Биыл 5,2 миллион гектардан астам алқапта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 4 миллион 313 мың 462,5 гектарға дәнді және бұршақ, 258 мың 366 гектар алқапқа майлы дақылдар, 632598 гектарға бір жылдық және көп жылдық екпе шөп және 11416 гектарға жүгері себіледі.
Облыс экономикасының басты салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Несібесін жер мен малдан айырып отырған халқымыз өндірген өнімдерінің мол әрі бәсекеге қабілетті болғанын қалайды.
Дегенмен, бүгінгі күні ауыл шаруашылығының дамуын мемлекеттің көмегінсіз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Бұл әрине, ең біріншіден қаржыландыру мәселесі. Қазір еліміздің агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға көңіл молынан бөлінуде. Субсидия егіншілік, мал шаруашылығы өнімдерін қайта ұқсату тәрізді салалардың бәрін қамтиды. Осы орайда, облыстың ауыл еңбекшілері көктемгі егіс науқанына үлкен жауапкершілікпен дайындалуда. «Жері байдың елі бай» демекші, қолда бар мүмкіндікті баянды етіп, елдің таусылмас еншісіне айналдыру – басты міндетіміз.
Облыс экономикасының негізгі саласы қамырлылығы жоғары азық-түліктік бидай өндірісі болып табылады. Соңғы жылдары өңір диқандары егістік алқаптардан мол астық жинауда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 383 миллиард теңгені құрады. Оның 258 миллиард теңгесі егіншілікке тиесілі. Жер балансына сәйкес ауыл шаруашылығына бағытталған жалпы жер көлемі 5,7 миллион гектарды құрайды, оның 745,2 мың гектары өңделетін жер. Биыл 5,2 миллион гектардан астам алқапта көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 4313462,5 гектарына дәнді және бұршақты дақылдар сіңіріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әжептәуір артық. Көктемгі егіс науқанын он сегіз жұмыс күнінің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қарқынды жұмыс істеу керек. Қолда бар мал үшін 632598 гектар біржылдық және көпжылдық екпе шөп, 11416 гектар жүгері дақылын себеміз. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әжептәуір артық. Сондай-ақ, 258366 гектар алқапқа майлы дақылдар сіңіреміз. Жер жырту, уақытында қар тоқтату, ылғал жабу, егіс алдында химиялық және механикалық әдіспен өңдеу шаралары облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бірінші кезектегі міндеті. Жыртылатын жер жыл сайын 10-15 пайызға көбеюде. Астықты алқаптың 75 пайызына ылғал сақтау технологиясы енгізілген. «Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» деген мақалдың мағынасы тереңде жатыр. Биылғы жылдың салқын көктемі егіс алдындағы өңдеу жұмыстарын тежеп отыр. Сондықтан, ылғал жабу жұмысында асықпасақ болмайды. Егіс жұмыстарына толық жететін 520 тонна тұқым бар. Оның сапасы да тексерілуде. Өңірдің тұқым шаруашылықтары әртүрлі сорттар бойынша жұмыс істейді. Бұрынғы Торғай өңірінің аудандарында жақсартылған «Шортанды-95» бидай сорты өзгелерімен салыстырғанда 3-5 центнерден артық өнім береді. Бұл тек кеш пісетін сұрып. Гектар берекесі 25-35 центнерден айналғанның өзінде қамыс тәрізді сабағы жатып қалмайды, дәндері шашылмайды. Бүгінгі таңда бұл сұрып Жарқайың ауданы астығының 70 пайызын құрайды.
Соңғы он жылда егіншілік мәдениеті жақсарды. Облыс алқаптарына сапалы тұқым себілгендіктен, жайқалған егінде арамшөпті көп көре алмайсыз. Биылғы жылы тұқым қайтадан субсидияланатын болды. Бұл жағдай егіске қолданылатын тұқымның сапасын жақсартып, нәтижесінде сапалы астық алынады.
Биыл 65 мың тонна дизель отынына квота бөлінді. Наурыз айының квотасы бойынша бөлінген 30 мың тонна жанар-жағар май толық тасымалданып алынды. Қазір жанар-жағар май одан әрі кесте бойынша тасымалдануда. Оның литрі 150 теңгені құрайды. Мұнымен қатар, облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері уақытында ылғал жабуға және егіс алдында жер өңдеуге жеткілікті дизель отыны қорын жасайды.
Мемлекеттік техникалық бақылаудың қорытындысы бойынша машина-трактор паркінің дайындығы 82-100 пайыз қамтамасыз етілген.
Көктемгі егіс науқанына әртүрлі 16,5 мың ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану жоспарланған. Оның 1201-і шетелдік егіс кешені.
Облыс бойынша соңғы үш жылда 1778 өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Техниканы жаңарту биыл да жалғасатын болады. Қанша техникаға қол жеткізетініміз астықтың бағасы, ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектер бағасының өсуі, жанар-жағар майдың нарықтағы бағасы тәрізді көптеген факторларға байланысты. Мүдделі қызметтер мен өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өртті сөндіру үшін күш пен техника дайындығы, көктемгі егіс кезінде ауыл шаруашылығы техникалары мен көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар жоспарын бекітті. Барлық шаруашылықтардың дала қостарында механизаторлардың өнімді жұмыс істеуі үшін әлеуметтік жағдай жасалуда. Облыс диқандары көктемгі егісті қысқа агротехникалық мерзімде ұйымшылдықпен өткізетініне сенімім мол.
Димаш ТАЛАСБАЕВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы
басшысының міндетін атқарушы.