Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірі ұрпаққа үлгі Баян аға - АРҚА АЖАРЫ

Өмірі ұрпаққа үлгі Баян аға

Жуырда Зеренді аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен еңбек ардагері Мұхит Қабдешевтің «Ағын судың тұнығы еді» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап Социалистік Еңбек Ері, атақты абызымыз Баян Жанғалов хақында. Тұсаукесер рәсіміне ол кісімен бірге қызмет істеген ел ағалары қатысып, естеліктерін айтты.

Әл-Фараби бабамыздың «Өткенді білмей, бүгінгіні бағалап, болашақты болжау мүмкін емес», деген даналық сөзі қай заманда болсын, өзінің өзектілігін жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз.
Уақыт аққан судай жылжып өтіп жатыр. Табиғат та, қоршаған орта да, бүгінгі қоғам да өзгерді. Қоғам социалистік саяси-экономикалық жүйеден бұрын бізді қорқытқан капиталистік-нарықтық экономикаға ауысты. Жалпыға ортақ мемлекеттік меншіктен «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп жекеменшікке көштік.
Қазір біз бабалар армандап, сол үшін қан төгіп, жан беріп, қол жеткізе алмай кеткен тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Іргетасы экономикалық заңдылыққа емес, әміршіл-әкімшіл күшпен, жасанды идеологияға негізделіп құрылған Кеңес Одағы соғыссыз қирап, өзінен-өзі күйреуге ұшырады. Осы сәтте жүректе жатқан тәуелсіздіктің ұшқыны демократияның самал желіне ұласып, Қазақстан бүкіл әлемге өзінің тәуелсіздігін жария етті.
Бұрынғы Қазақ ССР-і 70 жылдан артық темір құрсаулы Кеңес Одағының құрамында болғанында компартия жеке-дара билік жүргізді. Біз сол компартияның маңызы – социалистік, формасы – ұлттық деген идеологиясымен өмір сүрдік.
Бүгінгі біз еске алып, естелік жазып отырған кейіпкеріміз Баян Жанғалұлының есімі тек Ақмола, Көкшетау өңірлеріне ғана емес, бүкіл елімізге танымал. Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен талай қол алысып, Қазақстан Республикасының үлкен жиындарында биік мінбеден сөз сөйлеген, елімізге танымал саңлақ тұлға, Социалистік Еңбек Ері, халқына сыйлы, абыз ағамыз. Облыстың бірнеше аудандарына жетекшілік етіп, азаттықты аңсай жүріп, ел тәуелсіздігіне де адал қызмет етті.
Философ Сенека: «Адамның өмірі бесіктен көрге дейін оқу» деп айтқанындай, өмір – ұстаз. Біз осы өмірдің шәкіртіміз. Жас кезімізден тәрбиелеген ата-анамыз, оқытқан, еңбекке баулып, кәсіби мамандыққа үйреткен ұстаздарымыз өмір бойы естен кетпейді. Бүгінгі ел ағасы болып отырған Мұхит Қабдешұлы, дүниеден өткен аяулы замандастарымыз Баймұрат Азнабаев, Олжабай Нұрғалиев, тағы басқалары Баекеңнің тәрбиесін көріп-өскен шәкірттері.
Біз көрген Баекең отбасы үшін асқар таудай әке, ата, сол кездегі жастарға, қарамағындағы қызметкерлеріне ұстаз болды.
Зеренді еліне сіңірген адал қызметі, жасаған жақсылығы мен жарқын өмірі бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болатын. Ел ағасы Баян Жанғалұлы туралы естелік жазып, келер ұрпаққа жеткізу, ол кісімен қызметтес, үзеңгілес болған аға ұрпақтың абыройлы міндеті. Сабырлы ұстаздың біздерге берген салиқалы өмір сабағы көп болды. Мен Мәлік Ғабдуллин атындағы кеңшардың басшысы болып жүргенімде бірде кабинетке Баян Жанғалұлы қоңырау соқты. «Красноармеец ауданының бірінші хатшысы Л.Г.Коханныймен келемін. Шабындық жер сұрап келген екен. Қойсалғанның маңын бірге аралап көрейік. Уақыт жоқ. Қойсалғандағы Айтқожа ақсақалға сәлем беремін де кетемін, Қойсалғанға шыға бер» деді. Сол жылы Красноармеец ауданында қуаңшылық болып, шөп шабуға келмей жатқан еді. Мен Қойсалғанға, Айтқожа ақсақалдың үйіне келіп, амандық-саулықтан соң, «Баян Жанғалұлы шаруа жағдайымен келе жатыр, сізге кіріп сәлем беріп шықпақшы» деп асығыс екенін айттым. Ол кісі «Келіп айтқаның дұрыс болды» – деді дағы ауылдағы жастардың бірін тез шақыртып алып, «қойды соя бер» деп тапсырды. Ал, маған: «саспа, Баян асықса, жауабын өзім беремін» деді. Аз уақыттан соң машинасымен жанында Л.Г.Коханный бар, Баекең де келді. Әңгімелесіп, Қойсалғанның шүйгін шөбінде оттаған көк биенің қою қымызынан дәм татып отырып: «ал, рахмет, аман сау болыңыздар» деп тұра бергенде Айтқожа атай «әй, Баян отыр, асықпа. Сен маған ғана келген жоқсың, Мәліктің ауылына келдің. Мәліктің өзі жоқ болса да, мына біз тіріміз. Сенің әдейілеп келуге уақытың жоқ. Ал, бүгін сәті түсіп келген екенсің, мына жаныңдағы жолдасыңмен дәм татып кетпей, мен сені жібермеймін. Сен ауданның бірінші хатшысы болсаң, мен Мәліктің ауылының ақсақалымын» деп, қолындағы таяғымен еденді түртіп, сөзге нүкте қойды. Баекең Коханныйға қарап «аксакал аула не разрешает» деп жымиып күлді. Леонид Георгиевич те түсініп «ну что же, придется ждать решения аксакала» деп күлімсіреді. Ас дайын болғанша біз егінді, шабындық жерді аралап көріп келдік. Бұл аудан басшыларының бір-біріне деген көмегі ғана емес, Баян Жанғалұлының Л.Г.Коханныйға көрсеткен жолдастық, адамгершілік қасиетінің бір қыры еді. Мен үшін бұл кездесу ауылдың ақсақалын, елдің дәстүрін сыйлаудың жарқын көрінісіндей әсер қалдырды. Айтқожа атамыз ата дәстүр бойынша Мәлік ағаның атымен аталған совхозда, мейманның алдында ел ағасы Баекеңің де абыройын көтеріп тастады. Шіркін, ар-намысты жоғары қойған аталарымыз-ай! Иманды болсын. Міне, қазақтың «ұлық болсаң, кішік бол» демекші, ауданның басшысы болса да, ауыл ақсақалының сөзін жерге тастамай, дәмді аттамай, кісі сыйлауын қазіргі біздің жастарымыздың есте сақтағаны дұрыс. Ал, Айтқожа атамыздың «ағасы бардың жағасы бар» деп ағалығын іспен көрсетіп, Баян Жанғалұлының абыройын көтеріп, марқайтып тастауы тегіннен-тегін емес, ол қарапайым халықтын Баекеңе деген шын ниеті деп түсінемін. Өткенді естен шығармай, бүгінді де бағалап, жастарға үлгі боларлық сөз қалдырайық, ағайын.
Бір ауданда бірге қызметтес болған бүгінгі аға ұрпақтың өкілі, әріптесім Мұхит Қабдешұлына, Зеренді ауданының ардагерлеріне ел ағасы Баекең туралы кітап жазу ісін қолға алғандарына шын жүректен ризашылығымызды білдіріп, алғысымды айтамын. Өйткені, Баян Жанғалұлының өмірі болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге ретінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарихында жазылуы керек.
Баекең 1917 жылы Қазан революциясынан бұрын туып, үш саяси-экономикалық жүйе – феодалдық, социалистік қоғам және тәуелсіз Қазақстанда нарықтық-капиталистік жүйеде өмір сүрген жан.
Қазақтың бас тарихын, шежіресін жақсы білетін, әңгімелескенде өткенді еске алып, күлдіріп отыратын. Кеңес одағы құрылған кезде қазақтардың ішінде жоғары оқу орнын бітірген басшылар аз болғандықтан, облыстың басшылығына жаза білмесе де, ұйымдастырушылық қабілеті мол, ой-түйсігі озықтау Жамбай деген азаматты қызметке тағайындайды. Ондай басшыларды арнайы білімін жетілдіруге Мәскеуге оқуға жіберіп жатқан кез болса керек. Жамбай да оқығысы келіп, жібермеген соң басшыларға айтқаны ғой, «Когда мясо, молоко надо, Жамбай надо, когда учиться, Жамбай не надо» деп. Екінші бір әңгімесінде «Жамбай аудандарда шаруашылықтарды аралап жүрген кезде бір шаруашылықта егінді ащылы, сортаң жерге еккенін көрген соң шаруашылықтың басшысына: «Мына жерде егін түгілі шөп те өспейді, мына менің басымдай» деп бас киімін шешіп, өзінің тақыр басын көрсеткен екен» деп күлдіргені бар.
Бұл Баекеңнің дәнді дақылдарды еккенде алқапты таңдай білу үшін оқу да керек деп күлдіре отырып айтқан мысалы еді.
Баекеңнің біз көрген басқа басшылардан ерекшелігі, үлгілі әке, ата, жар болып қана қоймай, салмақты ой тастап, саралап сөйлеп, маңындағы қызметкерлерінің намысына тимей, кейбір кемшіліктерін бетіне баспай, жанама мысал мен қалжың ретінде жеткізетін, тең деңгейде сөйлесіп, керегінде талап қоя білетін, ұрыспай ақылмен санасына жеткізіп, орындауға нақты уақыт беретін.
Мен Баян Жанғалұлын 1976 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен Еңбекшілдер ауданының бас зоотехнигі болып істеп жүріп, Көкшетау мемлекеттік тәжірибе стансасына бас зоотехник болып ауысқаннан кейін осы Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин совхозында он жыл совхоз директоры болып істегеннен бері білемін.
Директор болып тағайындаларда обкомның бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлының қабылдауында болғанда ол кісінің маған айтқан жол сілтер тілегінде «…где бы ни работал, чтобы горячее сердце, холодная голова, чистые руки были, бірақ, қорықпай жұмыс істе» деген сөзі өмірлік ұстанымым болып қалды.
Мен 1977 жылы қарашаның 7-сі күні М.Ғабдуллин совхозына директор болып тағайындалдым. Әлі есімде, желтоқсан айында демалыс күні бір «Волга» автокөлігі келіп тоқтағанын контордың қырауланған терезесінен көрдім. Машинадан басына тымақ, үстіне қалың тон, аяғына пима киген бір адам түсті. Кабинетке келген соң таныдым, Баекең екен. Келем деп қоңырау шалған жоқ, ешкім ескертпеген. Амандасып, шаруашылықтың жағдайын сұрады. Ол кезде қысқы басты жұмыстар – қар тоқтату, тұқым тазалап, техниканы көктемгі егіске дайындау, малды қыстан шығынсыз шығару болатын. Контор салқын, ескі қазандық дұрыс жылытпайтын және қазандық пен конторға дейінгі жылу жүйесінің тозығы жеткен. Тұрбалар тесіліп, жердің астынан ыстық су шыққанда «дабылмен» тұрған солдаттардай мамандар қолдарына күректерін алып, жерді қазып, тұрбаның тесілген жерін іздеп әлек болатынбыз. Бұл мұраны маған қалдырған бұрынғы директор В. П. Осипенко болатын.
Баекең жағдайды біліп сөйлесті де, «Қарабұлақ» совхозына жүріп кетті. «Қыста арбаңды, жазда шанаңды дайында» дегендей, прорабқа тапсырыс бердім, жазда жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізетін мамандар іздестір деп. Кейін мамандар да табылып, шарт жасадық. Мен ол кезде сметаның не екенін білмейтінмін. Ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан басшыларымен сөйлесіп келіскеннен кейін сметаны жасап, керекті құжаттармен заңдастырып, жаз бойы жылу жүйесін, қазандықты күрделі жөндеуден өткізіп, жылу мәселесі түбегейлі шешілді. Бұрын да қазіргідей, шаруашылықта не істеліп жатқанын ауданның бірінші басшысына айтып отыруың керек. Баян Жанғалұлы ауданнан мамандарды жіберіп, жағдайды біліп, күрделі шаруаларды бақылауда ұстап отырды.
Келесі күрделі мәселенің бірі мал қоралары болды. Совхоздағы 22 мал қораның алтауы қабырғасы тастан, темір бетоннан, қалғандары бұрынғы колхоз кезінде ағаштан салынып, төбесі сабанмен жабылған, қабырғасынан дала көрініп, төбесінен су ағып тұратын ескі қоралар болды. Шамамен 3-4 жылдың ішінде бүкіл мал қоралары күрделі жөндеуден өткізіліп, фермалар қоршалып, малшылар дем алып отыратын қызыл бұрыштар, санитарлық бекеттер (санпропускниктер) салынып, бруцеллез бен туберкулез ауруларына байланысты кейбір мал қораларын сырып алып тастадық. Қос инфекциялы аурудан арылу үшін орталық бөлімшенің ауырған малдарын түгел етке тапсырып, сау мал сатып алуға тура келді. Бұл шаруаларды атқарғанда жан-жақтан құрылыс материалдарын, Сібірден ағаш, Красноярск қаласынан цемент іздеп, оларды дайындап, совхозға жеткізу мәселесін шештік. Ол кезде совхоздарға құрылыс материалдары мен техниканы облыс аудандарға, ал, аудандар совхоздарға фондымен беретін. Бір жылда алатынымыз шамамен бір вагон цемент, сонша ағаш болатын. Оның өзі жылдың басында емес, тоқсанға бөлініп берілетін. Және мал қораларын, тұрғын үйлерді жөндемек түгілі, бүркуге де келмейтін. Сондықтан, фондыны күтіп отырмай, Сібірге барып ағаш, Красноярскіге барып цемент алуға шарт жасап, сол кездегі тәртіп бойынша кейбір шектеулерді бұзуға тура келетін.
Совхоз директоры аудандық, облыстық ауыл шаруашылығы басшысының рұқсатынсыз мамандарды іссапарға жібере алмайтын. Міне, Еркін Нұржанұлының қорықпай жұмыс істе деп айтқан жол-сілтеу, тілек-талабын бұлжытпай орындағаным өзімнің абыройымды сақтап қалуға себеп болды. Сол кездегі бақылау органдары, ОБХСС тексергенде, бәрі дұрыс болып шықты. Өзім де, мамандар да таза екеніміз дәлелденді. Өйткені, аталған шаруаларды фондымен бөлінген материалдармен істей алмайтын едік. Осылайша материалдарды қайдан алатынымызды облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының бастықтары М.А.Чжен, Г.И.Степченко білетін, ауызша рұқсат берген. Сол себепті батыл кірістік.
Оның үстіне Қойсалған ауылының тағдырын шешу мәселесі туындады. Совхоздың аты Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталған соң совхоздың көрсеткіші де осы атқа сай болуы керек еді.
Мәкең туған Қойсалған ауылының тұрғындары орталыққа көшеміз деген мәселе көтере бастады. Батырдың ауылын жойып жіберсек, шаруашылық басшысы маған да,
аудан басшысы, соғыс ардагері Баян Жанғалұлына да абырой әкелмесі анық. Сондықтан, жағдайды Баекеңе барып айттым.
Баекең Қойсалғанға келіп, бір-екі ауыл ақсақалымен сөйлесіп, пікірлерін біліп еді, олар біз ата қонысымызды тастап кете алмаймыз деді. Артынан ауаткомның орынбасары Е.Кенжеғалиев келіп, жиналыс өткізгенде жастар жағы балаларды оқытуымыз керек, көшеміз десе, ақсақалдар көшпейміз деп пікір екі жаққа бөлінді.
Жағдайды Баян Жанғалұлына айтып, көшеміз дегендерін көшіріп, көшпейміз дегендерін зорлай алмаймыз, өздерінің қалағаны болсын деп қалдырдық. Бұл – жалғыз Қойсалған ауылында туындаған мәселе емес, бүгінгі күні де өткір тұрған ауылдардың болашағының мәселесі.
Мал қоралары жөнделіп, қос инфекциядан арылып, тұрғын үй мәселесі шешілгеннен кейін орталықтағы Пухальск бөлімшесінде білім беру, мәдени орталықтарын заманауи талапқа сай қылып, жаңа мектеп және 350 орындық спорт залын, мәдениет сарайын салдық.
Бұл істерді іске асыру үшін біріншіден жоғары жақтан рұқсат алып, қаржыландыру мәселесін шешіп, құрылыс материалдары мен құрылысшыларды табу әрине, совхоз басшысы менің міндетім болды. Ал, шаруашылықтың көрсеткішін көтеріп, совхоз еңбеккерлерінің мәдени-әлеуметтік жағдайын Батыр ағамыз Мәкеңнің атағына сай жоғары деңгейде ұстау совхоз басшысы және ұжымы үшін үлкен абыройлы міндет еді.
Совхоздың мәдениет сарайында республикамыздағы Құрманғазы халық аспаптар оркестрі және атақты әнші Нұрғали Нүсіпжанов, Қалмақ АССР-інің мемлекеттік би ансамблі концерт бергені сол концерттерді көріп, тыңдаған ұрпақтың әлі күнге есінде деп ойлаймын.
Міне, шаруашылық тұрғындары үшін атқарылған осындай ауқымды істер ауданның бірінші хатшысы Баян Жанғалұлының Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, ұлтымыздың даңқын Одақ деңгейіне көтерген Мәлік Ғабдуллинге және батыр атындағы шаруашылық еңбеккерлеріне көрсеткен құрметі еді. Жаңа совхоз директоры ретінде алғашқы көктемгі егістікке дайындалып, ылғал жабу жұмыстары жүріп жатқанда Баян Жанғалұлы Зерендіге баратын тура жолдағы егін алқабында күтсін деп айтты деп диспетчер рациядан хабарлады. Мен сол жерде күтіп алдым. Жанында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы Кентай Хасенов бар. Машинадан түсіп амандасқаннан кейін егін алқабындағы жердің ылғалдылығын, арамшөптің көктеуін көрейін деп, бір шаршы метр жерді өлшеткізіп, сызықпен тең қылып төртке бөлді де Баекең, Кентай, мен, біздің бас агроном Өмірбек Есентұров, әрқайсымыз өзімізге тиеселі бөлшектегі қара сұлының дәнін санай бастадық. Барлығымыздың санағанымыз бір шаршы метр-
де 1000 данадан асты. Баекең жарайды, жетеді деді. Енді тұқымды бұл алқаптағы қара сұлыны құртып барып себу керек. Ол үшін оны қылтия бастағанда, өсу нүктесінен төмен, қауызынан дискілі боранамен қиып тастау керек. Оны олай жою бір күнде мүмкін емес екендігін мамандар біледі. Біздің шаруашылықта менің алдымда директор болып істеген В.П.Осипенконың мамандығы агроном болатын. Лущильникпен өңдеген алқаптың ылғалы тез құрғап қалады деп бүкіл дискілі лущильникті металломға тапсырып жіберіпті. Соның салдарынан егін алқаптарын қарасұлы басып кеткен. Оны тек қана химиялық жолмен жоя аласың. Ол кезде авадекс деген химиялық препарат жаңа шығып жатқан. Қажетті мөлшерде ала алмайсың.
Жедел түрде сельхозтехникадан, басқа шаруашылықтардан дискілі лущильниктер жинастырып, мамандармен семинар өткізіп, ылғал жабу технологиясын түбегейлі өзгерттік және «авадекс» деген препаратқа өтінімімізді көбейтіп, овсюгтен таза, сапалы тұқыммен себетін болдық. Шаруашылық басшысы мұндайда іс жайын сол саладағы мамандардан кем білмеуі керек екенін байқадым. Міне, өмір бойы оқу деген осы. Өмір бәрін де үйретті, үйретіп те келеді.
Баян Жанғалұлының осы бір тәсілінен үлкен сабақ алып, бұдан былай шаруашылықтың мамандарымен ақылдасып, егін себер алдында алқаптың ылғалдылығын, арамшөптен тазалығын, агротехникалық ережелердің қатаң сақталуын тұрақты бақылауда ұстайтын болдық. Ол үшін егін себерде, орақ басталар алдында семинар-кеңес өткізіп, әр жылдың өзіне тән әдіс-тәсілдерін, технологиясын оқып, үйрену керек екеніне көзіміз жетті.
Егін орағы басталарда қай шаруашылық болмасын, астықты алудың тактикасы мен стратегиясын жоспарлайды. Бірде күзгі жиын-терім басталарда шаруашылыққа келіп, егінді аралап көріп жүргенде Баян Жанғалұлы бәкісімен бидайдың бес алты басын қиып алып, «мынаны апарып үйдегі терезенің алдына қойып, 5-6 күннен соң көріп отыр, сонда неше күнде дәннің піскенін, осы алқапты құлату не тура алу керектігін білесің» деді. Бұл да мен үшін сабырлы ұстаздың салиқалы өмір сабағының бірі болды.
Міне, бір өзі бір мектеп, өмір дариясында ықпай, алға өрлеп, 100 жастың жағасына жеткен алтынның сынығы, абыздың алымдысы Баян Жанғалов осындай аса ірілер санатынан еді. Оған осы мақалада өз басым екі-үш мысалмен оқырмандар көзін жеткізсем деген ұлы тұлғаның адамгершілік, қайраткерлік болмыс-бітімі де тура куәгерлікке жүре түскендей. Ылайым, жақсыларымызды ұмытпай, қадір-қасиетіне бойлай берейік.

Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар