шалқар салтанаттың, көңіл тойдырмас қызықты шақтың өткінші екендігін есіңе салып тұрғандай. Жұмыр басты пенде түгіл табиғаттың төрт маусымы да құтты адам басындағы бақ пен дәулет тәрізді алмакезек астасып тұрмақ. Жап-жасыл жапырақтан сырға таққан ақ қайың да күн ертең күз келерін, бар салтанатынан айырылып, жұтап, тұл қаларын ойлап мөлдір мұңға мелтектеп тұрғандай.
Сері серіктерімен бірге құс келгендей қызулы шақты ала келді. Ажарлы әңгіме, әдемі ән. Таяуда нәрестелі болған Ақтоқты шымылдықтың ішінде. Кенет жібек орамалға түйілген әлдене сәл ғана көтерілген шымылдықтың шетінен алдына топ ете түскенде ғана есін жиғандай болды. Ақан серінің мезереті ғой мынау. Сәл сопақшалау соғылған, жиектері бедерленген жүзік екен. Сыпайы сыйластықтың, ізетті ықыластың белгісі.
Ақтоқтының жиен немересі Орынбасар апай өрбіткен әңгіме аужайы осылай сабақталады. Әуелі Жалмұқан мен Ақтоқтының ұрпақтары жайылған шежіре өрбіткен. Екеуінен алты бала дүниеге келіпті. Уәли, Тоқан, Сұлтан, Жайлау, Мәриям және Қанипа. Қазір осы балаларынан өрбіген ұрпақ бар. Қанипа осы төңіректің азаматы Хамитханға тұрмысқа шыққан. Орынбасар апай сол кісілердің перзенті, яғни, Жалмұқан мен Ақтоқтының жиен немересі.
Ақан серіден қалған жәдігер жалғыз жүзік емес екен.
–Ақан сері Тоқан атамызға домбыра сыйлаған екен. Қайыңнан шапқан, қалақтай ғана жұп-жұқа, жеп-жеңіл домбыра еді. Жас кезінде Омбы жағын жайлаған Тоқан атамыз кейін біздің шаңырақта болды. Пірәдар, өте таза адам еді, жарықтық. Қалақтай, жұп-жұқа домбырасын шертіп, қалың ойға шомып отыратындығы есімде қалыпты. Ауылдың үлкендері келгенде қымыз ішіп, әңгіме дүкен құратын. Ол кезде жас болғандықтан, бәрін бірдей жадымызға тоқи алмадық. Ең өкініштісі, Ақан сері сыйға тартқан домбыраның кімнің қолында кеткенін біле алмадым,–дейді Орынбасар апай,–домбыраның басына таққан қызғылт, әдемі үкісі болушы еді. Шамасы апам болуы керек, кейін әлгі үкіні кесіп алып, әдемілеп орап сандыққа салып қойыпты. Үлпілдеген үкі төңірекке қызғылтым нұрын шашып, мың құбылып сәуле себезгілейтіні есімде.
Ал, жүзік жайы өрбіткенде ендігі оқиға былай өрістеген. Бұл кезде Орынбасар Төкенова апай тұрмысқа шыққан. Шамамен 1972 жыл. Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде қызмет істеп жүрген тұсы. Бір күні елден «анаң ауырып жатыр» деген суыт хабар келген. Алып ұшып жетті. Шынында да сырқат меңдеп жатыр екен. Қырық күн қасында тапжылмай күткен. Бір күні анасы:
–Ана сандықты ашшы,–дейді.
Қос құлақты, қақпағына қошқар мүйізді ою салынған, сүйекті, үлкен сандық. Ішінде жылдардың жылнамасы қатталып жатыр. Анасының айтуымен шұбар сисаға оралған жүзікті тауып алған. Көзіне оттай басылды. Бұрын талай естіген.
–Бұл да бір өмір ғой, қарағым,–деген анасы сағым жылдардың сағынышын құмыққан дауыс-
пен сыр қылып шертіп,–есіңде болсын, бұл Ақан серінің Ақтоқты анамызға сыйға тартқан жүзігі. Пенде ғұмырда басыңа нелер келіп, не кетпейді? Қысылып тарықсаң да сата көрме, алтынға айырбастамайтын зат. Әжеңнің көзі, әжеңнің ғана емес, Ақан серіден қалған жәдігер.
Одан өзге де әдемі моншақ, ақтаңдай күмістен соғылған жеп-жеңіл шолпы, әрқилы сақина-жүзіктер бар екен. Бірақ, ең қымбаты – Ақтоқты әжесінің көзі. Анасы әлгі жүзікті қолымен сипап, аймалаған. Маңдайына тигізіп, тәу етіп, содан соң елжірей құшырлана иіскеген. Құтты осы бір жансыз затқа әрідегі ұлылардың иісі дарығандай. Жалғыз иісі ғана емес, асқақ рухы, таңның мөлдір шығындай тап-таза, адал көңілдің ажары да.
Сөйтіп, әжесі айтқан көп сырдың көңіл толқытқан түйінін дәл жүзіктей жарқыратып бере алмаған қайран да қайран ана аманат етіп табыстаған. Арада қанша жыл өтсе де көзінің қарашығындай сақтады. Ақан серінің 150 жылдық тойына келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Сәкен сері Жүнісов те бұл жайды естісе керек, апайды әдейі шақыртыпты. Жүзікті ала барған. Қаламгер сүйсіне қараса керек, қолына тағып та көрген. Музейге қой деп ақыл қосқан.
–Үйіңде, сандықта жатқаннан не пайда? –десе керек жазушы,–ал, музейде тұрса тәмам жұрт көреді. Жалмұқан мен Ақан серінің арасындағы желауыздар айтып жүрген жаңсақ сөз тиылады. Елдің игілігіне айналады.
Бергісі келгенімен, анасының аманаты жадында. Қазір облыс орталығындағы тарихи өлкентану мұражайында Ақтоқтыға Ақан сері сыйлаған жүзіктің сәл кішірейтілген көшірмесі тұр. Түпнұсқа сол қалпы, сызат түспеген. Уақыттың табы өшіре алмайтын айқын ажар мен сәруар салтанатты паш етіп жиен немересінің шаңырағында сақтаулы тұр.
Байқал Байәділов.