Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бабадан қалған байрағын жырдың көтеріп... - АРҚА АЖАРЫ

Бабадан қалған байрағын жырдың көтеріп…

Өткен жұма күні Ақан сері Қорамсаұлының 175 жылдығына орай облыстық білім басқармасының қолдауымен Ақан сері атындағы мәдениет колледжі «Арқаның ақиығы – Ақан сері» деп аталатын жас ақындардың республикалық айтысын өткізді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиырма жас ақын ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау топырағында өткізілгелі отырған жас ақындар айтысына жиналды. Бұл күні сөз сыйлайтын, өнерді бағалай білетін көрермен қауым көптен бері сағына күткен жыр додасынан рухани мол нәр алып, бір жырғап қалды. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының кіреберісінен-ақ Серінің салтанаты айқын аңғарылады. Қонақжай, қазақы ілтипатпен ұлттық үлгіде әсем киінген бозбалалар мен бойжеткендер келген меймандарды қарсы алып, төрге оздыруда. Күмбірлей күй төгіліп тұр. Шаттық леп, ақ түйенің қарны жарылған күнге орай атойлаған қуаныш. Сахна да тамаша безендірілген екен.
Қырмызыдай құлпырған жастар. Ән аңсаған, алабұртқан көңіл. Бәрі де әлденеге елегізулі тәрізді. Әлден уақытта «Сері келді, Ақан сері келді» деген хабаршының қуанышты дауысы жетті құлаққа. Өзінің аппақ көңіліндей кіршіксіз аппақ болып киінген, қолына үкілі домбырасын ұстаған Ақан сері көрінді. Іле «Маңмаңгер» жетті жүрекке.
Ахау, туған елім, балаң едім,
Өзіңе осынау әнді сала келдім.
Ән Көкшенің көгілдір қыраттарынан асып, Қорғалжынның көп көлдерінің аппақ айдынын бір сүйіп өтіп, қазақтың жалпақ даласына тарап бара жатқандай. Қолдың саласындай ақ қайың да, мәңгі жасыл қарағайлар да ұшар бастарын үлпілдете бұлғап, құлақ салғандай. Ал, Ақанын аңсаған, Серісін сағынған өнерсүйген қауым демін ішіне жұтып, селт етпей ұйып тыңдап отыр.
Сол ән, Серінің сезімді селт еткізер шаттық әні күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Дәстүрлі әнші Қажыбай Жахин орындаған «Маңмаңгер» бүгінгі думанға тақырыптық, мазмұндық жағынан дөп келді. Иә, шынында да, Ақан әні, оның ақындық қуаты, айтыскерлік қыры бүгінгі кеште жан-жақты насихатталмақ.
Жас ақындардың республикалық айтысын «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ашып берді. Жазушы өз сөзінде Көкшетау топырағында ұлттық өнерімізге өшпес үлес қосқан тағылымды тұлғалардың, айрықша дарынды өнер иелерінің аз болмағандығын айта келіп, сол мол мұраның бүгінгі заман жастарының рухани көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосып жатқандығына тоқталды. Арыдағы тарлан тұлғалармен күні кеше жаратқан ие сыйлаған тамаша дарындарымен халқына қалтқысыз қызмет еткен, әйтсе де бүгінгі күні салғырттығымыздан аттары аталмай жатқан арыстар жайлы да аталы сөз айтты. Сөйтіп, жүректері лүпілдеп жыр додасына түскелі отырған жас толқынға сәттілік тіледі.
Алғашқы жұп қарағандылық Медет Жаманов пен көкшетаулық Ақынбай Сәрсенбидің арасында өтті. Әп еткен бетте Ақынбай сәтті бастады: «Қазақта жаман ұлдың бәрі өнерлі, қандай өнер бар екен Жамановта» деп шүйлікті. Қарсыласы да қапы қалған жоқ. «Болмады ма осыдан басқа амалың, бұзам дейсің Жамановтың тас қамалын» дей келіп, оң жамбасына келіп тұрған оңтайлы сөзді де айтып қалды. «Сенің текті екенің көрініп тұр, қонақтан сөзді бұрын бастағаның» деп бастады. Алғашқы бетте сөзқағыс сәтімен сабақталып еді, тек ақындар тәжірибесіздіктен болар Жаманов деген жалғыз ауыз сөзге қадалып тұрып алды. Бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп тастайтын тақырып еді, айтыстың соңына дейін созылды. Сөйтіп, негізгі тақырып, әуел бастағы бағыт жайына қалды. Атыраулық Бектас Төлеуғалиев пен павлодарлық Рауан Қайболдиннің арасындағы тартыс сәл-пәл шиеленісті өтті. Рауанның адуынды ақын екендігі сөз салмағынан көрініп тұрды. Оны өзі де шегелеп айтқандай: «сахна түгіл Сарыарқа тарлық етер, пейілі пенделердің тарылғанда» дей келіп, Сері Ақанның жауһар жырлары, әдемі де айшықты әндері бүгінгі күні ел болып айтып жатқан рухани жаңғырудың бастау бұлағы екендігіне тоқталды. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Дәурен Ысқақ пен Солтүстік Қазақстан облысының ақыны Серік Мақсат өзге әріптестеріне қарағанда біршама ірі сөйледі. Елдік, ұлттық мәселелерді көтерді. Дәурен ақын бірден: «Қай қаланың атынан шығып тұрсың, Петрдің бе, жоқ әлде Павлдың ба» деп салды. Серік те қарап қалған жоқ, ұлы Мағжанның елінен келгендігін тілге тиек етті. Сөз арасында кейбір келеңсіз қылықтарға деген өкпесін де жасырмай айтты: «Серілердің заманы тәмам болып, перілердің заманы өрістеді» деп өрбітті сөз соңын. Мұндай жөнсіздіктің бар екендігін Дәурен ақын да жасырған жоқ. «Дүние деген бір көшкен сел, қайда апарып соғарын кім біледі?!» дей келіп, болашаққа алаңдаушылығын білдірді: «Түркістан екі дүние есігі ғой, қай есіктен шығарын кім біліпті?» деп түйіндеді.
Алматылық ақын Ақбота Манарбекқызы ақындық қуаты ешкімнен кем түспейтіндігін сахна төрінде өрген тәлімді сөзімен дәлелдеп берді. Солтүстік Қазақстан облысының үкілеп қосқан жүйрігі Дәулет Қанабекұлы да қыз бен жігіттің әдемі айтысын шығаруға тырысты: «Жұлқынып жұма күні келген қыздың, жұмбағын шешейінші жұрт алдында» деп ұмтылып та қойды. Шіркін-ай, шын өнер суырып салуда ғой. Табан аузынан сөз тапқан Ақбота ақын да есесін жіберген жоқ. Көкшетаулық Ажар Қажымұратова мен Мұхамед Қоңқайдың айтысы дәл ел күткендей болмады. Мұхамед тәп-тәуір талантымен танылып келе жатқан, болашағынан үміт күттіретін, Көкшенің сөзін сөйлейтін жас ақынның бірі болып есептелгенімен, дәл осы сөз сайысында діттеген жерден шыға алмады. Астаналық Бек Шматов пен Ақан сері атындағы колледждің мұғалімі Нұрислам Әбділдің сөз қағыстыруы шиеленісті өтті.
Жиырма жас ақын өз бойларындағы барын сарықпаса да, талант тұғырының қаншалықты биік екендігін қапысыз көрсеткен іріктеу барысында суырыпсалма, табиғи таланттардың бар екендігі аңғарылып тұрды. Ел соған қуанды, соған шаттанды. Алдыңғы топтың, жалпақ жұртқа жырымен танылған айтыскер қауымның өкшесін басып келе жатқан өрендердің жыр жалауын жықпайтындығына сенім білдіріп, әп, бәрекелдіге басты. Қалай болған күнде де жарыстың аты жарыс. Төрт аяғын тең басқан кіл жорғалар іріктелді.
Ақтық айтыста ақтөбелік Айболат Орынбай мен Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Серік Мақсат тәп-тәуір өнер көрсетті. Қос ақын ел сөзін, жер сөзін айта білді. Сонысымен тыңдарман қауымның көңілдерінен орын алды. Екінші жұп Дәулет Қанабекұлы мен Медет Жамановтың арасында өтті. Медет әп еткен бетте: «Қарға құсап қарқылдап қайдан шықтың, осыншама бұлбұлдардың арасынан» деп бір іліп түсті. Осы арада бір айта кетерлігі, жас ақындардың сөз қағысында бір-бірінің жеке басына тиісу, ата тегін іліп қағу, жөнсіз сөйлеу де орын алды. Жалпы сөз мәдениетін, сахна мәдениетін сақтау өлеңімен жалынша шарпыған өнер иелеріне парыз екендігін айта кетуіміз керек. Бәлкім, жастықтың, әлде тәжірибесіздіктің әсері ме, бұл жолы да артық ауыз сөз айтылмай қалған жоқ. Рай мен Нұрислам ақындардың сөз сайысы бүгінгі кештің ажарын аша түскендей.
–Несін айтасыз, көптен бері Көкшеде осындай думандатқан айтыс өтпеп еді, сағынып қалыппыз. Мына жастар күні ертеңгі еліміздің болашағы емес пе? Әрине, бәрі бірдей сужорға бола қоймас, бірақ, тәрбиелесе, көкіректерінде дән бар екендігі көрініп тұр,–дейді осы айтысты әдейі көруге Айыртаудан келген Ақжамал Ырысбекова,–осындай дүбірлі доданы ұйымдастырған, Ақан атамыздың атақ-даңқын алты Алашқа тағы бір мәлім еткен Құралай Ыдырысова мен ұжымына мың алғыс.
Қазылар алқасының төрағасы, жазушы Төлеген Қажыбай бүгінгі айтыс туралы кеңінен толғап, сөз сөйледі. Жақсы бағасын берді. Көркем сөздің сабасы сарқылмаған Көкшетау топырағындағы бұл шара талай жастың бағын ашар бастауы болғандығын тілге тиек етті. Өнер жанашыры Рауза Бәйкенова апай аналық ақ тілегін жолдап, шашу шашты. Айтысты ұйымдастырып отырған Ақан сері атындағы колледждің директоры Құралай Ыдырысова жалпы жұртқа, айтыс ақындарына алғысын айта келіп, бір парызының өтелгеніне разылығын білдірді. Шынында да бұл сахна төріне кейбіреуі тұңғыш көтерілген талапты жастар үшін тамаша тағылым болды. Бас жүлде жамбылдық Рай Дөңбайға бұйырды. Бас жүлдеге 350 мың теңге сыйға тартылды. Бірінші орынға ақтөбелік Айболат Көшкінбаев ие болды. Жүлдесі 200 мың теңге. Екінші орынға көкшетаулық Нұрислам Әбділ көтерілді, сыйлығы 150 мың, үшінші орынды алматылық Ақбота Манарбекқызы мен павлодарлық Рауан Қайболдин өзара бөлісті. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден сый-сияпат берілді. Қатысқан барлық ақындардың жол шығыны өтеліп, әрқайсысына 20 мың теңгеден байғазы берілді. Түрлі-түсті теледидарлар мен кілемдер, басқа да бағалы заттар ақындардың қанжығасына байланды. Шараға Көкшетау қаласының әкімдігі, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Халық банкі Ақмола филиалы, Науан Хазірет және Жақия қажы атындағы мешіттердің ұжымдары мен жекелеген азаматтар, ел ағасы Мұрат қажы Ыдырысов пен кәсіпкер Зәмзәгүл Естайқызы демеушілік жасады.

Байқал Байәділов.

Суреттерде: айтыстан көріністер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар