Кенен ӘЗІРБАЕВ.
Сәбитпен сапар шектім Сарыарқаға,
Тамаша талай тарих бар Арқаға.
Айналып «Ит ішпестің Алакөлін»,
Атақты Қарағанды, Қарсақпайға.
Байқара, Жамбыл таудан көктей өтіп,
Поезда құстай ұшқан, кеңес шертіп.
Әне-міне дегенше келіп қаппыз,
Балқаштың теңіздерін тамаша етіп.
Ілезде өте шықтық Нұраменен,
Төбелер тобылғылы жыраменен.
Түлкі мен қоян қашса қандай қызық,
Алдырған алғыр тазы, қыранменен.
Атақты Ақмоланы көріп өттік,
Көз жетпес, шексіз дала желіп өттік.
Келеді Сәбит айтып ел мен жерді,
Біржан сал, Ақан серіні елестетіп.
Алыстан келдік аңсап Қызылжарға,
Бір кезде аңыз болған адамдарға.
Тарихи талай ескі ескерткіш бар,
Көрсетіп маған Сәбит, қалдым таңға.
Қаладан екі күнде зорға аттандық,
Сәбитті қонақ қылып көрген халық.
Ертеңмен Есілді өрлеп тоғайлармен,
Қақ жарып қара орманды, ішке бардық.
Тоғайдың колхоз, совхоз арасында,
Ауыл бар шорқын-шорқын анда-санда.
Айдаған егіндері арпа, бидай,
Қарағай, қайыңдардың панасында.
Ол жақтың тамаша екен аспаны да,
Тауы мен көрінбейді тастары да.
Қарыс қазы, қой құйрық астау-астау,
Турамай бүркітше асап, қарттары да.
Сапырған сары ожаумен сары қымыз,
Ысталған сары местен дәрі қымыз.
Қарасаң қалың тоғай толған жылқы,
Түн тұрмақ таба алмайсың қарап күндіз.
Маса жүр маза бермей күні-түні,
Июльде болады екен күні жылы.
Қарғалар қаңқылдайды, басқа құс жоқ,
Шықпайды бозторғай мен бұлбұл үні.
Біржан сал айтады екен, қайран керей,
Қонаққа сояды деп тайдан керей.
Шалдары қол толтырмай асатпайды,
«Құлдық» деп құтылмайсың оны жемей.
Мені де кейбіреулер біледі екен,
«Көкшолақ», «Бозторғайға» күледі екен.
Біреулер тірі десе, біреу жоқ деп,
Әртүрлі әңгіме айтып жүреді екен.
Алты күн аунап-қунап, күліп-ойнап,
Шақырған үйге барып, тойды тойлап,
Қызықпен қырға шығып бір ай жүрдік,
Көрсем деп Көкшетауды күнде ойлап.
Көкшенің қонақ боп елін көрдім,
Атақты талай үлкен көлін көрдім.
Іздесең емге бір тас табылмайды,
Ен дала, көк торғындай жерін көрдім.
Бар екен кәриясы Шәкір қары,
Кәрі-жас сөзін тыңдап отырғаны.
Маған да ән айтқызып керей халқы,
Несіне мақтанайын, топырлады.
Арқаның ойландырды егін-бағы,
Кеудемнен кеткендей бір көңіл дағы.
Поезға міндім келіп қуанышпен,
«Сарыарқа, қош-аман бол!» – дедім дағы.
1958 жыл.